Алаяқтар сайлауды сылтауратып онлайн кредит алып жатыр ма?

Сайлауалды науқан басталып, агитациялық шаралар жүргізілгелі әлеуметтік желілерде, әсіресе WhatsApp-та түрлі ақпарат тарады. Соның ішінде үй-үйді аралап жүргендер жеке куәлікті сұрап, суретке түсіріп, адамдардың атынан онлайн несие алып жүр екен-мыс. Factcheck.kz таралған ақпаратты тексеріп көрді.

Алаяқтар сайлауды сылтауратып онлайн кредит алып жатыр ма?
WhatsApp-таралма

Үкім: Фейк

Біріншіден, үгіт-насихат шарасында партиялардың не үміткерлердің арнайы өкілдері ешкімнің рұқсатынсыз жеке куәлігін алып, тіркеу жүргізбейді. Екіншіден, тек жеке куәлік арқылы онлайн несие алу екіталай, себебі қазір куәліктен бөлек адамның бет пішіні және СМС хабарлама арқылы мақұлдау керек. Үшіншіден, үйіңізге барып рұқсатсыз ешкім сізді суретке түсіре алмайды. Азаматтық Кодекстің “Өз бейнесіне құқық” туралы 145-бабында қандай да бiр адамның бейнесiн оның келiсiмiнсiз түсіруге болмайтыны жазылған.

Алаяқтардан қалай сақтануға болады?

  • Жеке мәліметтерді, соның ішінде жеке куәлік көшірмесін ешқашан бейтаныс адамдарға жібермеңіз;
  • Әлеуметтік желіге, түрлі чаттарға жеке куәлігіңізді, төлем картасының реквизиттерін жарияламаңыз;
  • Құпия ақпарат сұратып, тіркелуді талап ететін, домені түсініксіз сайттарды ашпаңыз, таратпаңыз;
  • Егер ұйым сайты немесе парақшасы фейк екеніне күмәндансаңыз, ақпаратты ресми сайттан қараңыз, қоңырау шалыңыз, ақпараттың рас-өтірігін анықтауға тырысыңыз;
  • Өздерін қаржы ұйымының қызметкері деп таныстыратын бөтен адамдарға сенбеңіз, жеке мәліметтеріңізді айтпаңыз.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz