18 қыркүйекте өткен мәжіліс отырысында “Ауыл” партиясының депутаты Қарақат Әбден еліміздегі урбанизация мәселесін көтеріп, ауылдардың азайып бара жатқанын мәлімдеді. Мысалы былтырғы жылға қарағанда бір жылда 75 ауыл жойылып кеткен. Ал ірі облыстарда урбанизация 80%-тен асып жығылатынын атап өтті. Factcheck.kz осы орайда депутаттың деректерін тексеріп көрді.
Мәлімдеме: Ресми деректерге сүйенсек, елімізде урбанизация өсіп келеді. Кейбір облыстардағы, әсіресе Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы урбанизация деңгейі тым жоғары, 80 пайыздан астам.
Қарақат Әбден, мәжіліс депутаты
Үкім: Шындық
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде расымен де урбанизация, яғни ауылдан қалаға қоныс аударатын халық саны өсіп келеді. Бюро жүргізген санақ қорытындысы бойынша, 2009 жылдан бері қала тұрғындарының үлесі 5%-ке немесе 2,7 млн адамға көбейген. Ал урбанизация деңгейі ең жоғары аймақ қатарына Қарағанды мен Ақтөбе облыстары кіреді, онда халықтың 80-%-тен астамы қалада тұрады. Дегенмен кейбір өңірлерде қала статусын алған елді мекендер саны көп екенін айта кеткен жөн.
Мәлімдеме: Елордаға, Алматы мен Шымкентке көшіп барған халықтың саны да өте көп. Мысалы, былтырға қарағанда биыл еліміздің әр өңірінен 100 мыңға жуық адам көшіп келіп, Астана халқының саны тағы да артқан
Қарақат Әбден, мәжіліс депутаты
Үкім: Шындық
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Астана, Алматы және Шымкент сияқты мегаполистерге қоныс аударушылар саны артып келеді. Мысалы 2023 қаңтар-шілде айында Алматыға – 81 439 адам, Астанаға – 87 723 адам және Шымкентке – 38 604 адам көшсе, 2024 қаңтар-шілде айларында Алматыға – 123 075 адам, Астанаға – 145 773 адам және Шымкентке – 72 827 адам қоныс аударған.
Мәлімдеме: АҚШ, Канада және Аустралия мемлекеттердің өзінде урбанизация 70 пайыздың аржақ-бержағында
Қарақат Әбден, мәжіліс депутаты
Үкім: Шындыққа жақын
Дүниежүзілік банк дерегінше, урбанизация Аустралияда – 87%, АҚШ – 83% және Канадада – 82%-ке жеткен. Депутат “70 пайыздың аржақ-бержағында” деген деректі қайдан алғанын білмейміз, мысал келтірген 3 елі де 80%-тен жоғары.
Мәлімдеме: Еліміздегі ауылдар саны былтырға қарағанда 75 ауылға азайған.
Қарақат Әбден, мәжіліс депутаты
Үкім: Шындық
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы 1 шілдедегі ақпаратқа сай елімізде 6208 ауыл бар, ал 2023 жылдың 1 шілдесінде 6286 ауыл тіркелген, яғни тура бір жыл ішінде 78 ауыл жойылып кеткен. Кейінгі 10 жыл ішінде жалпы саны 468 ауыл статусынан айырылған.