Ли қаржы пирамидаларының зияны туралы

2 маусымда ҚР Мәжілісінің кезекті отырысында қаржы пирамидаларын жарнамалауға қатысқан кейбір қазақстандық жұлдыздарға қатысты (өз атымыздан қоса кетейік, дәлелді) шағымдар айтылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған депутат Юрий Ли Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің атына сауал жолдап, жарнамаларға қатысқан вайнерлер мен блогерлер әкімшілік жауапкершілікке тартыла ма (егер тартылмаса, неге?) деп сұрады. Сондай-ақ ол осындай танымал адамдардың қаржы пирамидаларын жарнамалаудағы рөлін нақты анықтап, туындаған әлеуметтік қауіпті жағдай мен жұлдыздардың іс-әрекеті арасындағы байланысты нақтылап беретін жұмыс тобын құруды ұсынды.

Депутаттың айтуынша, бұл қылмыстық кодекс пен жарнама туралы Заңға тиісті түзетулер енгізу үшін қажет. Осыған қоса Юрий Ли кейбір статистикалық деректер келтірді, енді соларды тексеріп көрейік.

Мәлімдеме: Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің деректеріне сәйкес 2020 жылғы наурыздан бастап 2021 жылғы сәуірге дейін ҚР Қылмыстық кодексінің «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» деген 217-бабы бойынша 287 құқық бұзушылық тіркелді. Келтірілген залал мөлшері 8,545 млрд теңге…

Юрий Ли

Үкім: Техникалық қате

Біз Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің ақпаратымен танысып, депутаттың жалпы жағдайдың нашарлап кеткені туралы айтқанымен келісеміз. Алайда ол қылмыс саны мен келтірілген залал сомасына қатысты есебінде айтарлықтай қателескенін байқадық. Мәселен 2020 жылғы наурыз бен 2021 жылғы сәуір аралығында 217-бап бойынша 331 құқық бұзушылық тіркеліп, 6,4 млрд теңге залал келген.

Енді егжей-тегжейлі түсіндіріп көрейік. ҚР БП Құқықтық статистика комитетінің ақпараты бойынша 2021 жылғы қаңтар-сәуір аралығында ҚК-нің 217-бабы бойынша 187 құқық бұзушылық тіркелді. Анықталған шығын мөлшері – 294 655 446 теңге. Бір қызығы, 2020 жылы осындай 181 құқық бұзушылық тіркеліп, шығын көлемі 6 173 203 772 теңгеге тең болған. Бұл ретте өткен жылдың алғашқы екі айында, яғни қаңтар мен ақпанда құқық қорғау органдары қаржы пирамидаларын құруға байланысты 37 жағдай тіркеген, салдарынан 50 798 962 теңге залал келген.

Енді осы мәліметтерге сүйеніп есептейтін болсақ, 2020 жылғы наурыз бен желтоқсан аралығында 217-бап бойынша 144 құқық бұзушылық тіркелгенін анықтаймыз (бір жылда 181 құқық бұзушылық болса, қаңтар мен ақпан айларында 37 құқық бұзушылық болған). Демек өткен жылдың наурыз айынан бастап 2021 жылғы сәуірге дейін 331 құқық бұзушылық тіркелді (144 + 187).

Келтірілген залал мөлшеріне тоқталсақ, өткен жылғы наурыз бен желтоқсан аралығында 217-бап бойынша тіркелген залал сомасы 6 173 203 772 – 50 798 962 = 6 122 404 810 теңге болды, демек өткен жылғы наурыз бен биылғы сәуірге дейін 6 122 404 810 + 294 655 446 = 6 417 060 256 теңге мөлшерінде шығын келген.

Қазақстандағы барлық интернет-алаяқтық бойынша статистикамен Марат Шибутовтың 10 жыл ішіндегі деректерді талдап жазған мақаласынан таныса аласыздар.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz