16 қыркүйек күні өткен «Қазақстан – Германия» бизнес форумында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан барланған мұнай қорының көлемі жағынан Еуразия құрлығында екінші орында екінін айтып, елімізді әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізуші ірі елдердің санатына кіретінін мәлімдеді. Президент форумда рас сөйледі ме? Factcheck.kz тексеріп көрді.
Мәлімдеме: Мемлекет басшысы тағы бір перспективті бағыт ретінде энергетика саласына тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстан барланған мұнай қорының көлемі жағынан Еуразия құрлығында екінші орында
Аkorda.kz
Үкім: Жалған
Oil & Gas Journal журналының дерегіне сәйкес 2018 жылы Қазақстан Еуразия құрлығындағы барланған мұнай қорының көлемі бойынша екінші орында болған. Президент осы деректі меңзеген болуы керек. Алайда, мұнай шығарушы елдер ұйымының (ОПЕК) 2023 жылғы дерегі бойынша Еуразия құрлығында барланған мұнай қоры бойынша таяу шығыс елдері көш бастап тұр. БҰҰ-ның дерегіне сәйкес таяу шығыс елдері Еуразия құрлығына қарасты Азия континентіне тиесілі болғасын, жалған деген үкім қойдық.
Сауд Арабиясында 267 230 млн баррель, Иранда 208 600 млн баррель, Иракта 145 019 млн баррель барланған мұнай қоры бар. Таяу шығыстағы араб елдерін есептемесе, Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орынға жайғасқан. 2023 жылы Ресейде 80 000 млн, Қазақстанда 30 000 млн баррель мұнай қоры болған.
Мәлімдеме: Және әлемдік нарыққа энергия ресурстарын жеткізуші ірі елдердің санатына кіреді.
Аkorda.kz
Үкім: Шындыққа жақын
Президент өз сөзінде «энергия ресурстары» деп энергияны өндіретін пайдалы қазбаларды меңзеген болуы керек. Себебі, Қазақстан пайдалы қазбалар арқылы өндірілетін энергия ресурстарын жеткізуде әлемдегі рейтиңдерде алғашқы қатарлардан табылады. Мысалы, Wits.worldbank дерегіне сүйенсек Қазақстан уран экспорты бойынша 1-орынға, МЭЕҰ (ОПЕК) ақпаратына сәйкес мұнай экспорты бойынша 12-орынға, табиғи газ экспорты бойынша 30-орынға, Theglobaleconomy-дің мәліметінше көмір экспорты бойынша 7-орынға жайғасқан.
Алайда, энергия ресурстарын тек пайдалы қазбалармен ғана емес, өзге де жолдармен өндіруге болады. Мәселен, электр энергиясының экспорты бойынша Қазақстан 48-орында орналасқан.
Мәлімдеме: Қазақстан мұнайының 70 пайызы Еуропа Одағына жөнелтілетінін ескерсек, еліміз экспорт мүмкіндіктерін ұлғайтуға, осылайша жаһандағы энергия ресурстары тапшылығының азаюына ықпал етуге дайын.
Аkorda.kz
Үкім: Шындыққа жақын
2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экспорт жасаған 70 676 477 тонна мұнайдың, 66%-і, яғни 46 605 900 тоннасы ЕО елдеріне жеткізілген. 2024 жылдың кейінгі дерегі, яғни қаңтар-шілде айларында 41 944 012 тонна мұнай экспортталса, соның 32 233 034 тоннасы ЕО елдеріне тасымалданған. Бұл жалпы сатылған мұнайдың 77%-і болады.
Еліміздегі мұнайдың 0,27%-і немесе 113 930 тоннасы ТМД елдеріне, 2,9%-і, (1 215 521 тонна) АҚШ-қа және 2 480 483 тонна, яғни 6%-і Қытайға экспортталған. Ал жалпы экспорт құнының көлемі 25 669 799 000 доллар болады.
2023 жылы да, 2024 жылдың шілде айына дейінгі уақытта да, Қазақстан ең көп мұнай экспортын Италияға жасаған. 2023 жылы 24 млн тонна, 2024 жылы 17 млн тонна.
Мәлімдеме: Мысалы, немістің Svevind group компаниясы Қазақстанға 50 миллиард доллар инвестиция салып жатыр. Бұл жобаның мақсаты – «жасыл» сутегін өндіріп, оны Еуропа нарығына сату
Қасым-Жомарт Тоқаев
Үкім: Шындық
2023 жылдың 20 қарашасында ҚР үкіметінің Германияға барған іс сапарында немістің Svevind group компаниясымен шамамен 50 млрд долларға «жасыл» сутегі өндіру кешенінің құрылысын бастайтыны туралы айтылған. Астанада сутегі дипломатиясының неміс кеңсесі ашылғаны жөнінде де баяндалды.