21.09 | Гейтс, Тихановская һәм Навальный

Беларусь оппозиционері және ресми сайлаудың нәтижесіне дейін президенттікке үміткер болған Светлана Тихановская Еуроодаққа мүше елдердің Сыртқы істер министрлеріне (СІМ) Беларусьтегі ахуалды баяндады. Бұл туралы Еуроодақтың халықаралық істер жөніндегі жоғары өкілі Хосеп Боррель Брюссельдегі кездесуде мәлімдеді.

21.09 | Гейтс, Тихановская һәм Навальный
© AP Photo/Francisco Seco. Хосеп Боррель

«Біз Беларусь халқының батылдығы мен табандылығына, әсіресе, көшбасшылық қасиетімен ерекшеленген әйелдерге таңғалдық. Сонымен бірге, Беларусь халқының әділ сайлауға қатысуын және инклюзивті ұлттық диалогты қолдайтынымызды атап өткім келеді. Брюссель Лукашенконы заңды түрде сайланған Беларусь президенті деп мойындамайды.

Хосеп Боррель

Брюссельде өткен жиналыста Германияның СІМ басшысы Хайко Мас Лукашенконы санкция тізіміне қосуды ұсынды. Ол кейінгі аптада Беларусьтегі жағдайдың жақсармағанын алға тартып, Лукашенконың митингке шыққандарға қарсы жасаған зорлық-зомбылығына мүлдем жол берілмеуі керектігін айтты.

Финляндия, Исландия, Норвегия, Швеция және Дания Сыртқы істер министрлері Беларусь халқына қолдау білдірді. Олар Беларусь билігін халқына қысым көрсетуді тоқтатуға шақырды. Министрлер ресми Минскіден заңсыз ұсталғандардың барлығын босатуды және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен келісімге келуді ұсынды.

Ал Польша, Литва және Румыния президенттері Еуроодаққа Беларусь халқын визасыз режим ұсынды.

Светлана Тихановская мен Беларусь оппозициясының жақтастары “Александр Лукашенконы сайлау нәтижесін бұрмалады” деп айыптады. Орталық сайлау комитеті Лукашенконы 80 пайыз дауыс жинаған жеңімпаз деп жариялады. Беларусь президентінің билік басында отырғанына 26 жыл болды. Беларусь халқы бір айдан астам уақыт Александр Лукашенкоға қарсы жаппай митингке шығып жатыр.

Гейтстің болжамы

Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс коронавирус пандемиясының қанша уақытқа созылуы мүмкін екенін болжады. Миллиардер Fox News арнасына берген сұхбатында пандемияның бір жылдан астам уақытқа созылатынын айтты.

Барлық жағдай жақсарғанның өзінде індет 2022 жылы аяқталуы мүмкін. Бірақ 2021 жыл ішінде жаһандық стратегия құрып статистиканы (аурур жұқтырғандар – ред.) азайтуымыз керек”

Билл Гейтс

Билл Гейтстің қайырымдылық қоры, осыған дейін, вирусқа қарсы күресу үшін 650 млн доллар берді. Бұл — тәуелсіз ұйымдардың арасында берілген ең көп сома. Қайырымдылық қордан бөлінген ақша вакцина дайын болған уақытта кедей елдерде антивирус өндіруге жұмсалады.

Навальный киімін қайтаруды сұрады

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный “Новичок” тобына жататын улы заттың іздері денесінде табылғанын ескертіп, Омбыдағы ауруханаға түскен кездегі киімін қайтаруды талап етті. Оны нақты дәлел ретінде пайдалану үшін сұрағанын айтты. Бұл туралы Interfax басылымы хабарлады.

Мені алаңдататын тек бір жайт бар. Ол — 20 тамызда уланған күні киген киімім. 30 күндік “тергеуге дейінгі тексеру” маңызды айғақты жасыру үшін пайдаланылды.

Тергеуге дейінгі заңмен бекітілген 30 күндік тексерудің мерзімі аяқталды. Мен киімімді пакетке мұқият салып, маған қайтаруды талап етемін.

Навальныйдың ресми сайтынан алынды

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный 20 тамызда Томск қаласынан Мәскеуге бағыт алған ұшақта жағдайы күрт нашарлап, ұшқыштар Омбы қаласына қонуға шешім қабылдады. Ол Омбы ауруханасында екі күн жатты. Кейін Берлиннің “Шарите” емханасына ауыстырылды.

Швеция, Франция және Еуропаның басқа елдеріндегі тәуелсіз ғалымдар Ресей опозиционері Алексей Навальныйдан алынған сынамаларда “Новичок” тобына жататын улы заттың барын растады. Германия үкіметінің хабарлауынша, үш тәуелсіз зертхана Навальныйдың анализін тексеріп, осындай шешім шығарды.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео “Алексей Навальныйдың улануына Ресейдің жоғары басшылығы тапсырыс беруі мүмкін” деді. Оның айтуынша, Ресейдің жоғары лауазымды шенеуніктері бастамашы әрі шешуші рөл атқаруы ықтимал. Сонымен бірге, Навальныйға жасалған қастандықты зерттеуге басқа да елдерді шақырды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz