Норвегия, Испания және Ирландия Палестинаны тәуелсіз мемлекет деп мойындады. Үш елдің үкіметі Палестинаны 28 мамырда ресми түрде мемлекет деп танитынын мәлімдеді. Бұл туралы DW хабарлады.
«Он мыңдаған қаза тапқан мен жараланған соғыстың ортасында біз израильдіктер мен палестиналықтар үшін саяси шешім ұсынатын жалғыз баламаны сақтауымыз керек: бейбітшілік пен қауіпсіздікте қатар өмір сүретін екі мемлекет», – деді Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стере.
Оның айтуынша, Палестина халқының өз тағдырын шешуге негізгі әрі тәуелсіз құқы бар.
Ирландияның премьер-министрі Саймон Харрис үш еуропалық елдің Палестинаны үйлестіріп мойындауын «Ирландия мен Палестина үшін тарихи және маңызды күн» деп атады. Испания премьер-министрі Педро Санчес те Палестинаны мемлекет ретінде мойындайтын мәлімдеме жасады.
Айта кетейік, Швеция 2014 жылғы қазанда Палестинаны егемен мемлекет ретінде мойындады.