Алжирлік боксшы Иман Халиф трансгендер адам ба?

Париждегі Олимпиада ойындарында алжирлік Иман Халиф боксшылар жекпе-жегінде италиялық Анджела Кариниді жеңді. 46 секундтан кейін бірнеше соққыдан соң Карини жекпе-жекті жалғастырудан бас тартып, жылап жіберді. Осыдан кейін БАҚ пен әлеуметтік желілерде Халиф шын мәнінде трансгендер әйел деген жаңалық тарап кетті (Лента, МК, АиФ, Mash, Ридус, Страна.ua, Новини, News.ru және т.б.) Алжирлік әйелдің биологиялық тұрғыда ер адам екенін Дональд Трамп, Илон Маск, Жуан Роулиң сияқты танымал тұлғалар да тікелей немесе жанама түрде жазды. Бұл хабарлама бүкіл әлемде, оның ішінде қазақстандық Олимпиада ойындары көрермендері арасында да наразылық толқынын тудырды. Боксшы әйелдің гендері туралы қауесеттер оның Париждегі рингке шығуына дейін де тараған, алайда дәл италиялық әйелмен жекпе-жектен кейін бұл тақырып интернетте резонанс тудырды.

Оқырмандардың өтініші бойынша Factcheck.kz редакциясы вирусқа айналған жаңалықты тексеріп көрді.

Үкім: Жалған

Иман Халифтің трансгендер адам екеніне ешқандай дәлел жоқ. Мұндай ақпарат 2023 жылы Нью-Делиде өткен әлем чемпионатында Халиф Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының (IBA) мәлімдемесі бойынша жарысқа қатысу критерийлер тестіне сай болмай, алтын медаль үшін болатын жекпе-жек алдында жарыстан шеттетілгеннен кейін тарала бастады. Кейіннен ұйым тест нәтижелерін жариялаудан бас тартты, ал оның президенті боксшы әйелдің биологиялық тұрғыда ер адам екені туралы мәлімдемесіне дәлел келтірмеді. Сондай-ақ, алжирлік әйелдің бұрын әртүрлі турнирлерге, оның ішінде Токиодағы Олимпиада ойындарына еш кедергісіз қатысқанын, кейбір жетістіктеріне қарамастан, жекпе-жектерде бірнеше рет жеңілгенін, әзірге әлем чемпионы немесе олимпиада чемпионы атанбағанын атап өту керек.

Жанама түрде бұл оқиғаның жалған екенін ресми діні ислам саналатын Алжирде жыныс ауыстыру заңсыз екені де дәлел бола алады. Осыны ескерсек, қазіргі үкіметтің трансгендер тұлғаны Олимпиада ойындарына елдің атынан жіберуі екіталай.

Халифтің трансгендер әйел екені туралы тұжырымды 2023 жылы араб тіліндегі Misbar фактчекинг ресурсы, ал 1 тамыздан бастап Washington Post, Time, NBC, Associated Press, Mexicana de Arte сияқты басылымдар жоққа шығарған. Халықаралық олимпиада комитеті де алжирлік боксшының әйел екенін мәлімдеді.

Тайуаньдық спортшы Линь Юйтиннің жағдайы да Халифке ұқсайтынын атап өту керек. Желідегі хабарламалар оның трансгендер адам екенін айтады, алайда бұл жалған ақпарат.

Толығырақ

2023 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласындағы әлем чемпионатында IBA Иман Халифті алтын медаль үшін жекпе-жегі алдында жарыстан шеттетті. 2023 жылдың 25 наурызындағы IBA Директорлар кеңесінің шешім қабылданған отырысы хаттамасында Халиф пен тағы бір Тайвань спортшысы Линь Юйтин «тәуелсіз зертхана жүргізген тесттен кейін жарысқа қатысу ережелеріне сәйкес келмейді» делінген.

Сол күні IBA президенті Умар Кремлев жеке Telegram-арнасында есімдерін атамай, «бірқатар ДНҚ-тест нәтижесінде әріптестерін алдауға тырысқан және өздерін әйел ретінде көрсеткен спортшылар анықталды» деп хабарлады. Ол генетикалық тесттер бойынша бұл спортшылардың XY хромосомалары бар екенін мәлімдеді.

Алжирдің баспасөз құралдарында жаңалық басқаша айтылды – Халифтің «медициналық себептер» бойынша, атап айтқанда тестостерон деңгейінің көп болғанына байланысты жарыстан шеттетілгені туралы алғаш рет сол жерде хабарланды. Кейіннен бұл мәлімдеме IBA-ға телінді. Алайда Париждегі Олимпиада ойындары аясында пікірталас қайта жандана бастағаннан кейін Қауымдастық мәлімдеме жасап, онда спортшы әйелдер тестостеронға талдау тапсырмағанын, оларға «бөлек және мойындалған тест жүргізілгенін, оның егжей-тегжейі құпия қалатынын» атап өтті.

«Бұл тест екі спортшының да қажетті жарысқа қатысу критерийлеріне сәйкес келмейтінін және басқа әйел бәсекелестерінен артықшылықтары бар екенін көрсетті», – деп қорытындылады IBA.

Бұл жерде XY хромосомалар туралы IBA мәлімдемелерінде кездеспейтінін және, шамасы, алғаш рет Кремлевтің айтқанын атап өту керек. Қауымдастық президенті бұған ешқандай дәлел келтірген жоқ. Ресми түрде IBA Иман Халифтің трансгендер адам екенін айтқан жоқ және алжирлік әйелдің жарыстан шеттетілу себептерін түсіндіргенде «гендерлік тест» деген сөз тіркесін қолданбады.

1 тамызда Иман Халиф пен Анджела Карини арасындағы жекпе-жектен кейін IBA өзінің Халиф пен Линь Юйтинді жарыстан шеттету туралы 2023 жылғы шешімін қолдайтынын мәлімдеп, Юйтин апелляция бермегенін, ал Халиф апелляция бергенімен, көп ұзамай өтінішін қайтарып алғанын еске салды. Осылайша, IBA пікірінше, спортшы әйелдер шешімнің заңды екенін растаған.

Тесттің мәні неде екенін Қауымдастық әлі де ашпай, оны тек «сенуге тұрарлық» деп атады.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 1 тамыздағы мәлімдемесінде IBA-ның Халиф пен Юйтинге қатысты шешімін ерікті деп атап, жарыстан шеттету тиісті құқықтық рәсімсіз жүргізілгенін айтты. Атап айтқанда, Қауымдастықтың Директорлар кеңесінің 2023 жылғы 25 наурыздағы отырысының хаттамасына сүйенсек, спортшы әйелдерді жарыстан шеттету туралы бас хатшы қабылдаған шешімді бекіткен Кеңес мүшелері осындай жағдайларда қолдану керек рәсімді белгілеуді және оны IBA регламентінде көрсетуді сұраған. Кеңес мүшелерінің бірі гендерлік тестілеудің нақты рәсімін белгілеу қажет екенін айтқан, содан кейін оған мұндай рәсімді әзірлеу медициналық комитетке тапсырылатыны уәде етілген.

Factcheck.kz сондай-ақ IBA бас хатшысы Джордж Еролимпостың хаттамада жазылған сөздері бойынша, 2022 жылы Ыстамбұлдағы әлем чемпионаты кезінде Халиф пен Юйтин осыған ұқсас тесттен өткенін, бірақ нәтижелер турнир аяқталғаннан кейін келгендіктен, қатысушылар жарыстан шеттетілмегеніне назар аударды. Ол жарыста Иман Халиф екінші орын алып, күміс медаль иеленген. Мұндай жағдайда Қауымдастықтың мәселені неліктен айтпағаны, екі спортшы әйелге 2023 жылдың наурызына дейін, соның ішінде Нью-Делидегі әлем чемпионатының барлық дерлік бөлігіне қатысуға рұқсат бергені белгісіз.

ХОК, Халиф пен Юйтиннің есімдерін атамай, оларды қолдап, екі спортшы әйел туралы хабарламаларды дәйексіз ақпарат деді. Комитет оларға қарсы қазіргі агрессия толығымен IBA-ның сол ерікті шешіміне негізделгенін атап өтіп, екеуінің де халықаралық бокс жарыстарына көп жылдан бері қатысып келе жатқанын еске салды.

ХОК-тің бас өкілі Марк Адамс The New York Times-қа берген түсініктемесінде Халиф пен Юйтиннің трансгендер адамдар емес екенін және әйелдер санатының барлық қатысушылары жарысқа қатысу ережелерін сақтайтынын хабарлады.

Контекст үшін IBA-ның қазіргі мәртебесі туралы айта кету маңызды. Халықаралық олимпиада комитеті 2019 жылы қаржылық және басқарушылық дағдарысқа байланысты AIBA-дан (Қауымдастықтың бұрынғы атауы) мойындауды уақытша кері қайтарып алды. Бұл,AIBA Токиодағы Олимпиада ойындарында бокс турнирін ұйымдастыруға жауапты болмайтынын білдірді. 2023 жылы ХОК IBA-ны бұл құқықтан толығымен айырып, Қауымдастықтың реформалар бөлігінде өзіне қойылған талаптарды орындамағанын мәлімдеді.

IBA бұл шешіммен келіспей, оны «орасан зор қате» деп атады. Ол Комитеттің «шынайы саясаттандырылған табиғатын» әшкерелейді деп, фашистік Германияның Кеңес Одағына шабуылымен параллель жүргізді (ХОК шешімі 2023 жылдың 22 маусымында қабылданды).

Тестостерон деңгейінің жоғары болуы және XY хромосомалары туралы мәлімдемелер кең таралғандықтан, көптеген басылым Халифтің жыныстық даму бұзылыстары бар деп айта бастады (бұл трансгендер болудан өзгеше) (мысалдар мына және мына жерде бар). Алайда, тестостерон мен хромосомалар туралы дәлелдер расталмағандықтан, алжирлік боксшы әйелде мұндай бұзылыс бар деп айтуға болмайды.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz