WhatsApp-та жиі тараған фейктер

ІІМ дерегінше, Интернет-алаяқтар жыл басынан бері Қазақстандықтарға 7 млрд теңге шығын келтірген. Олардың құрбаны – Сіз бен Біз. Интернет-алаяқтар ақпаратын көбіне WhatsApp арқылы тарататыны да рас. Осы орайда кейінгі күндері мессенджерде көп тараған фейктерді жинап, назарларыңызға ұсынамыз. Сақтансақ, сақтайды!

№1-фейк: Қазақстан темір жолына 25 жыл! Сауалнамаға қатысып, 900 000 тг ұтып ал!

WhatsApp таралма
WhatsApp-та жиі тараған фейктер

Қазақстан темір жолы расымен де 1997 жылы құрылған, яғни биыл 25 жыл толып отыр, алайда атаулы датаға байланысты сауалнама, жеңілдіктердің болып жатқанын не ресми өкіл хабарламады, не сайттарында жарияланбаған. Осыдан-ақ бұны дербес деректер жинастыратын кезекті фейк екенін байқаймыз.

Сайтты Who.is домендер базасынан іздестіргенімізде 2022 жылы шілденің 17-і тіркелгенін анықтадық.

WhatsApp-та жиі тараған фейктер

№2-фейк: Қазақтелеком байланыс қызметтеріне субсидия жариялады. Анкета толтырып 100 000 тг ұтып ал!

WhatsApp таралма

Ресми сайтта және парақшаларында бұл туралы ақпарат жоқ, ал сілтемедегі сайт жоғарыдағы ҚТЖ-ның фейк сайтымен өте ұқсас. Бұдан бөлек сайттағы Қазақтелеком ұжымының суреті Басқарма төрағасының 2018 жылы 12 қазанда өткізген жиынында түсірілген және акцияға еш қатысы жоқ.

№3-фейк: “Детский мир”-ден “мектепке жинал” акциясы арқылы бонус картасын ұтып ал!

WhatsApp таралма

“Детский мирдегі” шынайы акцияға ұқсастырып жасаған бұл сілтемедегі сайтты бір көргеннен байқамай қалуыңыз мүмкін, себебі дизайны, түсі, логосы өте ұқсас. Алайда анықтап қарасақ ресми сайт пен фейк сайттың айырмашылығы көп. Екеуіндегі ақпарат та, ресми волюта да, құжат атаулары да әртүрлі.

WhatsApp-та жиі тараған фейктерWhatsApp-та жиі тараған фейктер
Сол жақта: Фейк сайт Оң жақта: Ресми сайт

Күз жақындаған сайын осыған ұқсас фейктер жиі тарайды, себебі олар трендтегі сұранысты “қанағаттандыру” үшін қақпан құрып, дербес деректерді жинайды.

№4-фейк: “Мечта” дүкені арқылы әр сенбі күні түрлі сыйлықтар ұтып ал!

WhatsApp таралма

“Мечта” дүкенінің ресми сайтындағы “акциялар” бөлімінде ешқандай да сауалнамаға сыйлық тарататыны туралы ақпарат жоқ, тек маусым сайынғы акциялар мен бөліп төлеулер жайлы жазылған. Яғни бұл да бір кезекті сауалнамаға ақша / сыйлық “тарататын” жалған сайт екенін байқаймыз.

№5-фейк: “Family Mart” ұйымдастырған акцияға қатысып, 100 000 тг ұтып ал!

WhatsApp таралма

Біріншіден, “Family Mart” тәулік бойы жұмыс істейтін Жапон дүкенінің филиалы Қазақстанда әлі ашылған жоқ. Екіншіден, сайтқа кіріп пікірлерді оқысаңыз жапон азаматтарын қазақша “сөйлетіп” қойған, яғни сенімділікті арттыру үшін кезекті фишиң-құрал. Үшіншіден, бұл акцияны ұйымдастырып жатқан Iruccs.cn сайты бір ай бұрын ғана тіркелген және домені де түсініксіз.

Қорытындылай келе…

Атақты брендтің атын жамылып, атаулы датаны алға тартып, сұраныстағы, трендтегі тақырыптарды, оқиғаларды пайдаланып отыратын жалған сайттармен күресуде біз төмендегі жолдарды ұсынамыз:

  • Егер де брендтің атын пайдаланса бірден ақпаратты ресми сайттан қараңыз, қоңырау шалыңыз, ақпараттың рас-өтірігін анықтауға тырысыңыз;
  • Сілтемелерді ашпас бұрын Ps.kz немесе Who.is сияқты домендер базасы арқылы міндетті түрде тексеріп көріңіз: қашан, қайда тіркелгенін, артында кім тұрғанын анықтайсыз;
  • Әдетте жалған сілтемелер мен сайттардағы дизайн ресми сайттағысына ұқсаc, ал логотипті қалай болса солай пайдалана береді, сондықтан сыни қараңыз және бірден сенудің қажеті шамалы;
  • Атаулы даталарды алға тартып, соның құрметіне орай акциялар ұйымдастырып жатады-мыс, алайда көп жағдайда шынайы брендтердің шығу тарихымен сәйкес келмейді, сол үшін сілтемені ашпас бұрын олардың тарихын бір рет болса да оқып, салыстырған жөн;
  • Байқасаңыз барлық акциялар бір сарында, бір дизайнда жасалған, әуелі акция туралы мәлімет, соның құрметіне ұйымдастырылып жатқан сауалнама не анкета, кейін жалған аккаунттардың өтірік мақтау-пікірлері. Осы схема арқылы олардың фейк екенін анықтауға болады.
  • Ең маңыздысы! Жалған акциялар туралы хабарлама алсаңыз оны таратпаңыз. Тек Сіз фейк ақпаратты тоқтата аласыз. Қиын түгі де жоқ. Сыни ойлаңыз, тексеріңіз, сараптаңыз!

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz