2025 жылы қаңтарда конституциялық соттың жұмыс істей бастағанына 2 жыл болды, оған дейін 1995 жылы құрылған конституциялық кеңес жұмыс істеген еді. Жаңа сот құрылған уақытта президент Қасым-Жомарт Тоқаев судьялармен кездесуге барып, мұның Қазақстандағы үлкен саяси реформалардың бір бөлігі екенін айтты. «Бүгінде Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты, бұрын-соңды болмаған бірегей саяси реформалар жүзеге асырылды. Қазіргі таңда дүниежүзінде дәл осындай ауқымды, мазмұнды реформалар жасап жатқан ел бірен-саран», – деді Тоқаев.
Дегенмен конституциялық сот нақты немен айналысатыны және өткен 2 жылда өзін қай қырынан көрсете алғанына қатысты сұрақ көп. Осы ретте Factcheck.kz редакциясы сарапшылармен сөйлесіп, конституциялық сотқа қатысты негізгі сұрақтарға жауап іздеуді жөн көрді.
Конституциялық соттың құзіретіне не кіреді?
Қазақстанның конституциялық сотының жұмысы 2022 жылғы 5 қарашадағы заңмен реттеледі. Бұл заңға сәйкес, конституциялық сот — республиканың бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етеді. Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының заңгері, конституциялық сот төрелігі бойынша сарапшы Евгения Нефедьева сөзінше, «2023 жылы соттың рөлі азаматтардың конституциялық сот төрелігіне тікелей шағымдануға мүмкіндік алуы арқылы күшейтілді. Сот заңдардың Конституцияға қаншалықты сай келетінін қарайды, бірақ қарапайым дауларды немесе басқа соттардың шешімдеріне шағымдарды шешпейді», - дейді. Конституциялық сот жалпы сот юрисдикцияларының жүйесіне кірмейтінін мемлекеттік орган ескерген жөн.
Конституциялық соттың азаматтардың өтініші бойынша қарайтын негізгі мәселесі – заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің Конституция талаптарына сәйкестігін тексеру.
Құқық қорғаушы Евгений Жовтистің сөзінше, конституциялық сот саяси және құқықтық тұрғыдан алғанда айтарлықтай ықпалды және күрделі. Конституциялық сот президенттің, парламент депутаттарының сайлауының дұрыстығы, яғни заң шығарушы және атқарушы биліктің дұрыс қалыптасуын қарастырады. Жаңадан құрылған конституциялық сот бұған дейін болған Конституциялық кеңестің бүкіл өкілетін алды.
Бұл – Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру; парламент қабылдаған заңдардың президент қол қойғанға дейін Конституция заңының талаптарына сәйкестігін тексеру; халықаралық шарттарды ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін тексеру; парламент пен оның палаталарының қаулыларының Конституцияға сәйкестігін тексеру; соттардың, азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін заңдардың конституциялығын тексеру туралы ұсыныстарын қарау.
Соттың басты ерекшелігінің бірі — конституциялық сотқа жүгінетін субъектілердің қатары өсіп, енді адам құқықтары жөніндегі уәкіл, бас прокурор мен азаматтар қосылды.
Жаңадан құрылған конституциялық сотқа азаматтардың тікелей жүгіну құқығы қарастырылған. Бұған дейін жұмыс істеген Конституциялық кеңесте 27 жыл ішінде азаматтарда мұндай мүмкіндік болған жоқ. Евгения Нефедьеваның сөзінше, адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бас прокурордың азаматтардың конституциялық құқықтарын қозғайтын мәселелер бойынша өтініш беру құқығы бар. Нефедьева қарапайым соттар да конституциялық сотқа жүгінуге құқы барын, бірақ олар мұндай мүмкіндікті өте сирек пайдаланатынын айтады.
Қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатыр?
Конституциялық соттың Factcheck.kz редакциясына берген жауабына сенсек, 2023 жылдан бері екі жылдан астам уақыт аралығында азаматтардан және өзге де субъектілерден 9 мыңнан аса өтініш келіп түскен. Сот оларға қатысты 400-ден аса қаулы қабылдаған.
Соттың жазуынша, 2024 жылы 31 іс бойынша конституциялық іс жүргізу қозғалып, 21 нормативтік қаулы қабылданды. Атап айқанда, қолданыстағы заңнаманың 5 нормасы Конституцияға сәйкес емес деп танылған.
- Жазасы өлім жазасынан өмір бойына бас бостандығынан айыруға өзгертілген сотталғандар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу;
- азаматтарды олардың әлеуметтік мәртебесі бірдей болған кезде кассациялық шағымдану сатысындағы іс жүргізу жағдайы бойынша бөлу;
- көлік иесін азаматтық белгісі бойынша сақтандыруды шектеу;
- неке бұзылған сәттен бастап ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы талаптар бойынша үш жылдық талап қою мерзімі;
- заңды некеде тұрмаған ер адамдар үшін бала асырап алуды шектеу.
Евгения Нефедьеваның айтуынша, конституциялық сот 2023 жылы жұмысын бастағаннан бері өтініштер саны күрт өсті: бірінші жылы 5 282 өтініш келіп түсті. Алайда, көптеген өтініш беруші соттың юрисдикциясын әлі толық түсінбеді, оны Жоғарғы сот пен басқа соттардан жоғары тұрған түпкілікті орган ретінде қарастырды. Расында, сот сайтындағы деректерге сенсек, 2023 жылғы өтініштердің 39%-і сот шешімдерімен келіспеушіліктерге қатысты болған. Бұл — Конституциялық Соттың қарауына жатпайды. Осыдан болса керек, 2024 жылы өтініштер көлемі айтарлықтай азайған. Евгения мұның себебі конституциялық сотқа жүгінулер қатаң іріктеуден өтетінін және табысты болу ықтималдығы төмен екенін айтады. 2024 жылы өтініштер саны 30%-ке азайып, 3 708 өтініш түскен.
Нефедьева бұдан бөлек, екі жыл ішінде сот азаматтардың өтініштері бойынша 52 түпкілікті шешім шығарғанын, мұның барлық өтініштердің 0,58%-і екенін айтады. Оның сөзінше, бұл орташа көрсеткіш: жалпы, шетелдік конституциялық соттарда сәтті шағымдардың проценті шамамен бірдей және 1% айналасында.
«Конституциялық соттың шағымды қарау қорытындысы бойынша шығаратын шешіміне ерекше тоқталғым келеді», – дейді Нефедьева. Сот шешімнің 3 түрін қабылдай алады:
- норма Конституцияға сәйкес келеді;
- норма Конституцияға сәйкес келмейді;
- даулы нормаға түсінік беру.
Соңғы екі жағдайда азаматтар нақты конституциялық және құқықтық қорғауға ие болады. Яғни, нәтижесінде сот заңдағы кемшілікті тауып, оны түзетуді немесе Қазақстан Республикасының Үкіметіне заңға тиісті өзгерістер енгізуді тапсырды, бұл жағдайда арыз берушінің ісі қарапайым сотта қаралуға тиіс.
Алайда, 52 шешімнің 25-інде сот норманы Конституцияға сәйкес деп тапқан. Іс жүзінде Сотқа жүгінген азаматтар істің жартысында мемлекеттен «жеңілген» және өздерінің конституциялық құқықтарын қорғай алмаған, ал олардың істері кәдімгі сотта қаралмайды.
Евгения Нефедьева
Биыл қаңтар айында конституциялық сот саяси сезімтал мәселе жөнінде шешім қабылдады. Бұған дейін бейбіт жиын өткізгісі келетін белсенділерге жергілікті әкімдіктер жөндеу жұмыстарына не митиң өтізуге арналған жердің бос еместігін айтып, бос орын жоқтығын айтатын. Мысалы, біз былтыр жеті айдың ішінде Астана қаласында 732 наразылық акциясы, оның ішінде 162-і шеру өтті деген статистиканы жаздық. Барлығы әкімдікпен келісілген. Алайда бұл деректер тек қала әкімдігінің ішкі саясат басқармасының деректерінде ғана осындай белсенді көрінеді.
Дегенмен қаңтарда құқық қорғаушы Гүлмира Біржанованың өтінішіне жауап берген конституциялық сот бейбіт жиналысты өткізуден белгіленген негіз бойынша бас тарту туралы шешім қабылданар алдын жергілікті атқарушы орган мұндай іс-шараны ұйымдастырушыға оны өткізу орнын және (немесе) уақытын өзгерту туралы ұсынысты алдын ала жіберуге міндетті деп қаулы шығарды. Біржанованың шағымына жәрдемдескен заңгерлер мұны «маңызды оқиға» деп атады.
Алайда Евгений Жовтис Қазақстанның әлі де авторитар ел екенін, ал мұндай авторитар елде заң мен Конституцияда не жазылғанына қарамастан, авторитар билік аттауға болмайтын шеңбер сызатынын айтады.
«Медициналық факт» деуге келетін тұсы бар: Қазақстан әлі де авторитар ел, ал авторитар елде Конституцияда, заңдарда не жазылғанына, тәуелсіздігіне қарамастан авторитарлы саяси жүйе шеңберді айқындайды. Оның ішінде сот, прокуратура секілді белгілі мемлекеттік органдар да бар. Бұл ашық айтылмаса да белгілі бір саясатты ұстанады. Сондықтан қазіргі конституциялық сот, бұған дейінгі конституциялық кеңес секілді, белгілі бір шеңбермен шектеледі.
Евгений Жовтис
Конституциялық сот тәуелсіз бе?
Конституциялық сот Евгений Жовтиспен келіспейтін секілді. Біздің сауалға жауабында конституциялық сот аппаратының басшысы Зере Утебаева «сот биліктің үш тармағының ешқайсысына да (заң шығарушы, атқарушы және сот) жатпайды, бұл ретте оның қызметі мемлекеттік билік жүйесіндегі тежеу мен тепе-теңдік жүйесін күшейтуге ықпал етеді деп айтуға болады. Бұл мақсатқа заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін тексеру арқылы қол жеткізіледі», – дейді.
Қазір «Конституциялық Соты туралы» заңға сай, конституциялық сотта төраға мен оның орынбасарын қоса алғанда, он бір судья бар.
Конституциялық соттың төрағасын президент сенат келісімімен тағайындайды, ал соттың төрағасының орынбасарын (төрағаның ұсынуымен) сот судьяларының арасынан тағайындайды.
Конституциялық соттың төрт судьясын тағы да президенті тағайындайды, ал үш-үш судьясын парламент палаталары төрағаларының ұсынуымен парламенттің сенаты мен мәжілісі тағайындайды
Евгения Нефедьеваның айтуынша, толық тәуелсіздік үшін соттың қаржылық және ұйымдық дербестігі, қызметінің ашықтығы және судьяларды саяси қысымнан қорғаудың тиімді тетіктері де маңызды. Оның сөзінше, ерекше пікірлер институтының болуы маңызды. Бұл соттың қоғамға ашықтығының жоғары деңгейін көрсетер еді дейді ол. Бұл дегеніміз — сот шешімдерімен қатар судьялардың ерекше пікірлерін қатар жариялау.
Мысал үшін, бірінші шақырылымдағы конституциялық сотта (1992-1995 ж.ж.) судьялардың ерекше пікірлері міндетті түрде жариялануға тиіс болды, бұл жоғары дәрежедегі ашықтықты қамтамасыз етті және қоғамға күрделі конституциялық-құқықтық мәселелер бойынша соттағы шынайы талқылауды көрсетті. Өкінішке орай, қазір судьялардың ерекше пікір айтуға құқығы бар болса да, ол көпшілікке жарияланбайды.
Евгения Нефедьева
Евгений Жовтис болса конституциялық сотқа атқарушы билік немесе президент аппаратынан қандай да бір тікелей қысым я болмаса араласу бар деп айта алмайтынын жеткізді. «Бірақ ол қазіргі саяси жүйеде тәуелсіз бола алатын тұсында ғана тәуелсіз», – дейді ол.