7.12 | iPhone 11-дегі ақау, белсенділер «‎Азаматтық балама»‎ платформасын құрды, АҚШ тәуелсіз бақылаушылардың шектелуіне алаңдайды

Apple компаниясы iPhone 11-де ақау бар екенін мойындады

Apple компаниясы iPhone 11 смартфондарының ақауы зауытта дайындау барысында болғанын мойындады. Бұл туралы компанияның техникалық қолдау сайты хабарлады.

Компания өкілдерінің айтуынша, кейбір смартфондарда сенсорлық экранның дұрыс жұмыс істеуіне кері әсер ететін қателермен әзірленген. Мамандар ақауы бар құрылғылардың 2019 жылдың қараша мен 2020 жылдың мамыр айы аралығында шығарылғанын анықтаған. Бұл қатенің салдарынан экранның сенсоры дұрыс жұмыс жасамауы ықтимал екені хабарланды.

Осы себептен, Apple ақауы бар құрылғыны жөндеу бағдарламасын жариялады. Ескеретін жайт, тек көрсетілген мерзімде әзірленген смартфондарға тегін қызмет көрсетіледі.

Бірнеше белсенді “әділетсіз сайлауға қарсы” бірігуге шақырды

7 желтоқсанда ХАҚ қозғалысының жетекшісі Тоғжан Қожалиева, белсенділер Димаш Әлжанов, Әлнұр Ильяшев, саясаттанушы Дастан Қадыржанов және құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов ортақ мәлімдеме таратып, сайлау қарсаңында “Азаматтық балама” атты платформа құрғанын мәлімдеді. Олар “әділетсіз сайлауға қарсы” халықты бірігуге шақырған. Бұл туралы “Азаттық радиосы” жазды.

Ортақ мәлімдемеде авторлар Қазақстанда бірде-бір рет әділ сайлау өтпегенін және қазіргі биліктің тәуелсіз партияларды тіркемей, билікті сынайтын саясаткерлер мен белсенділерді қудалап, “таңдау қалдырмай” жатқанын атап көрсеткен.

“Олар бізді, таңдау құқымыз бен мемлекетті басқаруға қатысу құқығымыздан толық айырды. Қолданыстағы Конституцияда “биліктің қайнар көзі – халық” делінгенмен дәл қазір халық биліктің шынайы көзі болудан қалды” делінген мәлімдемеде.

Мәлімдеме авторлары 10 қаңтар күні тұрғындарды сайлау учаскесіне барып, бюллетеньдегі “барлық партияларды сызып тастауға шақырған”. Олар тәуелсіз ұйымдармен бірігіп, сол сызылған дауыстарды санау жүйесін ұйымдастыратынын да айтып отыр.

АҚШ Қазақстандағы тәуелсіз бақылаушыларға енгізілген шектеулерге алаңдайтынын хабарлады

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі елде тәуелсіз бақылаушыларға енгізілген шектеулерге алаңдайтынын білдірді. Бұл туралы АҚШ елшілігінің туиттер парақшасында хабарланды.

АҚШ азаматтық қоғам мен тәуелсіз бақылаушыларға 10 қаңтарда өтетін сайлау бақылауын қиындататын шектеулерге байланысты алаңдайды. Сайлау барысына еш кедергісіз қол жеткізу ЕҚЫҰ міндеттемелерінің негізгі аспектісі.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі

4 желтоқсанда Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы жаңа қаулы қабылдап, сайлау барысында тәуелсіз бақылау мүмкіндігін едәуір қысқартты.

Атап айтқанда, сайлауға өз бақылаушыларын жарғыда көрсетілген үкіметтік емес ұйымдар ғана жібере алады. Учаскелерден онлайн-трансляцияға тыйым салынды, ал фото мен видеоға азаматтардың келісімімен ғана түсіруге рұқсат етіледі.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz