25.09 | Мәскеуде тағы да карантин, Charlie Hebdo’ға шабуыл, Ким кімнен кешірім сұрады?

КХДР басшысы Ким Чен Ын шекарада әскери қызметкерлері Оңтүстік Кореяның шенеунігін өлтіргені үшін кешірім сұрады. Бұл туралы Оңтүстік Кореяның президент канцеляриясы хабарлады.

Канцелярияның хабарлауынша, Ким Чен Ын Оңтүстік Кореяның президенті Мун Чжэ Инге бұлай болмауы керек екенін айтты.

25.09 | Мәскеуде тағы да карантин, Charlie Hebdo'ға шабуыл, Ким кімнен кешірім сұрады?
Reuters. Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын

Осыған дейін Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігі шенеунігін КХДР әскерлері өлтіргенін хабарлады. Бұл ақпаратты Кореяның барлау қызметі жеткізген. Сеулдің мәліметінше, балық шаруашылығы департаментінің қызметкері патрульдік қайықпен жүргенде іс-түссіз жоғалып, кейін Солтүстік Корея өзенінен табылды. Сонымен қатар, КХДР әскерлері оны атып, денесін өртеген.

BBC-дің жазуынша, коронавирус пандемиясы басталғалы КХДР шекарада қауіпсіздік қызметін арттырып, COVID-19-ды елге әкелмес үшін адамдарды ату саясатын ұстанып отыр.

Оңтүстік Корея бұл жағдайға байланысты не дейді?

21 қыркүйекте балық шаруашылығы департаментінің қызметкері КХДР шекарасынан 10 шақырым жерде патрульдік қайықта болған. Бірақ кенеттен із-түссіз жоғалды. Қайықта оның аяқ киімі қалған соң Оңтүстік Корея тарапы оған қауіп төнгенін мәлімдеді. Келесі күні шенеунікті КХДР патрульі ұстап, өлтіру туралы бұйрық келгенге дейін тергеген. Сонымен қатар, шенеунікті атып, денесін өртеген. Оңтүстік Кореяның қорғаныс министрлігі “коронавирусқа қарсы шаралар аясында өлтірілуі мүмкін екенін” де айтты.

25.09 | Мәскеуде тағы да карантин, Charlie Hebdo'ға шабуыл, Ким кімнен кешірім сұрады?
Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин. Сурет: AFP

Қайтыс болған шенеуніктің артында 2 қызы қалды. Ол 47 жаста болған. Оңтүстік Корея тарапы бұл жағдайды қатігездікке теңеп, Солтүстік Кореядан кінәлі адамға жаза қолдануды талап етті.

Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметінің директоры Су Нунның айтуынша, КХДР басшысы хат жіберу арқылы кешірім сұраған. Ким Чен Ын бұл жағдай үшін өкінетінін және Оңтүстік Корея президентінің көңілін қалдырғанын жазды. Сонымен қатар, хатта шенеунікке қарсы 10 рет оқ атылғаны және денесін өртемегені де айтылған.

Екі ел арасындағы жанжал қалай басталды?

Екі ел арасындағы жанжал 1950 жылы 25 маусымда басталды. Сол кезде Оңтүстік Кореяның жақтастары АҚШ және Біріккен ұлттар ұйымының 15 мүшесі болды. Ал Солтүстік Кореяны Қытай және КСРО қолдады. Екі ел арасындағы соғыс 1953 жылдың 27 шілдесіне дейін жалғасып, кейін оқ атуды тоқтату бойынша келісімге келді.

2000 жылы маусым айында тарихта бірінші рет Солтүстік және Оңтүстік Кореяның саммиті өтті. 13-15 маусым аралығында Оңтүстік Корея президенті Ким Дэ Джун Солтүстік Корея астанасы Пхеньянға келді. Екі ел басшысы қырғи-қабақ соғысты тоқтату бойынша декларацияға қол қойды. Бұл қарым-қатынастың жаңа деңгейіне шығуына жасалған алғашқы қадам еді.

25.09 | Мәскеуде тағы да карантин, Charlie Hebdo'ға шабуыл, Ким кімнен кешірім сұрады?
Сол жақта Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын және оң жақта Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин. Фото: Korea Summit Press Pool/Pool via Reuters / Көрнекі сурет

Оңтүстік Корея мен КХДР қарым-қатынасы 2013 жылдың көктемінде күрт нашарлады. Оған АҚШ пен Оңтүстік Кореяның әскери жаттығуларын бірге өткізуі себеп болды. Содан кейін Пхеньян тарапы Оңтүстік Кореямен жасалған келісімдерден бас тартатынын және ядролық қарумен шабуылдауы мүмкін екенін ескертті.

Оңтүстік Кореяда президент Мун Чжэ Ин билікке келгеннен кейін екі ел арасындағы байланыс жақсарып, 2018 жылы республика басшыларының үш саммиті өтті. Сарапшылардың айтуынша, екі ел арасындағы жағдай әлі толықтай жақсарған жоқ.

Мәскеуде тағы да карантин

Мәскеуде коронавирус жұқтырған адам саны бір күнде 1,5 мыңнан асқан тұста 5 мыңнан астам компания қызметкеріне үйден жұмыс жасауға хабарлама жіберіледі. Сонымен қатар, Ресей астанасында қарт кісілерге карантинге байланысты шектеу қойылады. Бұл туралы BBC және Kommersant басылымы хабарлады.

Ресейдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 5 мыңнан астам компания қызметкеріне үйден жұмыс жасауға хабарлама жіберілетіні туралы Мәскеу мэрі Сергей Собянин да айтты. Мэрдің баспасөз хатшысы Борис Булай адамдардың байланысына шектеу қою үшін осындай шешім қабылданғанын жеткізді.

Бұған қоса Мәскеу билігі коронавирусқа бейім келетін адамдарға карантин шектеулерін ензігеді.

25.09 | Мәскеуде тағы да карантин, Charlie Hebdo'ға шабуыл, Ким кімнен кешірім сұрады?
Мәскеу мэрі Сергей Собянин

Кейінгі айларда коронавирус жайлы бірәз нәрсені білдік. Дәрігерлердің айтуынша, тұмау мен коронавирус біріккен жағдайда адамды ауыр халге жеткізіп, қауіптілігі артады. Әсіресе бұл жағдай Мәскеудегі қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдарға байланысты.

Сергей Собянин

28 қыркүйектен бастап қандай шектеулер енгізіледі?

  • 65-тен асқан мәскеулік және созылмалы аурумен ауыратын адамдар үйлерінен маңызды жағдай болмаса шықпайды;
  • 65-тен асқан жұмыс істейтін зейнеткер мен созылмалы ауруы бар адамдарға қашықтан жұмыс жасауға немесе демалыс алуға ұсынылады;
  • Кәсіпорын басшыларына қызметкерлерді мүмкіндігінше қашықтан жұмыс жасауына бұйыруға және офистерде қауіпсіздік шараларының қатаң сақталуын қамтамасыз ету ұсынылады.

Сонымен қатар, қоғамдық көлікте, дүкенде және басқа да қоғамдық орында маска мен қолғап кию қатаң сақталуы тиіс.

Барлығымыз көктемдегідей карантиннің қатаң шараларына оралғымыз келмейді. Бұл жағдайдың қайталанбайтына үміттенемін.

Сергей Собянин

Мәскеуде шамамен 280 мың адамнан коронавирус анықталды. Ал 240 мыңнан астамы жазылды. Қайтыс болғандардың жалпы саны  — 5129.

Ресейде жалпы 1,1 млн адамнан коронавирус анықталып, 929 мыңы сауықты. 20 мыңға жуығы вирустан қайтыс болды.

Әлем бойынша, 25 қыркүйекте 32 млнға жуық коронавирус жұқтырғандар анықталды. Ресей вирус жұқтыру бойынша әлемде төртінші орында.

  • АҚШ  — 7 185 915
  • Үндістан  — 5 823 060
  • Бразилия  — 4 659 909
  • Ресей  — 1 136 048
  • Колумбия  — 790 823

Қыркүйекте Еуропада коронавирус қайта қарқын алды. Бұған дейін Австрия канцлері Себастьян Курц, Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа, Чехия үкіметінің ғылым және зерттеулер жөніндегі ресми өкілі Роман Примула да өз елдерінде коронавирустың екінші толқыны басталғанын хабарлады.

Сондай-ақ, Бельгия, Босния және Герцеговина, Хорватия, Грекия, Нидерланд, Сербия, Словакия, Словения, Испания, Израиль елдерінде коронавирустың екінші толқыны басталғаны хабарланды.

Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш коронавирус эпидемиясы бақылаудан шыққанын айтты. ДДСҰ-ның басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирус жұқтырғандардың 14% денсаулық сақтау саласынан екенін айтып, “медицина қызметкерлерінінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі қажет” деп мәлімдеді.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, елде коронавирустың екінші толқыны қараша-желтоқсан айларында болуы мүмкін.

Париждегі шабуыл

Париждегі Charlie Hebdo журналының кеңсесіне пышақпен шабуыл жасалып, төрт адам жарақаттанды. Екі адамның жағдайы ауыр. Бұл туралы Франция премьер-министрі Жан Кастекс хабарлады.

Reuters агенттігінің мәліметінше, оқиға орнынан “мачете” және тағы бір пышақ табылды. Associated Press дерегінше, ғимаратты полиция қоршап тұр.

25.09 | Мәскеуде тағы да карантин, Charlie Hebdo'ға шабуыл, Ким кімнен кешірім сұрады?
Полиция шабуылдаған адамдарды іздеп жатыр.

France24 басылымының жазуынша, полиция күдіктінің біреуін ұстаған.

Бұл редакцияға жасалған алғашқы шабуыл емес. 2015 жылы қаңтарда екі ағайынды азамат Париждегі Charlie Hebdo кеңсесіне шабуыл жасап, 12 адамды өлтірді. Олар пайғамбар Мұхаммед туралы жарияланған карикатура үшін кек алған. 2015 жылы редакцияның тілшілері сот процесі басталған сәттен бастап қысым көбейгенін айтқан еді.

Биыл қыркүйек айында Charlie Hebdo басылымы тағы да мұсылмандарға байланысты карикатура жариялаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz