Тоқаев үкімет басқарған тұста ЖІӨ алғаш рет 10%-тен асты ма?

5 ақпанда Қазақстан Республикасының үкіметі отставкаға кеткен болатын. Араға бір күн салып жаңа үкімет құрамы бекітіліп, Олжас Бектенов премьер-министр болып тағайындалды. Ал осы уақыт аралығында әлеуметтік желілерде ел тарихындағы үкімет басшыларын, олардың атқарған жұмыстары туралы материалдар жарық көрді. Соның бірінде “төртінші премьер – қазіргі президент Тоқаевтің кезінде ел тарихында алғаш рет экономиканың бір жылдық өсу қарқыны 10%-тен асты” деп жазды. Аталған деректі Factcheck.kz тексеріп көрді.

Үкім: Шындық

Президент Тоқаев 1999 қазаннан 2002 жылдың қаңтарына дейін үкімет басшысы болды. Сондықтан тек 2000 және 2001 жылды ғана қарастыратын боламыз. Дүниежүзілік банктың дерегінше, 2000 жылы ЖІӨ өсімі 9,8% болса, 2001 жылы 13,5%-ке жеткен. Одан кейін 2006 жылы Даниял Ахметовтың тұсында 10,7% болған.

Сондай-ақ жан басына шаққандағы ЖІӨ өсімі де байқалады (2000 – 10,1%, 2001 – 13,7%).

Ал инфляцияға келсек 2000 жылы 17,4% болса, 2001 жылы 10,2%-ке түскен.

Жұмыссыздық деңгейі 1999 жылы ең жоғарғы 13,5%- ке жетсе, 2000 жылы 12,8% және 2001жылы 10,4% болған. Ал жалпы 1992-2022 жылдар арасындағы экономикалық өсім мен инфляция туралы инфографиканы төменнен көре аласыздар.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz