Ауаның ластануынан жыл сайын қанша адам қаза табады?

24 мамырда өткен мәжілістің пленарлы отырысында депутат Динара Шүкіжанова ауаның ластануы жайында проблема көтеріп, деректер келтірді. “Жыл сайын ауаның ластануынан он мыңнан астам адам қайтыс болады” – дейді депутат. Ал бұл Қазақстан экономикасына 10,5 млрл доллар шығын келтіруде. Осы деректерді Factcheck.kz тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:10:38

Жыл сайын ауаның ластануынан он мыңнан астам адам қайтыс болады. Ал ауаның ластануы Қазақстан экономикасына 10,5 млрд доллар шығын келтіруде.

Динара Шүкіжанова, депутат

Үкім: Шындық

Дүниежүзілік банктің 2022 жылы жариялаған есебіне сай, жыл сайын Қазақстанда он мыңнан астам адам ауаның ластануынан қайтыс болады. Есеп бойынша, бұл Қазақстан экономикасына шамамен 10,5 млрд доллар шығын келтіруде.

Есеп жасалған 2020 жылы ауадағы бөлшектердің ластану (PM) салдарынан елімізде 9 360 адам қайтыс болған. Дүниежүзілік банк осындай зерттеулер арқылы ауаның ластануын назар аударатын проблема екенін көрсетіп, мемлекеттік деңгейде күресуге шақырады.

Қазақстан қоршаған ортаны қорғауға жыл сайын кем дегенде 200 млрд-тан астам қаржы жұмсайды. 2021 жылы бұл сома 416,9 млрд теңгеге жеткен. Төмендегі инфографикадан кейінгі 5 жылдаған қоршаған ортаны қорғауға жұмсалған шығын көлемін көре аласыздар.

Республиканың көптеген ірі қалаларында әртүрлі бағалаулар бойынша автокөліктің ауа бассейнінің ластануына қосқан үлесі шамамен 60% – ға жетеді.

Динара Шүкіжанова, депутат

Үкім: Шындыққа жақын

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бізге берген мәліметіне сай, Астана қаласында ауа ластаушы заттар шығарындыларының ішінде автокөлік үлесі 35,6%-ке жетсе, Алматыда 52%-і құраған. Дегенмен автокөліктің ауаның ластануына нақты әсері жайлы анықтау қиын, себебі бұл көрсеткіш қалаға кірген жанармай көлеміне қарай есептеледі. Сонымен қатар, әр қалада тіркелген автокөліктен бөлек күн сайын қаншама көлік кіріп-шығады.

2018 жылдан бастап әлемде электромобиль өндірісі 5 есеге артып, 10 млн данаға жетті.

Динара Шүкіжанова, депутат

Үкім: Шындық

Statista.com дерегінше, 2018 жылы әлемде 2.03 млн электромобиль (аккумуляторлы және гибридті) өндірілсе, 2022 жылы 10,24 млн-ға жеткен.

2022 жылы Қытайда 6 млнға жуық электромобиль сатылды. Бұл жаһандық ауқымның 59%-ін құрады.

Динара Шүкіжанова, депутат

Үкім: Шындық

World Econimic Forum-ның мәліметінше, 2022 жылы әлемде сатылған электромобильдің 59%-і немесе 6,1 млн Қытай нарығында сатылған. Сонымен қатар, Қытай әлемдегі ең ірі электр көлігін өндіруше ел, өндіріс әлемдік көлемнің 64%-ін құрайды.

Төменнен 2021 және 2022 жылдардағы электромобиль сатылымын көре аласыздар.

Ауаның ластануынан жыл сайын қанша адам қаза табады?

2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы электромобиль сатылымы 55% өскен. Дүниежүзілік экономикалық форумның болжауынша, 2030 жылға қарай элоктромобиль сатылымы 18 есе өседі.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz