Киевте қастандыққа ұшыраған журналист Айдос Садықов көз жұмды

“Бәсе” Youtube арнасының негізін қалаған журналист Айдос Садықов қайтыс болды. Ол 13 күн жансақтау бөлімінде жатқан. Бұл туралы оның әйелі Наталья Садықова хабарлады.

Садықованың айтуынша, белсенді-журналист Киев уақыты бойынша таңғы 3-те көз жұмған.

“Сүйікті күйеуім, үш баламыздың әкесі, қазақ халқының ұлы перзенті. Айдос өз өмірін Қазақстанға арнап, кісі өлтірушілердің қолынан азапты өлімге болды. Айдос 13 күн бойы жан сақтау бөлімінде өмір үшін күресті, бірақ ғажайып нәрсе болмады. Оның өлімі Тоқаевтың мойнында”, – деп жазды Садықова Facebook-те.

Естеріңізге сала кетейік, Киевте тұратын қазақстандық белсенді, “Бәсе” YouTube-арнасының авторы Айдос Садықовты белгісіз біреу 18 маусымда көлігінің ішінде атып кеткен. Оқ оның самайына тиген. Садықов ауруханаға жеткізіліп, оған ота жасалды.
Көп ұзамай Айдос Садықовқа қастандық жасады деген екі күдіктінің бірі Алтай Жақанбаев ұсталды. Бұл жөнінде Қазақстанның бас прокуратурасы хабарлады. Күдіктінің қай жерде ұсталғаны айтылмаған. Бас прокуратура “тергеу мүддесі үшін” басқа ақпаратты жарияламайтынын ескерткен.

Прокуратура екінші күдікті Мейрам Қаратаевтың “орналасқан жерін анықтау үшін” жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатқанын айтты.

Factcheck.kz