Ирак парламентінің түзетулері балалар некесін қалай заңдастыруы мүмкін?

21 қаңтарда Ирак парламенті 1959 жылғы Жеке мәртебе туралы заңның неке мәселесіне қатысты баптарына түзетулер енгізді. Бұл шешім «елде тоғыз жасар қыздармен некелесуге рұқсат берілді» деген пікірдің тарауына себеп болды. Бұл ақпарат Қазақстан кеңістігінде де тарады (1, 2, 3, 4, 5, 6). The Guardian мен CNN-ге сілтеме жасаған дереккөздер бұл заңдағы өзгерістер діни көшбасшылардың отбасылық мәселелерді шешу құзыретін күшейтетінін жазды. 

Factcheck.kz редакциясы жаңа өзгерістердің мәнін ашып, құқық қорғаушылардың неліктен оларды балалар некесін заңдастыру деп санайтынын түсіндіреді. 

Түзетулер не туралы?

2024 жылғы 4 тамызда Ирак парламенті 1959 жылғы №188 Жеке мәртебе туралы заңның 2 және 10-баптарына түзетулер енгізуді ұсынды.

Түзетулерге сәйкес, енді ирактықтар неке қию кезінде 1959 жылғы Жеке мәртебе туралы заң мен шииттік немесе сүнниттік юриспруденция арасында таңдау жасай алады. 1959 жылғы заңда некеге тұру жасы 18, ал кейбір ерекше жағдайларда 15 жас деп көрсетілген. Алайда сарапшылар мен құқық қорғаушылардың сөзінше, қазіргі өзгерістер іс жүзінде 9 жастан бастап некеге тұруды заңдастыруға әкелуі мүмкін. 

Түзетулерде некеге рұқсат етілетін жас нақты көрсетілмеген. Дегенмен, Бостон колледжінің саясаттану кафедрасының ассистенті Марсин Альшамаридің жазуынша, олар заңды қолдану мәселесінде діни көшбасшыларға тәпсірлеу мүмкіндігін береді. Өз кезегінде бұл әртүрлі интерпретацияларға әкелуі мүмкін. 

Мысалы, Ирактағы көптеген шиит діни жетекшілер ұстанатын жафариттік ислам құқығы мектебіне сәйкес, қыз бала 9 жастан бастап тұрмысқа шыға алады, ал ұл бала 15 жастан бастап үйлене алады.

Иракта бұған дейін де балалар некесі өзекті мәселе болғанын айта кету керек. ЮНИСЕФ деректеріне сәйкес, 2015-2021 жылдар аралығында елдегі некелердің 28%-і кәмелетке толмаған қыздармен қиылған. 

Түзетулерге сәйкес, Шииттік вакфтың ғылыми кеңесі мен Сүнниттік вакфтың ғылыми және фәтуа кеңесі Жоғарғы сот кеңесімен үйлесе отырып, «Жеке мәртебе мәселелері бойынша діни нормалар кодексін» заң күшіне енген сәттен бастап алты ай ішінде әзірлеп, оны бекіту үшін Өкілдер кеңесіне ұсынуы керек.

Діни нормалар кодексі екі бөлімнен тұрады: 

  • Бірінші бөлім жеке мәртебе мәселелерін шииттік жафарит юриспруденциясына сәйкес реттейді. 
  • Екінші бөлім жеке мәртебе мәселелерін сүнниттік юриспруденцияға сәйкес реттейді. 

Ирактағы және халықаралық реакция

Түзетулердің қабылдануы Бағдадта және басқа қалаларда наразылық тудырды. Белсенділер бұл заң жобасын «әйелдер үшін апатты жағдай» деп атап, оны «балаларды зорлауды заңдастыру» деп айыптады.

Халықаралық үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдары 2024 жылдың тамыз айында-ақ парламент ұсынған түзетулерді қатаң айыптаған болатын. Human Rights Watch ұйымының Ирак бойынша зерттеушісі Сара Санбар бұл заң жобасының қабылдануы «Ирактағы әйелдер мен қыздардың құқықтарын заң жүзінде бекіту жолында көп күш жұмсаған күрестің күйреуіне алып келетін үлкен қадам әрі артқа шегіну» деп мәлімдеді

Сарапшылар мен құқық қорғаушылардың айтуынша (1, 2), бұл шешім әйелдерге қауіп төндіріп қана қоймай, қоғамдағы сектанттық бөлінуді күшейтуі мүмкін. 

Human Rights Watch ұйымының Ирактағы адам құқықтарының жағдайы туралы есебінде бұл түзетулер сотта тіркелмеген некелерді іс жүзінде заңдастыратыны, оның бұрыннан бері балалар некесіне рұқсат беру үшін қолданылып келгені айтылған.

Бір қызығы, «Жеке мәртебе туралы» заңға түзетулермен қатар, парламент тағы екі даулы заң бойынша дауыс берді: жалпы амнистия туралы заң және меншікті иелеріне қайтару туралы заң. Al Jazeera жазғандай, бұл процесс парламент мүшелерінің бірін-бірі айыптауына және байкоттарға алып келу арқылы аталған заңдарға қатысты келіспеушіліктердің қаншалықты терең екенін көрсетті. 

Депутаттардың бірі Ясир әл-Хусейни парламент спикері Махмуд әл-Машаданидің отставкаға кетуін талап етіп, қол жинауды бастағанын және қабылданған заңдардың нәтижесіне қатысты Федералдық сотқа апелляция беруге ниетті екенін мәлімдеді. Әл-Хусейнидің айтуынша, сессияны басқару сәтсіз болған, ал оның нәтижелері «конституцияға қайшы», себебі «үш заң бойынша дауыс беру бір уақытта, заңсыз және регламентті бұза отырып өтті», сондай-ақ кворумның бар екені расталмады.

Журналист, фактчекер

Factcheck.kz