Қазақстан – Қытай кеденіндегі статистикалық айырмашылықтың себебі не?

20 сәуірде өткен мәжілістің жалпы отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстан мен Қытай кедендігі сауда айналымының статисикалық мәліметтерінің алшақтығына Қытай Халық Республикасының кедендік заңнамаларындағы жеңілдік жүйесі және транзитті тіркеу кезіндегі өзгешеліктер себеп екенін айтты. Шынында бұл заңнамалар үлкен айрмашылықтардың себебі ме, тексеріп көрдік.

Тайм-код 34:52

Мәлімдеме: Қытайдың Америка Құрама Штаттарымен де сауда айналымы статистикасындағы айырмашылықтар 50-60 миллиард долларға дейін жетіп отырады. Еуропа мемлекеттерін  алсақ, Германиямен де сондай. Ол бойынша нақты деректер бар.

Ерұлан Жамаубаев, Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі

Үкім: Шындық

АҚШ пен Қытай, Германия мен Қытай сауда айналымының көрсеткіштерінде расымен айырмашылық бар. Алайда Қытай Халық Республикасы мен АҚШ статистикасында екі елдің көрсеткіші бірде көп, бірде аз болып алмасса, кейінгі бес жылда Германияның көрсеткіші Қытайдыкінен ылғи да көп болып отырған.

Мәлімдемеде нақты жылдар аталмағандықтан кейінгі 5 жылдағы деректерді салыстырайық: АҚШ пен Қытайдың ресми сайттарындағы мәліметтерге сәйкес, екі ел арасындағы сауда байланысындағы ең үлкен айырмашылық 2021 жылы болған — 98 миллиард АҚШ долларына жеткен. Халықаралық сауда статистикалық мәліметтерінің динамикасы бойынша, 2018 және 2019 жылдары Қытай сауда айналым көрсеткіштері көбірек болса, 2020-2022 жылдары дейін АҚШ статистикалық деректері көбірек.

2018-2022 жылдар аралығында Германия мен Қытай (1, 2, 3, 4, 5) сауда мәліметтерінде ең үлкен айырмашылық (86 миллиард АҚШ доллары) 2022 жылы байқалған. 5 жылдың сауда динамикасына сәйкес Германияның сауда айналым көрсеткіштері Қытай статистикалық мәліметтерінен ылғи да көбірек болған.

Мәлімдеме: Біріншіден, Қытайдың экспорттаушылары тауарды сыртқа шығарған кезде жеңілдіктер алады, әсіресе қосылған құн салығын қайтару кезінде. Сондықтан олар өздерінің  тауарларының сомасын артық мөлшерде көрсетеді, яғни бізге келіп жатқан тауарлары баға индикаторымен сәйкес келмейді.

Ерұлан Жамаубаев, Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі

Үкім: Шындыққа жақын

Қытай Халық Республикасының қосылған құн салығы туралы ережелеріне енгізілген соңғы өзгертулерге сай, экспорттық тауарлары үшін қосылған құн салығын қайтару мөлшерлемелері: 17%, 13%, 11%, 8%, 6% және 5%.

Заңнаманың III бөлімінде (“Бажсыз саясаттың күші бар экспорттық тауарлар мен еңбек қызметтерінің декларациясы”) көрсетілген негізгі 4 шарттың барлығы орындалған жағдайда ғана салықтан босату мен қосылған құн салығын қайтару жүзеге асады. Ол талаптарға сай тауар қосылған құн салығы мен тұтыну салығына жататын, кедендік декларацияланған, қаржылық тұрғыдан сатылымға шығарылған және экспортталған болуы тиіс, оның үстіне шетел валютасына алынған, шетел валютасын басқару бөлімі есептен шығарған тауарлар болуы керек. Егер Ұлттық экспорттық салықты қайтару жалған немесе алаяқтық жолмен жүзеге асса, Қытай Халық Республикасы салық жинауды басқару туралы заңының 66-бабына сәйкес салық органдары салық мөлшерін бес есеге артық өндіруге құқылы және қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Сонымен қатар елде 2018 жылдан бастап салықтық алаяқтықтың заңсыз және қылмыстық актілеріне қарсы арнайы күрес жүргізіліп жатыр. Акция басталғаннан 2022 жылдың наурызына дейін тіркелген экспорттық алаяқтық және заңсыз актілері бойынша 34,6 миллиард юань мемлекет қаржысына қайтарылған.

Мәлімдеме: Екіншіден, олар өздерінен сыртқа шыққан тауарларды транзит деп көрсетпей, экспорт деп көрсетеді.

Ерұлан Жамаубаев, Премьер-Министрінің орынбасары, Қаржы министрі

Үкім: Жалған

2022 жылдың 1 қарашасында күшіне енген Қытай Халық Республикасының кеден тарапынан транзиттік тауарларды қадағалау жөніндегі шаралар бойынша Бас кеден басқармасының № 260 бұйрығы, 19-бап негізінде Транзиттік тауарлар импорттық және экспорттық тауарлардың сауда статистикасына енгізілмейді, кеден жеке статистиканы жүргізуге тиіс деп көрсетілген. General administration of Customs of the People of China ресми мемлекеттік сайтында жарияланған статистикалық деректер тізімінде айлық транзиттік сауда бойынша мәліметтер ұсынылған.

Қазақстан мен Қытай саудасындағы айырмашылық

Қазақстан (1, 2, 3, 4, 5) мен Қытай (1, 2, 3, 4, 5) кеденіндегі статистикалық айрмашылықтар кейінгі 5 жылда 35,319 миллион АҚШ долларына жетті. Ең үлкен айырмашылық 8,194 миллион доллармен 2018 жылы болған. Кейінгі 5 жылдың халықаралық сауда көрсеткіштер динамикасында Қытай көрсеткіштері кемінде 5 млрд долларға көбірек болып отырған.

Ерұлан Жамаубаевтың Қытайдың экспорттаушылары жеңілдіктер жүйесінің Қазақстанмен сауда байланысына әсері жайлы мәлідемесіне қатысты экономист Мақсат Халықтың эксперттік пікірін білдік.

Менің ойымша статистикалық мәліметтердегі үлкен айырмашылықтардың болуы Қытайдағы саясаттың әсері емес, бұл қайта біздің Қазақстандағы кеденді құрудағы қателіктер. Бұл мәселе баяғыдан айқындалған. Қытай тарапынан бізге жіберілетін тауарлардың көлемі мен біздің есептегі тауарлардың көлемінің арасында жылына орташа есеппен 7 млрд доллардай айырмашылық шығады екен. Яғни Қытай тарапы осынша тауар жібердік деп көрсетеді, ал бізде 7 млрд долларға кем болып шығады. Демек кеденге алып келген кезде көптеген азаматтар көлеңкелі экономикаға басады. Нақты тауар ассортименттерін мүлдем басқа бағада көрсетеді, жасырады. Соның әсерінен осы жақта үлкен көлеңкелі экономика жүріп жатыр деп айтуға негіз бар. Нәтижесінде қаншама қаражат бюджетке түспейді. Бұдан Қазақстан тарапы қатты ұтылып жатыр деп айтуға негіз бар. Сондықтан осы жердегі процессті тауар айналымын, ақша айналымын барынша мөлдірлікке, цифрландыруға бет алу керек деп есептеймін.

Мақсат Халық, Экономист

Өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтерінің арасында миллиардтаған доллар айырмашылықтардың болуы Қазақстанның сыртқы саудасында шешімін таппай келе жатқан мәселердің бірі. Бұл жайлы президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңесте көтерген. Президенттің сол кездегі мәлімдемелеріне де фактчек жасадық. Материалды толығырақ мына сілтеме арқылы оқи аласыз.

Материалды дайындаған: Зерделі Бапай

[Қазақстан мен Қытай деректерінің әртүрлі болуына және деректер түсіндірлемелеріндегі айырмаларға байланысты материал кеш жарияланып отыр. – Ред.]

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz