Өзбекстанда желіде президент Шавкат Мирзияевке қатысты пікір жазғаны үшін 28 жастағы ер адам бес жылға сотталды. Сот айыпталушы “Өзбекстан президентін жұрт алдында қорлау”, “Өзбекстан шекарасынан заңсыз шығу” бабымен айыпты деп тапты. Бұл туралы Азаттық Радиосы хабарлады.
Д.Турсунов деген өзбекстандық азамат былтыр 8 мамырда желіде “Өзбекстан президенті Мәскеудегі парадқа қатысады” деген ақпараттың скринін жариялаған. Жергілікті басылымдардың мәліметі бойынша, “ол жазбасында президентті қорлап, мемлекетке қарсы пікір жазған”.
Айыпталушының 2016 жылы қыркүйекте Өзбекстаннан Әзербайжанға өтіп, сол жақтан Иранға паспортына таңба бастырмай заңсыз шығып кеткені де айтылады.
Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы қаңтардағы есебінде “2023 жылы Өзбекстанда адам құқығы жағдайы нашарлағанын” жазды.