Oyan, Qazaqstan белсенділері Жанель Шахан мен Ақмарал Жәкібаеваға айыппұл салынды

8 наурызда Алматы полициясы Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсенділері Жанель Шахан мен Ақмарал Жәкібаеваны ұстап әкетті. Бұл туралы «Власть» басылымы Oyan, Qazaqstan телеграм-арнасына сілтеме жасап хабарлады.

Oyan, Qazaqstan белсенділері Жанель Шахан мен Ақмарал Жәкібаеваға айыппұл салынды
Сурет Oyan, Qazaqstan телеграм-арнасынан алынған

Алдымен белсенділерді Алмалы аудандық полиция басқармасына әкеткен. Кейінірек Oyan, Qazaqstan қозғалысы Панфилов көшесінде қамаудағы Темірлан Енсебек, Жанар Секербаева және Ақторғын Ақкенжебаласының картон мүсіні қойылғанын хабарлады. Онда белсенділердің макеті «Әйел дауысы жаңғырсын! Бостандық үшін», «Менің достарымды жайына қалдырыңдар, Жанар мен Ақторғынға бостандық, әйел құқықтары тапталмасын!» деген жазуы бар плакат ұстаған.

Алматы полициясы макеттерді тапқан соң, Ақмарал Жәкібаева мен Жанель Шаханды ұстап әкеткен. Оларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы бойынша «абаттандыру қағидаларын бұзды» деген айып тағылды. Белсенділердің әрқайсысына 20 АЕК (шамамен 79 мың теңге) көлемінде айыппұл салынып, артынша босатылған.

Контекст

Qaznews24 сатиралық басылымының авторы, белсенді Темірлан Еңсебек биылғы қаңтардан бері тергеу изоляторында отыр. Сот оған 174-бап бойынша «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тақты. Бұл бап бойынша Еңсебек 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін Еңсебекті босатуға үндеген.

Ал «Феминита» белсенділері Ақторғын Ақкенжебаласы мен Жанар Секербаева 2024 жылғы мамырда өткен Салтанат Нүкенованы қолдау акциясы үшін 10 тәулікке қамауға алынды. Жақтастары белсенділер 8 наурызға қарсы ұсталды деп есептейді.

Басты беттегі сурет Oyan, Qazaqstan телеграм-арнасынан алынған.

Журналист

Factcheck.kz