“Ұлттық қор – балаларға” жобасы қалай жүзеге асады?

Тоқаев 2022 жылы 1 қырүйектегі Қазақстан халқына жолдауында “Ұлттық қор – балаларға” деген бағдарлама ұсынған болатын. Президенттің ұсынысы бойынша, жыл сайын “Ұлттық қордың” инвестициялық табысының 50%-ін 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы жинақтаушы шотына аударып отырады. 14 маусымда мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдады. Жоба 2024 жылдың 1-қаңтарынан іске қосылады. Шоттағы ақшаны мерзімінен бұрын алуға болмайтынын, 18 жасқа келген әрбір бала оны тек бірнеше бағытта пайдалана алатыны кең жазылды. Ал әлеуметтік желілерде осыған қатысты әлі күнге дейін нақты ақпарат жоқтың қасы. Оқырманның сұрауы бойынша Factcheck.kz негізгі сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Бұл қандай жоба?

“Ұлттық қор – балаларға” жобасы 2024 жылдан бастап жыл сайынғы қордың инвестициялық табысының жартысы 18 жасқа дейінгі барлық балалар арасында бөлінеді. 2023 жыл басындағы дерек бойынша, елімізде 0-17 жас аралығында 6 738 017 бала бар.

Жоба қалай жүзеге асады, қаражат қайда түседі, шот ашу керек пе?

ҚР Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша жоба келесідегідей жүзеге асырылады:

  • Ұлттық қор Әділет министрлігі ұсынған жеке тұлғалар дерекқорының негізінде 0-17 жастағы әрбір балаға шотты автоматты түрде ашады. Яғни ата-аналардың бір жерге жүгінудің не шот аштырудың қажеті жоқ;
  • Жыл сайын қаңтар айынан бастап жобаға қатысқан әрбір балаға 18 жасқа толғанға дейін қаражат есептеледі. 18 жасқа дейінгі балаларға шот алдымен Ұлттық қорда ашылады, ал кәмелет жасқа толғанда автоматты түрде БЖЗҚ-дағы шотына аударылады. Яғни 18 жасқа толғанға дейін ақша Ұлттық қорда қалады және қаржы құралдарына инвестицияланады.

Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша департамент директоры Айбол Арғынғазиев былай дейді:

Бала 18 жасқа толғанға дейін қаражат Ұлттық қорда сақталады. Ол БЖЗҚ-ға бала тек кәмелет жасқа толған кезде ғана аударылады. 18 жасқа толғанға дейін ол қаражат Ұлттық қорда қала отырып, оған қордың рұқсат етілген барлық инвестициялық операциялары орындалады, сәйкесінше баланың алатын төлемі жоғары болуы мүмкін.

Айбол Арғынғазиев, ҚР Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша департамент директоры
Тайм-код: 6:44

18 жасқа толған баланың шотында шамамен қанша ақша болады?

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың айтуынша, инвестициялық табыс мөлшерлемесін алдыңғы 18 жылдағы орташа жылдық мән деңгейінде айқындау ұсынылады, сонда әр баланың шотына шамамен 3 500 доллар түсуі мүмкін.

Қаржы қандай валютада болады? Инфляция әсер ете ма?

ҚР Қаржы министрлігінің мәліметінше, шотқа түскен қаражатқа ешқандай салық салынбайды. Сондай-ақ, 18 жасқа толған балаларға қаражат АҚШ доллары арқылы шоттарына салынады. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков қаржы доллармен сақталатындықтан оған инфляция әсер етпейді дейді. Ал депутат Унзила Шапақ “доллар да инфляцияға ұшырауы мүмкін, дегенмен қаржы 100% керемет сақтаулы тұр деп айту қиын. Белгілі бір деңгейде инфляция болады, бірақ біздің теңгеден төмен болады деген сенімдеміз” дейді.

18 жасқа толған бала ақшаны қалай алады? Қалай пайдаланады?

18 жасқа толған баланың БЖЗҚ-дағы шотына автоматты түрде ақша түседі. Ал одан кейін қаражатты екі жағдайда пайдалана алады (ол үшін керекті құжаттарын жинау керек):

  • Баспана сатып алу не тұрғын үй жағдайын жақсарту. Тұрғын үйді тек Қазақстан аумағында ғана сатып алуға рұқсат етіледі;
  • Білім алуға жұмсау. Отандық және шетелдік университеттерде оқуға мүмкіндік алады.

Одан басқа жағдайларда қаражатты пайдалану мүмкіндігі қарастырылмаған.

18 жасқа толмаған бала қаражатты пайдалана ала ма?

ҚР Қаржы министрлігінің ақпаратынша, қаржыны тек 18 жасқа толғанда ғана пайдалана алады. Оған дейін ақша Ұлттық қорда сақталады және Ұлттық банк оны түрлі қаржы құралдарында инвестициялайды.

Шетелге көшіп кеткен немесе ҚР азаматтығын алған бала не істейді?

Егер бала 18 жасқа дейін елден кетіп, азаматтығын өзгертсе онда жиналған қаражатты пайдалана алмайды. Қаражат барлық балалар арасында қайта бөлінеді. Ал егер шетелде тұрып, бірақ азаматтығын өзгертпесе онда қаражаты сақталады. Ал ҚР азаматтығын алған балаға арнайы жинақтаушы шот ашылып, қаражат сол сәттен есептеледі.

18 жасқа толғаннан кейін қаражатты пайдаланбаса не болады?

Кәмелет жасына толған бала шоттағы қаржыны пайдаланбаса ол 5-10 жыл бойы сақталады. Одан кейін қаржы баланың зейнетақы шотына аударылады. Сондай-ақ, азаматтық заңнамаға сәйкес іс жүзінде жинақталған қаражатты мұрагерлік бойынша беру мүмкіндігі қарастырылған. Ал мүгедектігі бар немесе әрекетке қабілетсіз балалардың ата-анасына қаражатты пайдалану мүмкіндігі көзделген.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz