18.09 | Реакция: Тихановская, Беларусьтің шекараны жабуы, коронавирус

Беларусь президенті Александр Лукашенко Литва және Польшамен шекараны жабатынын мәлімдеді. Бұл туралы Беларусьтің қазіргі президенті Минск-Аренада өткен әйелдер форумында айтты. Ал Беларусь оппозиционері және ресми сайлаудың нәтижесіне дейін президенттікке үміткер болған Светлана Тихоновская Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) адам құқықтары жөніндегі жиналысына қатысты. Ол БҰҰ-дан Беларусьтегі адам құқығын бұзу фактілерін есептеу үшін арнайы тексеру тобын жіберуді сұрады.

«Біз көшелерден әскерді әкетіп, армияның жартысын дайындап, ең алдымен батыс жақтан Литва және Польшамен мемлекеттік шекараны жабамыз. Өкінішке қарай, бауырлас Украинамен мемлекеттік шекараны жабуға мәжбүрміз», – деді Лукашенко.

Видео Tut.by порталының ресми ютуб арнасынан алынды.

Финляндия, Исландия, Норвегия, Швеция және Дания сыртқы істер министрлері Беларусь халқына қолдау білдірді. Олар Беларусь билігін халқына қысым көрсетуді тоқтатуға шақырды. Министрлер ресми Минскіден заңсыз ұсталғандардың барлығын босатуды және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен келісімге келуді ұсынды.

Литва сыртқы істер министрі Линас Линкявичюстың айтуынша, Беларуське ешқандай қауіп жоқ болса да, Лукашенко шекараны жабу арқылы сырттан қауіптің бар екенін көрсеткісі келеді.

“Беларусь билігімен диалог жүргізуге дайынбыз”

Тихановская Беларусь билігімен диалог жүргізіп, дағдарысты бейбіт жолмен шешуге дайын екенін мәлімдеді. Беларусь оппозиционері БҰҰ-дан Беларусьтегі адам құқығының бұзу фактілерін анықтау үшін арнайы тексеру тобын жіберуді сұрады. Тихановская Беларусьтегі жағдай бойынша халықаралық қауымдастық араласу қажет деді.

Біз бейбіт тұрғындарға қарсы зорлық-зомбылықты тоқтатуды, сонымен бірге, барлық саяси тұтқындарды тез арада босатуды талап етеміз. Біздің талабымыз халықаралық стандартқа сай екенін айтқым келеді.

Светлана Тихановская

Естереңізге сала кетейік, Еуроодақтың халықаралық істер жөніндегі жоғары өкілі Хосеп Боррель Еуропарламентте “Беларусьте 9 тамызда өткен сайлау нәтижесі бұрмаланған” деп мәлімдеді. Сонымен қатар, Беларусь оппозиционері Светлана Тихоновская Александр Лукашенконың биліктен кетуі уақыт еншісінде екенін айтты.

Светлана Тихановская мен Беларусь оппозициясының жақтастары “Александр Лукашенконы сайлау нәтижесін бұрмалады” деп айыптады. Орталық сайлау комитеті Лукашенконы 80 пайыз дауыс жинаған жеңімпаз деп жариялады. Беларусь президентінің билік басында отырғанына 26 жыл болды. Беларусь халқы бір айдан астам уақыт Александр Лукашенкоға қарсы жаппай митингке шығып жатыр.

Әлемде коронавирусты жұқтырғандар 30 миллионнан асты

COVID-19-ды бүкіл әлемде жұқтырған адам саны 30 миллионнан асты. Worldometer порталының хабарлауынша, 18 қыркүйекте коронавирус жұқтырғандар 30 373 761 адамға жетті. Ал 950 965 адам вирустан қайтыс болған.

АҚШ-та 7 миллионға жуығы коронавирус жұқтырып, шамамен 200 мың адам вирустан қайтыс болды. Бұл әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Екінші орында — Үндістан. Бұл елде 5 миллионнан астамы вирус жұқтырып, шамамен 85,5 мың адам қайтыс болды. Үшінші орында — Бразилия. Вирус жұқтырғандар 4,5 миллионға жетіп, 135 мыңнан астамы дүниеден өтті.


Жалпы кейінгі аптада Еуропада коронавирус жылдам тарап жатыр. Осыған дейін, Австрия канцлері Себастьян Курц, Турцияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа, Чехия үкіметінің ғылым және зерттеулер жөніндегі ресми өкілі Роман Примула да коронавирустың екінші толқыны өз елдерінде басталғанын хабарлады.

Бұған дейін, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш коронавирус эпидемиясы бақылаудан шыққанын айтты. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемді келесі пандемияға дайын болуға шақырды. Ұйымның мәліметінше, келесі пандемияға қазірден бастап дайындалуымыз керек. COVID-19 көптеген ескертулерге қарамастан әлемнің мұндай жағдайға дайын еместігін көрсетті.

ДДСҰ-ның басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирус жұқтырғандардың 14% денсаулық сақтау саласынан екенін айтып, “медицина қызметкерлерінінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі қажет” деп мәлімдеді.

Обьективтілікті сақтау үшін Factcheck.kz редакциясы жарнамадан бас тартып, мемлекеттен, ірі компаниялар мен саяси топтардан алшақ болу принципін ұстанып, тәуелсіздігін сақтап келеді. Қазір Factcheck.kz сіздердің қолдауларыңызға мұқтаж. Оқырмандарымыздың біздің шотқа аударған қаржысы – фактчекер-журналистер, аудармашылар мен ұжымның басқа мүшелеріне еңбекақы, қаламақы төлеу үшін қажет. Олар ары қарай да тоқтамай еңбек етіп, шындықты, жалған мен манипуляциядан ажырата бермек. Біз сенімді дереккөзден тексерілген тәуелсіз ақпарат алуға әркімнің құқы бар екеніне сенеміз.


Өтінеміз, кез келген сомманы таңдаңыз…



немесе өзіңіздің біздің есепке аударғыңыз келген соманы жазыңыз

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетінде журналистика мамандығы бойынша оқиды. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.