2025 жылғы қаңтарда Қазақстанда «алаяқтық» бабы бойынша 4,3 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Бұл былтырғы қаңтармен салыстырғанда 0,1%-ға көп. Оның ішінде интернет арқылы жасалған алаяқтық қылмыстар – 48,9%. Бұл туралы Finprom құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне сілтеме жасап хабарлады.
2025 жылғы қаңтарда алаяқтықтан келген жалпы материалдық шығын 11,1 млрд теңгеге жетті. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен екі есе көп (сол кезде шығын көлемі 5 млрд теңге болған).
Жеке тұлғаларға келген зиян үш есе өсіп, 9,3 млрд теңгеге жетті. Мемлекетке келген шығын 22,4%-ға артып, 936,8 млн теңге болды. Ал заңды тұлғаларға келген шығын керісінше 22,9%-ға азайып, 811,2 млн теңгеге төмендеді.
Контекст
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы ең кең тараған қылмыс түрі алаяқтық екен. Одан кейін ұрлық, ал үшінші орында есірткі қылмыстары тұр.