Human Rights Watch Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің шолуы барысында мүше мемлекеттер шығарған ұсыныстарды дереу қолдауға және орындауға тиіс деп мәлімдеді. Кеңес 23 қаңтарда елдегі адам құқықтары жағдайына мерзімді сараптама жүргізген.
Қазақстанға адам құқығы бойынша 294 кеңес айтылды
Шолу кезінде 103 мемлекеттің делегациясы бейбіт митиңдер мен шерулерге, БАҚ пен пікір білдіру бостандығына және Қаңтар оқиғасындағы құқық бұзушылықтарды жауапкершілікке тарту бойынша 294 кеңес ұсынды. Оның ішінде гендерлік зорлық-зомбылыққа, ЛГБТ құқықтарына, мүгедектерге және азаптау мен қатігездікке қатысты кеңестер бар.
«БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мерзімді шолу барысында Қазақстандағы адам құқықтарының жағдайына алаңдады. Қазақстан елдегі адам құқығын айтарлықтай жақсарту үшін шұғыл шаралар қабылдауға тиіс», – деді HRW Орталық Азия бойынша аға зерттеушісі Мира Ритман.
БҰҰ-ға мүше барлық мемлекет әр төрт жарым жыл сайын елдегі адам құқықтарының жағдайын зерттейді әрі оны жақсарту үшін шаралар ұсынады. 2024 жылдың шілдесінде HWR Қазақстандағы адам құқықтары бойынша брифиң өткізген. Қазақстан үкіметі «ауқымды демократиялық реформалар жүргізіп жатқанын және адам құқықтарын өзінің халықаралық міндеттемелеріне сәйкес қорғайтынын» мәлімдеді. Оған қоса 2019 жылы соңғы шолуда қабылданған 214 ұсыныстың 195-ін орындағанын, ал 19-ы жүзеге асырылып жатқанын хабарлады.
Бірақ HRW ұйымы Қазақстан сөз бостандығы, бейбіт жиындар мен шерулерге еркіндік, ЛГБТ құқықтарын қорғаудан алға жылжыған жоқ деп мәлімдеді. Керісінше 2019 жылдан бастап Қазақстанда адам құқығы айтарлықтай бұзылған. Үкімет азаматтық және саяси бостандықтарға қысымды күшейтіп, экстремизмге қарсы заңнама шеңберінде белсенділерді, құқық қорғаушыларды, журналистерді, блогерлерді, үкімет сынағандарды және бейбіт митиң өткізгендерді қудалап, қылмыстық айып тақты.
Ұйым Қазақстанда шолу жарияланғанға дейін бірнеше күн бұрын сатиралық жаңалықтар сайтының негізін қалаушы Темірлан Еңсебектің қамауға алынғанын да еске салды.
Халықаралық делегация не ұсынды?
Норвегия мен Австралия Қазақстанға Қаңтар оқиғасы кезіндегі құқық бұзушылықтарды тергеу керегін айтты. Human Rights Watch құқық қорғау органдарының бейбіт халыққа шамадан тыс күш қолданғанын айыптады. Көптеген ел Қазақстанды азаптау мен қатігездіктің басқа түрлерін жасағандарды жазаға тарту керек деп ұсынды.
Ұлыбритания Қазақстанды «ұлттық заңнамадағы экстремизмнің анықтамасын қайта қарауға және зорлық-зомбылықсыз қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдарды терроризмді қаржыландыратын адамдар тізімінен шығаруға» шақырды.
Он шақты мемлекет Қазақстанды БАҚ бостандығын қолдауға және БАҚ қызметкерлерін, блогерлер мен журналистерді қорғауға кепілдік беруге шақырды. Ал бірқатар ел Қазақстанды ЛГБТ құқықтарын қорғауға, адамдары жынысына байланысты кемсітуге жол бермеуге үгіттеді. Human Rights Watch және басқа ұйымдар Қазақстандағы ЛГБТ өкілдері күн сайын қысымға, кемсітуге және зорлық-зомбылық ұшырайтынын, ал елде ЛГБТ-ға қарсы күрес жүріп жатқанын хабарлады.
Басқа мүше мемлекеттер үкіметтің «инклюзив білімге» кепілдік беруді сұрап, елдегі кедейлікпен жұмыс істеуді талап етті.
«Егер Қазақстан әлемдік аренада ойыншы болуға ұмтылса, ол басқа мүше мемлекеттер айтқан елеулі алаңдаушылықтарды елеусіз қалдырмай, бәрінің құқығын қорғау үшін шаралар қабылдауы керек. Алайда Астанаға халықаралық қысым жасалмаса, адам құқықтарының бұзылуы жалғасады деген қауіп бар»,-деді Ритман.