“Қазақтелеком” 5G технологиясын іске қосқан ТМД-ғы алғашқы әрі жалғыз компания ма?

25 қаңтарда “Қазақтелеком” АО басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев президент Тоқаевпен кездесу барысында компания жайында баяндама жасап, 5G технологиясын атап өтті. Төрағаның айтуынша, “Қазақтелеком” ТМД кеңістігіндегі 5G технологиясын іске қосқан алғашқы және жалғыз компания. Аталған деректі Factcheck.kz тесеріп көрді.

Ескерту: Төрағаның мәлімдемесін екіге бөліп қарастырамыз.

Мәлімдеме: “Қазақтелеком” ТМД кеңістігіндегі 5G технологиясын іске қосқан жалғыз компания.

Қуанышбек Есекеев, “Қазақтелеком” АО басқарма төрағасы

Үкім: Жалған

Жаһандық мобильді байланыс провайдерлері қауымдастығының мәліметінше, ТМД елдері арасында Қазақстаннан бөлек, Өзбекстанның Uztelecom компаниясы және Тәжікстанның Zet-Mobile компаниялары 5G технологиясын іске қосқан. Ал қалған 7 мемлекет әзірге жоспарлап отыр.

Ресейге қатысты айтатын болсақ, алғашқы эксперимент 2019 жылы Мәскеуде басталған. Негізінен 2021-2024 жылдары іске қосылу керек болған 5G технологиясы Ресей-Украина соғысының салдарынан кейінге шегерілген. РФ цифрлы даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрі Максут Шадаевтың айтуынша, бұл технологияны ірі қалаларда іске қосу 2025-2026 жылдарға шегерілді. Қалған мемлекеттер туралы төмендегі видеодан көре аласыз.

Мәлімдеме: “Қазақтелеком” ТМД кеңістігіндегі 5G технологиясын алғаш болып іске қосты.

Қуанышбек Есекеев, “Қазақтелеком” АО басқарма төрағасы

Үкім: Шындық

ТМД елдері арасында “Қазақтелеком” компаниясы алғаш болып 2019 жылы қазанның соңында 5G коммерциялық желісін (Altel және Tele2 абонеттері үшін) Астана қаласында іске қосты. Бір айдан кейін “Қазақтелеком” және Kcell компаниясы Алматы қаласында 5G желісін Ritz Carlton қонақ үйінің аумағында іске қосты. Қазіргі таңда 5G станциялары Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан бөлек Қазақстанның 14 қаласында жұмыс істейді. Ал Өзбекстанда 2023 жылдың наурызынан бастап 5G технологиясы енгізілсе, Тәжікстанда 2021 жылы сынақтан өткізіп, қазіргі таңда Душанбеден бөлек екі қаласында қолжетімді және “МегаФон” компаниясы былтыр қарашада абонеттеріне Pre-5G технологиясын ресми түрде іске қосты.

Әлем бойынша АҚШ алғаш болып 2018 жылы қазанда 5G технологиясын іске қосты. Verizon компаниясы бір уақытта төрт аймаққа қолжетімді екенін хабарлады. Қазіргі таңда АҚШ 5G желісін іске қосқан қалалар саны бойынша алғашқы орында. Төменнен 10 мемлекеттің тізімін көре аласыздар.

Statistic: Number of cities in which 5G is available 2023 by country | Statista
Find more statistics at Statista

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz