Қазақстанда 400 мыңға жуық адам құмар ойындарына салынғаны рас па?

15 наурызда өткен құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы лудомания мәселесі туралы деректер келтірді. Президенттің айтуынша, 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Тоқаев айтқан осы және өзге де мәлімдемелерді Factcheck.kz тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

Ішкі істер министрлігінің дерегінше, Қазақстанда шамамен 350 мың адам құмар ойындарына салынған. Олардың әрбірінің орташа қарызы шамамен 10 млн теңге.

Мәлімдеме: Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындық

ҚР туризм және спорт министрлігінің дерегіне сәйкес 2024 жылы интернет-казино қызметінің белгілері бар 4 459 сайт бұғатталды.

Соның ішінде ресми казино сайттары саналатын 268 сайт бұғатталған. Ішкі Істер Министрлігінің біздің редакцияға берген жауабына сәйкес, кейінгі 3 жылда 608 интернет казино сайты құзіретті органға бұғатталуға жолданған.

Factcheck.kz