42500 теңге | Қауесетке сенбеңіз!

Материал жаңартылды: Оқырман сауалдарына байланысты жаңа деректер қосылды.

Президент жарлығымен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирус инфекциясын пандемия деп жариялауына байланысты елімізде 16 наурыздан 15 сәуірге дейін төтенше жағдай енгізілген болатын.

42500 теңге | Қауесетке сенбеңіз!

23 наурызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі комиссияның отырысын өткізді. Отырыс барысында елдегі төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айырылған Қазақстан азаматына мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы мөлшері — 42 500 теңге төлеуді тапсырып, мұндай көмекке кемінде 1,5 миллион адам ілінетін айтты.

Президенттің осы тапсырмасынан кейін ел арасында “бұл ақша кімге тиесілі”, “өтінішті қалай береді”, “мүлдем жұмыссыз отырғандар ала ма” деген сұрақтар туындады және Factcheck.kz сайтына ондаған оқырман хабарласып, ақ-қарасын анықтауымызды өтінді. Ендеше кеттік, көпшілікті алаңдатқан сұрақтардың жауабын бірге іздейік.

Мүгедектер 42 500 теңге алмайды

Үкім: Манипуляция

Себебі, бұл жағдайда аталған көмектің берілуі мүгедек жандардың төтенше жағдайға дейін төлеген бірыңғай жинақтық төлеміне байланысты.

Толығырақ министр Б. Нұрымбетов былай түсіндірді: “Мысалы, мүгедек жандар. Төтенше жағдайға дейін кәсіпкерлікпен айналысып, ЕСП төлеп жүрген кісілер бар. Олар 42 500 теңгені ала алады. Бірақ енді төтенше жағдайдан кейін енді тіршілікпен айналысайын деп, ЕСП төлеп, 42 500 теңгені алуға болмайды”. Яғни, олар бұрыннан мемлекет тарапынан тағайындалған арнайы жәрдемақыны алады.

Банк карточкасы, өзінің атында арнайы шоты болмаса ақша берілмейді

Үкім: Жалған

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов ҚР Президенті Орталық Коммуникациялар қызметінің онлайн брифингінде: «Егер сіздің ешқандай банкте есепшотыңыз жоқ болса, есепшот деген жерге ешнәрсе жазбай өтініш қалдырасыз. Егер біз сіз жәрдемақыға лайықтысыз деп тапсық, міндетті түрде 42500 теңгені тағайындаймыз. Сіздің есепшотты жасатқанша, біз бір айға дейін күте аламыз.

Сондай-ақ: «Бірнеше күн бұрын Қаржы нарығын реттеу жөніндегі агенттіктің екінші деңгейлі барлық банктерге осы 42 500 теңгеден азаматтардың: коммуналдық, кредит, салық және т. б. берешектерін ұстамау туралы тапсырмасы болды. Берешегі болған жағдайда да, ешқандай банктің ұстап қалуға құқығы жоқ», – деді министр.

Еш жерде жұмысқа тіркелмеген, тек күнделікті табыс табатын азаматтар бұл ақшадан үмітсіз

Үкім: Жалған

«Ол үшін сіз бірыңғай төлемді төлесеңіз болдыол қалалықтар үшін 2501 тенге, ауыл тұрындары үшін 1325 тенге. Бір рет төлем жасаған соң сіз келесі күні ай сайын 42500 теңге алу мүмкіндігіне ие боласыз. Бұл ресми емес жұмыс істегендердің барлығына қатысты. Осылайша, сіздің статусыңыз ресмилендіріледі», —  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Айта кететін жайт, бірыңғай төлемді төлегеннен кейін, екінші күні ресми портал арқылы өтініш бересіз.

 «Бейресми жұмыс істейтін, қандай да бір жұмыс жасап, отбасын күнделікті табыспен асырап жүрген, бірақ ЖК ретінде тіркелмеген, жеке еңбек шарттары жоқ, салық, әлеуметтік және зейнетақы аударымдары төленбеген жұмыс істеушілерге қатысты тоқталғым келеді. Төтенше жағдай кезеңінде ай сайын 42 500 теңге алу үшін мәртебеңізді рәсімдеуіңіз қажет, яғни, төлем алуға өтініш бергенге дейін кемінде бір рет бірыңғай жиынтық төлемін (БЖТ) төлеу қажет. Бейресми жұмыс істейтін адамдар үшін –  төтенше жағдай кезеңінде ай сайын 42 500 теңге алу үшін бір рет БЖТ төлеу жеткілікті. Бірақ бұл нақты бейресми жұмыс істегендерге қатысты»

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Декреттегі аналар табысынан айырылғандар қатарына кірмейді

Үкім: Манипуляция

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Нұрымбетов декреттегі аналарға байланысты келесідей жауапты айтты: «Бір жасқа дейінгі балалары бар аналарға бала күтімі үшін бала бір жасқа толғанша мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Бірақ, бүгінде бір жастан асқан баласы бар аналар хабарласуда. Бір жылдан асқаннан кейін олар жұмысқа шығар еді, бірақ төтенше жағдайға байланысты ешкімді жұмысқа алмайды. Сондықтан декретте отырған аналар бір жыл өткеннен кейін бірыңғай жиынтық төлемді төлеп, төлем алуға өтініш беруіне болады».

Бұл жерде манипуляция – декреттегі аналардың баламен қанша уақыт үйде отырғанына байланысты. Яғни, бала бір жасқа толғанға дейін мелекеттен арнайы жәрдемақы төленеді. Мұндай жағдайда 42 500 теңгені ала алмайды. Ал бала бір жастан асып, арнайы көмек тоқтағаннан кейін, министр айтқандай, БЖТ төлеп, өтініш береді.

Дәл қазіргі уақытта жұмыстары жүріп тұрған, ЖК арқылы өтініш беріп жатқан азаматтардың өтініші қабылданбайды

Үкім: Шындық

Бұл туралы министр Б. Нұрымбетов ҚР Президенті Орталық Коммуникациялар қызметінің онлайн брифингінде: «Жұмысы бар азаматтар, болашақта керек болып қалар деп ИП ашып қойған адамдар да бар екен. Ақыры беріп жатыр ғой деп, ИП арқылы өтініш беру дұрыс емес. Бізде барлығы ақпараттық жүйеде бар. Ондай өтініштер өтпейді».

42 500 бір рет беріледі

Үкім: Жалған

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов аталған көмектің бір рет ғана тағайындалып, ай сайын берілетінін айтты.

Соңғы дерек бойынша, 198 645 адамға ТЖ кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындалған.

7 сәуір сағат 11-дегі жағдай бойынша ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау үшін 1 млн. 285 мың 473 азаматтан барлығы 2 млн. 22 мың 135 өтініш түскен. Министр бір адамның бірнеше рет өтініш жібергенін айта отырып, бір адамнан қанша рет өтініш келсе де, бір рет тағайындалатынын ескертті.

42500 теңге | Қауесетке сенбеңіз!
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Әлеуметтік желіде мынандай аудио тарап жатыр: “Барлықтарыңызға ескерту! Бұл 42 мың теңгені алу үшін ауылдықтар 1325 теңге, қалалықтар 2651 теңге төледіңіздер. Осыдан кейін де төлеп жүретін боласыздар. Мысалы, 42000 теңгені бір рет алдым. Болды, енді, төлемеймін дегенге келмейді. Әрі қарай жалғастырып, төлеп отырасыздар. Егер төлемесеңіздер, осы алған 42000 теңгені мемлекетке кері қайтарасыздар. Яғни, ай сайын мемлекетке төлеп отыруыңыз керек”.

Үкім: Жалған

Министрі Біржан Нұрымбетов 13 сәуір күні өткен брифингте бірыңғай жинақтық төлемді бір рет ғана төлеу жеткілікті деп айтты. Сондай-ақ министр заң бойынша БЖТ айсайын төленуі керек екенін, бірақ еліміздегі төтенше жағдайға байланысты жағдайдың осылай ыңғайластырылғанын хабарлады.

Студенттер де 42500 теңге алады

Үкім: Манипуляция

Себебі, төлемді барлық студент алмайды. Бұл жерде ескеретін жайт, студенттер де кәмелет жасқа толған азамат ретінде төтенше жағдайға дейін белгілі бір жерде, ресми, бейресми жұмыс істеген болуы мүмкін. Мұндай жағдайда студенттер тағайындалған төлемді алады. Өйткені осы жағдайдың кесірінен жұмысынан айырылып отыр. Бұл шәкіртақыға кедергі келтірмейді. Ал егер ешқандай жерде жұмыс істемеген болсаңыз, өтінішіңіз қанағаттандырылмауы мүмкін.

Ескерту: Материалды ТЖ байланысты жаңартып отырамыз.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz