Қырғызстан билігі “шетел өкілдері” туралы заңға қол қойды

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров “шетел өкілдері” туралы заңды өзгертетін заң жобасына қол қойды.

“Коммерциялық емес ұйымдардың, оның ішінде шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктері, сондай-ақ шетел өкілдігінің функциясын атқаратын коммерциялық емес ұйымдар, шетелден, олардың мемлекеттік органдарынан, халықаралық және шетел ұйымдарынан, шетел азаматтарынан, азаматтығы жоқ адамдардан немесе олардың уәкілетті өкілінен ақшалай және өзге де мүлік алатындардың қызметінің ашықтығы мен жариялығын қамтамасыз етуге бағытталған”, – делінген президенттің сайтында.

Органдар “бақылау мақсатында” мыналарды істей алады:

  • коммерциялық емес ұйымдардың (КЕҰ) басқармаларынан олардың басқару құжатын сұрай алады;
  • статистика, салық және өзге де мемлекеттік қадағалау және бақылау органдарынан, несие және өзге де қаржы ұйымдарынан КЕҰ-ның қаржы-шаруашылық қызметі туралы ақпарат сұратады, оны ала алады;
  • КЕҰ іс-шарасына өз өкілдерін қатысуға жібере алады;
  • КЕҰ қызметі, оның ішінде қаражат жұмсау және өзге де мүлікті пайдалану оның құжаттарына сай ма, жоқ па, соны тексере алады.
    Заң жарияланғаннан кейін 10 күннен соң күшіне енеді.
Factcheck.kz