Қазақстан-Қытай тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті ме?

Президент Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген ҚХР мемлекеттік кеңесі премьерінің орынасары Лю Гочжунды қабылдады. Кездесуде қазақ-қытай арасындағы сауда мәселесі мен стратегиялық серіктестіктің қазіргі жәй-күйін талқыланды. Талқы барысында Тоқаев өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымның 40 млрд долларға жеткенін айтып, рекордтық көрсеткіш екенін атап өтті. Factcheck.kz аталған деректі тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 40 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР президенті

Үкім: Дәлелденбеген

ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Тоқаев келтірген 2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналым 31,4 млрд АҚШ долларға жетті. Ал Қытайдың ресми дерегіне сүйенсек, бұл сома 41 млрд долларды құрады. Яғни екі дерек арасында 10 млрд доллар алшақтық байқалады. Президент Тоқаев Қытайдың ресми ақпаратына жүгініп, қазақстандық деректі ұмыт қалдырған сияқты. Екі елдің дерегі екі түрлі болғандықан біз “дәлелденбеген” деген үкім қоямыз.

Біз бұдан бұрынырақ та қазақ-қытай арасындағы тауар айналымның айырмашылығы туралы жазған болатынбыз. Жалпы 2015 жылдан бергі статистиканы қарасақ тауар айналымдағы айырмашылық – 61,1 млрд долларға жетті. Ең көп сәйкессіздік Тоқаев келтірген 2023 жылы болды (9,6 млрд доллар), ең азы 2015 жылы (3,7 млрд доллар) болған. Дегенмен екі ел арасындағы айырмашылыққа қарамастан былтырғы жыл расымен де қазақ-қытай саудасы үшін сәтті болған, екі елдің де ресми статистикасы бойынша да жоғарғы көрсеткішке ие.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz