2.12 | Ұлыбритания мақұлдаған вакцина, Яндекстің жарнама сервисі, желідегі алаяқтың ұсталуы

Ұлыбритания Pfizer және BioNTech вакцинасын мақұлдаған алғашқы ел

Ұлыбритания билігі германияның BioNTech және америкалық Pfizer әзірлеген коронавирус вакцинасын пайдалануға рұқсат берді. Бұл туралы DW сайты хабарлады.

Британиялық дәрі-дәрмек пен медициналық өнімдер айналымын бақылау агенттігі (MHRA) бұл препаратты мақұлдады. Сонымен бірге, Ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS) келесі аптаның басында халықты вакцинациялауға дайын екені хабарланды. Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау және әлеуметтік істер министрі Мэтт Ханкок туиттерде жазды.

Сонымен қатар, Ұлыбритания Pfizer және BioNTech вакцинасын мақұлдаған алғашқы ел. BioNTech мәліметінше, Ұлыбританиямен жасалған келісімшартта 2020 және 2021 жылдары вакцинаның 40 миллион дозасын жеткізу қарастырылған.

Яндекс жарнама сервисін іске қосты

Яндекс тауар сату және айырбастау жарнама сервисін іске қосты. Бұл туралы Informburo.kz сайты хабарлады.

Пайдаланушылардың жарнама жасауына шектеу саны қойылмаған. Сонымен бірге, телефон нөмірді тіркеу міндеттелмеген. Екі тарап Yandex мессенджері арқылы байланыса алады.

Компания алдағы уақытта қолданушылар жіберген сілтемені тексеріп, күдікті әрекеттер жайлы ескертуді жоспарлап отыр.

Желі арқылы тұрғындарды алдаған күдікті ұсталды

Тараз тұрғыны мессенджер арқылы қазақстандықтардан 4,5 млн теңгеге алдап кеткен. Бұл туралы Polisia.kz сайты хабарлады.

Жамбыл облысының полициясына 17 адам жүгінген. Олар Тараз, Алматы, Қарағанды және Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Олардың айтуынша, бір әйел “сектор богатства” және “777” желі топтарына қосып, қаражатты 30-60%-ға арттыруға уәде берген. Топтар қаржы пирамидасы түрінде құрылған, яғни, таныстарды әкеліп, қосымша бонустар уәде етілген. Кейін 4,5 млн теңге жинаған әйел нөмірін ауыстырған.

Жамбыл полицейлері алаяқтық жасады деген күдікпен Тараздың 50 жастағы тұрғынын ұстады. Ал күдікті өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта “алаяқтық” бабы (ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz