Нобель сыйлығының 50-ден астам лауреаты Украина мен Газа секторындағы соғысты тоқтатуға шақырды. Олар мәлімдемесін қақтығыс тараптарына, Рим папасына, Константинополь патриархына, Далай-ламаға, БҰҰ-ға, Еуропарламентіне, Еуропаның парламенттік кеңесіне бағыттаған. Бұл туралы “Новая газета” хабарлады.
Құжатта олар Украинадағы, Газа секторындағы соғысты тоқтатуды, тұтқын алмасуды, кепілге алынған адамдарды босатуды, қаза болған адамдардың денесін өз еліне қайтаруды, бейбіт келіссөз жүргізуді сұрады.
Лауреаттардың айтуынша, дүниежүзінде кемінде 55 қарулы қақтығыс болып жатыр, Ресейдің Украинаға қарсы соғысының салдарынан Африкада аштық жағдайы ушыққан. Сонымен қатар Еуропа орталығындағы соғыста қаза болғандар мен жараланғандар саны Екінші дүниежүзілік соғыстан бері алғаш рет миллион адамнан асқан.
“Балаларымыздың бізден ұзағырақ өмір сүруіне мүмкіндік беріңіздер. Бір-бірімізді өлтіргенді доғарайық, ғаламшарды құтқарайық. Саясаткерлер келісе алмаса, онда мәселенің шешімін болашақ буынға қалдырып, атысты тоқтатсын”, – деп жазылған құжатта.
Хатқа қол қойғандар арасында 2021 жылы Нобельдің Бейбітшілік сыйлығын алған, “Новая газета” басылымының бұрынғы редакторы Дмитрий Муратов пен белорус жазушысы Светлана Алексиевич бар.