Қазақстандағы білім беру: статистика, зерттеулер мен проблемалар

Тамыздың басында ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «отандық білім беру жүйесін сапалы ғылыми зерттеулерсіз дамыту мүмкін емес» деген ойын тағы да қайталады. Осы саладағы шешімдер деректер негізінде қабылдануы керек деген ол «мұндай зерттеулердің аз екенін» айтады. Factcheck.kz редакциясы мектептердегі білім беру жүйесі туралы қолжетімді сандық және сапалық деректерді зерттеп, бұл салада ғылыми жұмыстардың неліктен аз екенін анықтап көрді. 

Ресми статистика және оның шектеулері

Қазақстандағы білім беру жүйесі туралы ең толық сандық деректерді Ақпараттық-талдау орталығы жинап, жариялап отырады. Ағарту министрлігіне қарайтын бұл ғылыми ұйым 2011 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталық статистикалық деректер жинағын да жиі шығарып отырады. Осы күнге дейін 2014-2021 жылдарды қамтитын сегіз жинақ жарық көрген. Онда сарапшылар Ұлттық статистика бюросы, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының, «Назарбаев зияткерлік мектептері» педагогикалық шеберлік орталығының және ең бастысы Ұлттық білім беру деректер қорының (ҰБДҚ) мәліметтерін қарастырған.

ҰБДҚ — аптасына жеті күн, тәулік бойы жұмыс істейтін, білім беру саласындағы big data (қаз – «үлкен деректер») құрайтын ақпараттық жүйе. Мемлекеттегі білім беру ұйымдарының бәрі бұл жүйеге қызметі, қызметкерлері мен оқушылар контингенті туралы деректер жинағын енгізіп отырады. Қазір бұл ақпаратқа тек мемлекеттік органдар қол жеткізе алады. 

«Базада жеке ақпарат өте көп. Сондықтан да болар, ағарту министрлігі оны зерттеушілерге қолжетімді қыла алмайды. Әрине, техникалық себептер де бар. Біз алдымен өз еркімізбен ақпарат алу үшін ҰББДҚ-дан зерттеу орталығы ретінде рұқсат сұрадық, бірақ ақырында қажет деректер тізімімен өтініш бердік», — дейді PaperLab зерттеушісі, сапалы білім беруге қол жеткізудегі теңдік индексінің бірлескен авторы Сәуле Әлиева. 

Десе де, кейбір деректер SEDA порталында жарияланған. Ондағы интерактив карта қажет мектепті таңдап, сонымен танысуға мүмкіндік береді. Бірақ сайтта әзірге ақпараттың бәрін кесте түрінде көшіріп алу мүмкіндігі жоқ. Мұндағы ақпарат ең кейінгі рет 2022 жылғы қазанда жаңартылған. 

Ресми статистика деректерінің сапасы мен толықтығын айта келе, Әлиева жинақтарда кей проблемалар «жасырынып тұрғандай» болады дейді. «Жаңалықтардан толып қалған сыныптар туралы көреміз. Мектеп жасындағы балалар саны жыл сайын өсіп жатқанын, ал мектеп саны ұзақ жыл бойы өзгермегенін білеміз. Бірақ жалпы алғанда толып қалған сыныптар жоқ сияқты көрінеді» деп мысал келтіреді зерттеуші. 

Тағы бір көрнекі мысал — мектептердегі санитарлық жағдай. «Кейінгі екі жылда даладағы дәретхана мәселесі шешіліп жатыр, ондай мектептер саны да күрт азайды. Қазір бұл мектептер ҰБДҚ-да іште және сыртта дәретханасы бар мектеп ретінде көрсетілген. Бұл жерде менде мына сұрақ туындайды: яғни, іштегі дәретханалармен қатар далада да дәретхана бар болып тұр ма?» дейді Әлиева. Құрғақ статистика есептері бұл сұраққа жауап бермейді. Осылайша зерттеушілерде далалық бақылау немесе сауалнама алу қажеттілігі туындайды. 

«Далалық бақылау» 

Жергілікті жерлердегі зерттеу жұмысының қиындықтары туралы Жаслан Нұрбаев айтып берді. 2021 жылы ол шағын жинақты мектептерді реформалау саясаты туралы зерттеуін жариялады. Автор зерттеу барысында жетпістен астам терең сұхбат, екі жүзден астам мұғалімнен сауалнама алған. Нұрбаевтың сөзінше, бұл оңайға соқпаған: «Шынымды айтсам, инстанциялардан рұқсат алуға көп уақытым кетті. Білім беру бөлімдерінің біріне шабуыл жасағандай болдым. Сол жерде тұрып алып, рұқсат алмайынша кетпейтінімді айттым».

Олар өзін сақтандырғысы келген соң, осындай реакция болған шығар дейді ол: «Кез келген деңгейдегі білім бөлімінің басшысы, мектеп директорлары дәл солардың есімі, мектебі немесе ұйымы жағымсыз сипатта айтыла ма деп қауіптенеді». Десе де, далалық зерттеудің арқасында Нұрбаев өзі қарастырған мектептердің ешбірінде жылдамдығы 4 Мбит/с және одан жоғары болатын кең жолақты интернет жоқ екенін анықтаған. 

Карантин кезінде далалық зерттеулермен әлеуметтанушы Серік Жақсылықов та айналысқан. Ол қашықтан оқыған кезде мектеп оқушылары мен ата-аналар жүргізген күнделіктерді негізге алған. Зерттеудің бірінші және екінші толқынына мемлекеттің бес өңірінен 110 адам қатысқан. 2020/2021 жыл қорытындысы бойынша күнделіктерді зерттеу мемлекеттік органдардың кей шараларына қарамастан мұғалімдердің мобильді қосымшалар мен компьютер бағдарламаларын жетік меңгере алмағанын көрсеткен. 

Жақсылықов командасының өзіне-өзі цензура қою мәселесін қалай шешкенін түсіндірді: «Күнделіктегі сұрақтар жалпы сипатта жасалды. Мысалы, «интернетке және техникалық мүмкіндіктеріңізге байланысты бәрін айтып беріңіз». «…Қалай бағалар едіңіз?» деп сұраған жоқпыз. Әйтпесе, бұл бірден бағыт бергендей болады». Кейін әлеуметтанушылар бұл анықтамаларды да блок тақырыбына ауыстыра салған. Зерттеуші бұл «күтпеген жауаптарды көруге, оқуға және алуға» мүмкіндік берді дейді.

Factcheck.kz ресурсына сұхбат берген әлеуметтанушы мемлекеттік немесе жергілікті деңгейде жүргізілетін зерттеулердің сапасына күмәнмен қарайтынын айтады: «Үкімет пен жергілікті билік бірдеңені тексеруге, растауға қажет зерттеулер бағытында әлсіз, нашар жұмыс істейді. Тіпті, қарапайым мониторингтік зерттеулердің өзін жақсы жасамайды». Бәрі біліксіздіктің, сыбайлас жемқорлық элементтерінің, тиімсіз менеджменттің кесірі. Осы үштік кесірінен мемлекеттік органдармен зерттеу аясында «жақсы атқарушылар жұмыс істемейді» дейді Жақсылықов. 

Сарапшы тек қаржы тетіктерімен проблеманы шешу мүмкін емес екенін айтды. «Билік қазір қолында бар бюджеттің бәрін бәсекелі конкурс негізінде зерттеу жүргізгісі келетін, соған дайын, қолынан іс келетін, нәтиже беретін адамдарға бере бастасын» дейді Жақсылықов институционал мамандарды меңзеп. Әзірге Қазақстандағы сапалы зерттеу — биліктің тапсырысымен емес, мемлекеттік құрылымдар жасаған емес, тәуелсіз мердігерлер жүргізген зерттеулер. 

Мемлекеттік машина

Ағарту министрлігінің тәуелсіз сарапшымен келісе қоюы екіталай. Бүгінде ведомтсво білім беру саласында жұмыс істейтін 16 ұйым мен мекемені үйлестіреді. Біз олардың ресми сайттарынан зерттеулерге арналған бөлім табуға тырысып, одан жақсы нәтиже шығара алмадық: 

Балама дереккөз

Министр білім беру саласындағы ғылыми зерттеулер туралы айта келе, осы ұйымдардың біріне емес, Назарбаев университетінің жоғары білім беру мектебінің монографиясына сілтеме жасаған. Мектеп сайтында  аяқталған және қазір жүргізіліп жатқан зерттеу жобаларымен танысуға болады. Бірақ зерттеу мақалаларын қолданушылар өз бетімен іздеуі керек. 

Сонымен қатар Жоғары білім беру мектебі екі журнал (біріншісіекіншісі) шығарады. Мектеп зерттеушілері жарияланымдарын ғылым жаңалықтарына арналған беттен көруге болады. Жалпы алғанда, ұйым білім беру бағдарламаларын жасау жөніндегі монография, силлабус әзірлеу әдістемесін, Қазақстандағы білім саласын зерттеушілердің этика кодексін әзірлеген.

Білім беру саласын зерттеумен тәуелсіз зерттеушілер тобы да айналысады. Мысалы, PaperLab  зерттеу орталығы осы уақытқа дейін орта білім жүйесіндегі жыныстық ағарту жөніндегі саяси қолданбалы жұмыстар, коронавирус кезіндегі қашықтан оқыту, сапалы орта білімге қол жеткізудегі теңсіздік туралы материалдар жариялаған

«Белес» талдау және стратегия орталығы да зерттеу жұмысымен айналысады. Ол бес жобаны іске асырып үлгерген: Қазақстан мұғалімдерінің дауысы, Қазақстанның халықаралық зерттеулердегі көрсеткіші, «Ғылым туралы» заңды жүзеге асыру мәселелері, пандемиядан кейінгі кезеңдегі білім берудегі ата-ананың рөлі, жастардың неліктен мұғалім болу шешімін қабылдайтыны туралы зерттеулер жүргізілген. 

Шетелдік донорлар арасында білім беру саласындағы зерттеулерді Сорос-Қазақстан қоры қолдап келеді. «Жарияланымдар» деген бөлімде білім беру саясатының белгілі бір аспектілері туралы ондаған еңбек табуға болады: мысалы, мектептерді ИКТ ресурстармен қамту, мектептердегі дінтану, ауыл мұғалімдеріне білім берудің жаңартылған мазмұнын оқыту және т.б. 

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, «Стартегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы«Amanat» партиясының қоғамдық саясат институтыMediaNet ХЖО жанындағы Demoscope қоғамдық пікір экспресс-мониторинг бюросы сауалнамаларының да әлеуметтану тұрғысынанан білім беру саласына қатысы бар. 

Журналист-аналитик. Магистр социальных наук

Factcheck.kz