Қазақстан Роскосмос мүлкіне тыйым салды ма?

6 наурызда «Всё о космосе» журналы Қазақстан «Роскосмос» АҚ-ға қарасты «Жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін эксплуатациялау орталығының» [ЦЭНКИ] мүлкіне тыйым салғаны туралы хабарлама жариялады. Компанияға енді материалдық құндылықтары мен активтерін Қазақстаннан шығаруға тыйым салынды. Ертеңінде бірқатар баспасөз құралы (123424kz.news басылымына сілтеме жасап, бұл шешімге «Роскосмос» жаңа басшысы Юрий Борисов пен цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин арасындағы жеке келіспеушілік себеп болғанын хабарлады. 

Factcheck.kz редакциясы ашық дереккөздерге сүйеніп, шын мәнінде не болғанын анықтап көрді. 

Үкім: Шындық және дәлелденбеген

Шындығы неде: ЦЭНКИ мүлкіне расымен тыйым салынған. Сот шешіміне сәйкес, оған ресейлік тараптың келісімшарт міндеттемелерін орындамауы әсер етті, атап айтқанда — компания «Бәйтерек» жобасы құрылысы орнының қоршаған ортаға ықпал ету деңгейін бағаламаған. Енді «ЦЭНКИ» АҚ Қазақстанға 13 млрд астам теңге төлеуі керек. 

Несі дәлелденбеді: Мүлікке тыйым салуға шын мәнінде Юрий Борисовтың «теріс әрекеті» мен «дөрекі сөздері» әсер еткеніне дәлел жоқ.

Толығырақ

2020 жылғы 31 қаңтарда Бағдат Мусин мен «Роскосмостың» бұрынғы басшысы Дмитрий Рогозин Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы үкіметтерінің арасындағы 2004 жылғы 22 желтоқсандағы «Байқоңыр» космодромында «Бәйтерек» зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға қол қойған. Хаттамада тараптардың 2023 жылы «Бәйтерек» зымыран кешенінде орта санаттағы зымыран тасушыларды сынақтан өткізуді бастау міндеттемесі айтылған. Одан бөлек, құжатқа ресейлік тараптың 2036 жылға дейін «Союз-5» зымыран кешенін қамтамасыз ету міндеттемесі де қосылған. 

Кейін қазақстандық тарап «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) арбитраж сотына жүгінгені белгілі болды. Оған, ресми құжаттар бойынша, ресейлік компанияның келісімшарттағы қоршаған ортаға ықпал етуді бағалау процесін жүргізу міндеттемесін дұрыс орындамағаны себеп болған. 2022 жылғы 8 қарашада АХҚО бірінші инстанция соты шешім шығарып, ресейлік компанияны қазақстандық тарапқа 13 684 550 338,7 теңге төлеуді міндеттеді. Бұл сома «Бәйтерек» бірлескен Қазақстан-Ресей кәсіпорны» АҚ мен «Жерүсті ғарыш инфрақұрылымы объектілерін эксплауатациялау орталығы» АҚ арасында жасалған келісімшарттық міндеттемелер туралы келісімге сай белгіленген. Қазіргі таңда қарыздың төленгені туралы дерек жоқ, сондықтан ресейлік компанияның мүлкіне тыйым салынған. 

«Бәйтерек» зымыран кешені құрылысы 2022 жылдың аяғында басталуы керек болған, ал ұшыру сынақтары 2024 жылғы желтоқсанға жоспарланған. Бірақ техникалық құжаттамалар проблемасы үшін құрылысты бір жылға шегерген деп мәлімдеді Бағдат Мусин. 

Контекст

2004 жылы Ресей мен Қазақстан «Бәйтерек» зымыран-ғарыш кешенін салу туралы келісім жасады. О баста кешенде «Ангара» зымыран тасушыларды жіберілетіні болжанған. 2005 жылы тараптар үкіметтер арасында бірлескен келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, әр құрылтайшы бірлескен кәсіпорынның жарғылық капиталына 200 мың доллар көлемінде қаржы салуы керек болған. Сонымен қатар Қазақстан тарапы бірлескен кәсіпорынға 223 миллион долларға тең соманы 19 жылға, оның ішінде негізгі қарызды төлеу бойынша 5 жыл жеңілдік мерзіммен, сыйақыны төлеу бойынша 4 жылдық жеңілдік мерзіммен, жылына 0,5%-тік мөлшерлемемен беруі керек болды. «Бәйтерек» зымыран кешенінен ғарыш аппараттарын іске қосу кезінде жүзеге асыратын мемлекет қызметі Ресейге жүктелген.

2012 жылы тараптардың «Ангара» орнына ресейлік-украиналық «Зенит» зымыранын пайдалану мүмкіндігін қарастырып жатқаны белгілі болды. Байқоңырда «Зенит-М» зымырандарынан қалған қажетті инфрақұрылым болған. 2013 жылы «Зенит» зымыраны базасында кешен құру туралы шешім қабылданды. 2014 жылы Украинадағы саяси жағдайға байланысты екі талап та жобаның дамуын тоқтатып, ресейлік «Ангараны» қолдануға қайта оралды. 2015 жылы Қазақстан жобада «Зенитті» қолданудан толығымен бас тартты. 2016 жылы Ресей Қазақстанға «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін ресейлік жаңа «Феникс» зымыран тасушыға ауыстыруды ұсынды. Кейінірек «Феникс» атауы «Союз-5» деп өзгертілді. 2017 жылғы маусымда ресейлік-қазақстандық комиссия бұл шешімді мақұлдады. 

2018 жылы тараптар «Зенит» зымырандарына арналған инфрақұрылымның бәрін Қазақстан меншігіне беруге келісті. 2020 жылы Қазақстан Ресейден Байқоңыр космодромында «Зенит» зымырандарын жіберуге арналған инфрақұрылымды қабылдап, жаңа хаттама жасады. Оның 4-1 бабы бойынша, Қазақстан «Зенит-М» зымыран кешенінің ғарыш инфрақұрылымы объектілерін реконструкциялау және күтуді қаржыландырады. Ресейлік тарап орта санаттағы зымыран тасымалдаушыларды қаржыландырады және оған техникалық шарттар жасайды. 

2021 жылы тараптар келісімге қол қойды. Оған сәйкес олар «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешеніндегі ұшу сынақтарын 2023 жылы қамтамасыз етуі керек болған. Сонымен қатар тараптар бірлесіп «Бәйтерек» зымыран кешенінде «Союз-5» зымыран тасушыларды жылына кемінде екі рет жасауға келіскен. 

Factcheck.kz