Қазақстандық цифрлы тығырықтан qui prodest?

Factcheck.kz-тің негізін қалаушы Әділ Жәлілов Сарым-Закиеваның түзетулері мен бұдан кім ұтып, қазақстандықтар несімен ұтылатындығы жайында ой толғайды.

Facebook, Instagram, Youtube, Telegram, Signal, Gmail және Google doc. Қазақстандықтар бұл сервистерді белсенді және салыстырмалы түрде еркін пайдаланады. Алайда әлеуметтік желілерде біз неге өзімізді еркін сезініп, сынауға, ойымызды айтуға және сөйлесуге мүмкіндік туатынын ойлана бермейміз. Өйткені бұл сөз бостандығына де-юре америкалық және халықаралық құқық кепілдік береді. Алпауыт әлеуметтік желілер мен мессенжерлер дәл осыны басшылыққа ала отырып жұмыс істейді.

Жақында балаларды кибербуллиңнен қорғауды сылтауратып, заңға түзетулер енгізу ұсынылғаны бәрімізге белгілі. Түзетуге сай, шетелдік платформаларды (Big Tech) Қазақстанда өкілдігін ашуға міндеттеп, басшылығына қазақстандықты отырғызғысы келеді. Асылында, бұл шетелдіктерді өз өктемдігі жүретін кеңістікке шақыру ғана емес, онымен қоса, қазақстандықтарды халықаралық юрисдикциядан «шығарып алу».

Бұл хикаядан кімнің ұтып, кімнің опық жеп қалатынын болжап көрейік. Заң жобасын қабылдаса, бұл бейберекетсіздіктен кім «олжалы» болады? Бізде басты рөлді ойнайтын үш «кейіпкер» бар: қоғам, мемлекет және шетелдік платформалар.

Қоғам

Сарым-Закиева түзетулері қабылданған жағдайда, қалай алып қарасақ та, қоғам ең негізгі аутсайдер және лузер.

Шетелдік компаниялар Қазақстанның дегеніне көніп, өкілдіктерін ашып, жергіліктілерден басшы тағайындады делік. Бұл сценарий бойынша біз тек «бейкүнә» посттар жариялай алуымыз ықтимал. Неге? Контентті жою туралы Google-ге жасалған өтініштер статистикасына қарасақ, қазақстандық биліктің қандай жазбаға көп «аллергиясы» бар екенін түсінеміз. Бұл тағы олардың «өздерін ұстаған» түрі. Біздің биліктің ойынша, контент «қазшындықша» және «хабарбейнелі» болуы керек екенін түйсік пен тәжірибем айтады.

Цукерберг пен Ко кибербуллиңге қарсы қазақстандық крест жорығына қатысудан бас тартты делік. Бұл жерде де сіз бен біз зардап шегушіміз. Өйткені реттеуші еш қымсынбастан балалар үшін ютуб пен телеграмды бұғаттап тастай алады. Яки түзетулер мәтінінде жазылғандай, «шектейді». Мысалы, ерсі деңгейге дейін баяулатады не Қытайдыкіне ұқсайтын цензураланған нұсқасын жасайды.

Олай болса баламасыз цифрлы «тығырық» қоғам үшін жалғыз «бонус» болатын түрі бар. Оның ішіне алдын-ала дайындалған қазақстандық платформаларды — Aitu мессенжері мен Aitube видеохостиңін және айтқанға көнетін шетелдіктерді жатқызуға болады.

Aitu Whatsapp-ты, Aitube Youtube-ті алмастыруы ықтимал. Бұл екеуін де BTS Digital компаниясы (ERG холдингіне кіреді — Машкевич пен Шодиевтің Еуразиялық тобы) жасаған. Оған тағы баламасыз түрде Сбер платформасының базасында жаңа e-gov’‎ты «жасауға бермекші».

Бір кісі бүкіл қазақстандықтың базасы, барлық дерек, қызметтер, келісім шарттар мен бар сырымызға ие екенін ескерсек, оның үстіне алдағы жалғыз мессенжер мен видеохостиңті (тағы не бар екенін құдай білсін) қоссақ, монополиялық «франкенштейн» шығады. Ал монополия әрқашан қауіпті, жалпы айтқанда жақсы емес. Әсіресе ол өз заңдылығымен қалыптаспай, қолдан жасалған кезде. Сондықтан да бұл барлығымыз «әдемі тобыр болып» кіруге дайындалып қойған «тығырықты» еске салады. Ал ондай жерде сынайтындар мен өзге ойдағыларды жазалау ғана емес, тіпті кибербуллиңмен күресу де жеңілірек:).

Мемлекет

Кез келген жағдайда, заң жобасы қабылданса, біздің «сүйікті билік» айқын жеңісте. Егер Big Tech Қазақстан талаптарына көніп, келуге келіссе — керемет. Контентті өшіруге, бұғаттауға не кез-келген деректі алуға толық құқылы болады және соны өңі өзгерген түрмен талап ете алады. Меморгандар контентке ықпал етуге, жоюға, бұғаттауға, талап қоюға, тіпті, мүмкін, жолдау мен түсіндірмелерді жариялауға мәжбүрлеуге толық мүмкіндігі болар. Қазір елестету қиын. Алайда әлем фантасмагориялық формада өте тез өзгере алатынын көрсетті.

Егер шетелдік компаниялар өкілдіктерін ашуға келіспесе — тіпті жақсы. Арнайы заң болғандықтан ештеңеден қымсынбай-ақ оларды цифрлы анафемаға ұшырата алады: бұғаттайды не баяулатады. Оларды не десең де көнетін ресейлік және қытайлықтармен алмастыра салады. Әлбетте, дайын тұрған Aitu және Aitube-ті де ұмытпайық.

Big Tech, IT алпауыттар мен жалпы заң «қаһарына» ұшырайтындар

Жоспарланған талаптарға сай, шетелдік компаниялар Қазақстанда өкілдігін ашып, басшылығына қазақстандықты отырғызуға міндеттелетіні белгілі. Әлбетте, ақшаға салғанда бұл позиция ұтымды емес (шығындар, салық). Қазақстандық юрисдикцияға кіргенде қанша талап қойылатынын ескерсек (ананы өшір, мынаны бұғатта, ана хат алмасуға қатысты деректі бер т.с.с.), реттеуге қатысты позициясы да оңбай тұр. Нарықтың пайдасы болуы ықтимал, алайда ол міндеттемелермен салыстыруға келмейді. Мұндай талаптарға ресейлік және қытайлық компаниялар ғана келісуі мүмкін.

Шетелдіктерден, мысалы айтсақ, көп сервисімен және бақандай үш әлеуметтік желісімен (Мой мир, Одноклассники және VK) Mail.ru-дың, және қытайлық TikTok-тың келуі оңай деп болжаймыз. Бұл компанияларда өз еліндегі билікпен мұндай «қарым-қатынас» тәжірибесі жеткілікті деп шамалауға болады. Олар нарықта қалғанда қандай мақсат-мүдде болуы мүмкін екені белгісіз.

Демек, мемлекет BTS Digital-мен бірге (дәлірек айтсақ, ERG-мен) — «кибербуллиңге қарсы қасиетті соғыстың» басты жеңімпаздары. Себебі бұқаралық коммуникациядағы «қоректік тізбек» төрінен орын алатындар солар. Және BTS пен ERG жағдайында нақты адамдар туралы айтсақ, «мемлекет» хақындағы ойымыз бұлыңғыр образда.

Жаңа түзетулердің нақты авторлары мен лоббисттерінің бар екені шүбәсіз. Ал біз «амбассадорларын» ғана көріп, естиміз. Маған «балаларды кибербуллиңнен қорғау» сылтауы арсыздау көрінеді. Бұл түзетулер мақсаты күмәнді және қарама-қайшы. Ал болжалды салдары өте қауіпті.

Бұл шала проект, кем дегенде, жұмыртқаны бір себетке салуды ескертетін белгілі ережеге, сондай-ақ отандық мақталған көп векторлыққа қайшы келетін шектен шыққан дисбаланс туғызады. Әлдекім қалыптасып қалған жүйені құрбан ете отырып, бір қолға тым көп ресурсты жинағысы келеді. Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сынды естімеу, оған ешқандай себеп жоқ дегенді білдірмейді. Әлеуметтік желіде жеңілдеп қалуға үйренген халық бұл мүмкіндігінен де айырылмақшы.

Өзбекстандағы әріптестерім маған бір хикаяны айтып берген еді. Бұрынғы президенттің қызы Гүлнара Каримова көмір кәсіпорнын сатып алған. Алайда ол жақтың халқы газ пайдаланатын, оларға көмір керек емес еді. Жаңа иесі не істеді? Дұрыс — артық қылам деп, тыртық қылды. Жергілікті билік халықтың пайдаланып отырған газ трубаларын кесіп тастаған. Нәтижесінде адамдарды монополиялық бағада көмір сатып алуға мәжбүрледі.

Оқиға немен біткенін белмеймін, алайда Гүлнара Каримованың адам қызыға қоймайтын тағдыры бәрімізге белігілі ғой.

Директор Международного центра журналистики MediaNet, медиа-тренер, консультант, журналист. Инициатор и разработчик нескольких обучающих проектов: «Практическая журналистика», Медиа-Школа (независимая школа журналистики) и др. Основатель Factcheck.kz

Factcheck.kz