Фактчек | «Jay-Z Тоқаев туралы рэп оқыды»

Наурыздың басында желі қолданушылары америкалық рэп орындаушы Jay-Z Тоқаевты мақтап рэп оқығаны туралы ақпарат тарады. Видеоны желі қолданушылары ғана емес, кейбір медиа да (1, 2, 3, 4, 5) жариялай бастады. Салдарынан ақпарат көрші елдердің сайттарына да (1, 2) тарады.

Дегенмен америкалық рэп орындаушылардың қазақстандықтарға деген ілтипаты мұнымен бітпеді. Тоқаев туралы рэп пайда болғаннан кейін бірнеше күннен соң желі қолданушылары Eminem-нің қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров туралы да әнін жариялады.

Оқырмандардың өтініші бойынша, Factcheck.kz расымен хип-хоп серілері қазақстандықтарға құрмет көрсетті ме, әлде бұл жай ғана дезинформация ма деген сұраққа жауап іздеді.

Үкім: Фейк

Jay-Z мен Eminem-нің реми арналарын тексеріп, олардың Тоқаев пен Тұраров туралы ешқандай трегі шықпағанын анықтадық. Видеодағы кадрлар орындаушылардың басқа клип пен концерттерінен алынған. Ал даусы мен сөзі жасанды интеллект арқылы жасалған.

Фейк музыкада Jay-Z-дің мына клипінен кадрлар қолданылған.

Фейк белгілері

Біріншіден, барлық жерде Jay-Z бар видеоның ұзақтығы бір минуттан аспайтынын, ал Eminem бар видео одан да қысқа екеніне назар аударғанымыз жөн. Егер желідегі кадрлар тым болмағанда ән шумақтары болса тректің толық нұсқасын таба алатын едік. Рэп орындаушылардың ресми арналарында танымал қазақстандықтар туралы туынды жоқ.

  • Бірақ мәселе ол ғана емес. Мәселен, Jay-Z бұл тректе сөздерді әдеттегіден баяу айтады. Яғни дыбысқа бірқатар манипуляция жасалған. Себебі дауысты келтіретін бағдарламалардың тегін не арзан нұсқалары әзірге оны қатесіз жасай алмайды, сол себепті тембр мен жылдамдықты реттеуге тура келеді.
  • Бұл жерде кейбір сөздердің айтылуына да назар аудару керек. Jay-Z мен Eminem ағылшынша сөйлетінін ескерсек, тректегі кейбір сөздер (адам аттары мен елдің атынан бөлек) анық емес айтылғаны немесе екпін дұрыс қойылмағаны (мәселен Jay-Z-де: government, prosperous, progress, innovative және басқалары) күдік тудырады. Бұл біз естіп отырған дауыстар бағдарламамен өңделгенін дәлелдей түседі.
  • Рэп орындаушының шығармашылығын жақсы білетін адамдар Eminem-нің Жанқош Тұраров туралы рэп оқығандағы даусы өзінің 2000 жылдары Superman әнін шығарған кездегі даусына ұқсайтынын байқады. Егер оны рэпердің қазіргі даусымен салыстырсақ айырмашылық болатынын да ескеру керек.

Соған қарамастан әзіл сәтті шығып, көпшілік Jay-Z деген атпен танылған Шон Кори Картер Тоқаев туралы, ал Eminem Тұраров туралы ән айтқанына сеніп қалды. Пікір білдірушілерге музыканттарға президентке пиар жасағаны үшін қанша төленгені қызық болып жатыр.

Жалпы мұндай тректерді жасау қиын емес. Ол үшін Картер мен Маршалл Мэтерске хабарласу міндетті емес. Интернет, жасанды интеллекттің тегін сервистері мен ролик жасауға арналған бағдарлама болса болғаны.

Мұндай видеоны қалай жасауға болады?

  • Тәжірибесі барлар трек сөздерін өзі жазса болады. Бірақ Chat GPT мен Bing AI көмегіне жүгінген жеңілірек. Нейрожелілерден қандай да бір адам туралы (мәселен, Тоқаев туралы) рэп жазуды сұрай аламыз. Кейіпкерді сипаттауға, мәтінде кездесуі керек сөздерді жазуға болады.
  • Әншінің даусын алу үшін Vocalremover қызметін пайдаланып, дауысты мәтін оқитын бағдарламаға жүктеуге болады. Біз танымал әртістердің (мәселен, Jay-Z) даусы жүктеліп қойған TopMediAi ресурсын пайдаландық. Бірақ басқа да танымал құралдар бар: Uberduck, IMyFone.
  • TopMediAi-ға Bing AI дайындап берген мәтінді енгіземіз де, Jay-Z-дің даусын пайдаланамыз.
  • Жазбаны CapCut бағдарламасына енгіземіз, қажет мелодияны таңдаймыз, видеоны өз талғамымызға қарай монтаждаймыз, клипке қажет кадрларды таңдаймыз. Jay-Z даусындағы қателерді түзетуге тырысамыз. Бірақ жоғарыдағы бағдарламалардың шектеулеріне байланысты бәрібір қате болады.

Сонымен, біздің нұсқамыздағы Jay-Z-дің Тоқаев пен фактчекиңге арналған мақтау өлеңімен таныстырайық. Музыкасы Jay-Z Blueprint2 әнінен алынды және бұл Эннио Морриконенің танымал The Ecstasy of Gold композициясының сэмплі. Видео кадрлары Jay-Z-дің 99 Problems әнінің клипінен алынды. Мәтін Bing AI арқылы жазылды.

Контекст

  • Сәуірдің басында желіде Savages-тің жаңа трегіндегі Jay-Z даусы жасанды интеллект арқылы жасалғаны, рэпер әнді жасауға қатыспағаны туралы ақпарат тарады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz