Харассмент туралы жазғанда журналистер сенсация іздей ме?

Кейінгі бірнеше жылда қазақстандық медиа кеңістікте харассментке қатысты жаңалық жиі жариялана бастады. Осыдан болса керек, биыл билік өкілдері де харассментпен күресу үшін арнайы заң дайындалып жатқанын хабарлады. Қазір харассмент үшін жауапкершілік жоқ. 2024 жылдың басында ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ренат Зұлқайыров дайындалып жатқан «құжаттардың тұтас пакетіне» харассмент пен сталкиң ұғымдары енгізілетінін айтты. Ал 14 маусымда «Қазір аталған түзетулер [харассментке қатысты] , бастама мемлекеттік органдарда талқыланып жатыр. Жақын арада бұл мәселе қаралады деп ойлаймын. Мәселе бұл заңды Еңбек министрлігінде әзірлеп жатқанында» деді. Бұл тұста Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының бағдарламалық менеджері Дина Амришева 2022 жылы харассменттен зардап шеккендердің 53%-і көмек сұрамайтынын айтты. Ал көмек сұраған жағдайда, оның әрбір үшінші жағдайы еленбей қалады.

Осы тұста Factcheck.kz редакциясы медиада тараған харассмент туралы кейбір ақпараттың соңы немен аяқталғанын, бұл тұста медианың рөлі туралы жазуды жөн көрді.

Харассмент — жыныстық қарым-қатынасқа қатысты кез-келген жағымсыз әрекет, жыныстық қызмет көрсету жайындағы өтініштер, сөзбен не әрекетпен істелетін не жыныстық сипаттағы қимылдар; егер мұндай әрекеттер жұмысқа кедергі келтірсе, яки жұмысқа қабылдау шарты болып сізді қорласа, ар-намысыңызға тисе, оны харассментке жатқызуға болады. Харассмент бір жыныс арасында, қарама-қарсы жыныста да болуы ықтимал. Жәбірленуші не агрессор әйел де, еркек те болады.

Харассмент туралы жиі жазу керек пе?

Белсенді Фариза Оспанның пікірінше, харассмент туралы медиада жиі жазу халықтың бұл тақырыпқа көңіл бөлуіне және ақпарат алуына көмектеседі. Себебі адамдар харассменттің не екенін, оны қалай тануға болатынын және неге оны қабылдамау қажет екенін жақсы түсіне бастайды.

«Ол сондай-ақ келісім мәдениеті мен заңнамадағы, құқық қорғау жүйесіндегі реформалардың қажеттігі туралы пікірталастарға ықпал етеді» дейді ол. Бұл пікірмен келісуге болады, өйткені жоғарыда жазған Қазақстанда бұл тақырыптың жиі айтылуы мен белсенділердің үнемі көтеруінен заңнамада жауапкершіліктің пайда болуы туралы айтыла бастады.

Дегенмен бұл тұста медиаға мән жайды ашық айтып берудің оңай емес екенін ескеру керек. Бұл тұста психологиялық және ішкі/сыртқы қысым болуы мүмкін. ЛГБТК+ белсенді және қазақстандық «Феминита» феминистік бастамасының негізін қалаушы Гүлзада Сержан қоғамның қысымы көп дейді.

Харрасментке көбіне ұшырайтын жас әйел не қыз болатынын атап айту керек. Әйел мен қызды әлеумет үнін шығармай, бар-жоғын білдірмей жүруге тәрбиелейді. Сол себепті қоғам тарапынан әйел мен қызға қарсы жасалатын қылмыс не қысым туралы айту ауыр. Қиналып тұрған адамға сенімсіздік білдіріп, қолдау көрсету былай тұрсын, өзін сынап-мінеп кетеді. “Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді” деп, тіпті мазақ қылады.

Гүлзада Сержан

Расымен зорлық-зомбылық пен сексуал харассменттен зардап шеккендер қоғамның қысымы мен өзін айыптаудан, «ұят» деген түсініктен қорыққаны үшін көбіне бұл жайында айтпайды, сондықтан да мұндай жағдайлар жабулы күйінде қалады.

Екі түрлі кейс

Factcheck.kz сайты медианың харассмент жағдайына қалай әсер еткенін байқау үшін бұған дейін БАҚ-та тараған екі жағдайдың немен аяқталғанын анықтады. Бұл үшін біз харассментке ұшыраған адамдармен тілдестік.

Медиа кеңістігінің харассмент және зорлық-зомбылықпен күресу үшін жақсы әлеуетін көремін

2023 жылы қарашада медиада Аида Алмасқызының Астана медицина университетінде Алышан Исмаиловтың, мұғалімнің харассментіне ұшырағаны туралы ақпарат тарады. Аиданың жазуынша, ол мұғалімге емтиханын қайта тапсыруға келгенде Исмаилов оның ішін ұстап, қолын төмен түсірген. Содан кейін Исмаилов кабинетті құлыптап, студентті көкірекшесін көтертіп, киімінің жағасынан кеудесіне қол тигізе бастаған. Аида «қорыққанын және ұялғанын» айтады. Дегенмен ол харассмент фактісін диктофонға жазып үлгерген. Университет әкімшілігіне шағымданып барған Аидаға тәртіптік кеңесте қыздың үстінен күліп, «қойылым жасап тұр» деген. Бұған жауап берген Исмаиловтың баласы Аиданың өзі «нашар оқитын», «мақсатына жету үшін бірнеше рет шу шығарғанын» жазды.

Аида бірден полицияға арыз жазып, аудиожазбаны дәлел ретінде берген. Іс тіркелгенімен, көп ұзамай оған 19 қарашада 1414-тен іс қараусыз қалғаны, архивте сақталғаны туралы хабарлама келеді. Тек медиада шу көтерілген соң ғана полиция қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлады.

Біз Аида Алмасқызымен хабарласып, істің немен біткенін сұрадық. Оның айтуынша, біріктірілген екі іс бойынша сот Исмаиловты ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша (Ұсақ бұзақылық) 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы үкім шығарған.

Аида бізге медиадағы резонанстың көп көмектескенін айтады. Себебі полицейлер бастапқыда істі жауып тастаған, кейін әлеуметтік желідегі резонанстың арқасында ғана іс қайта ашылып, тергей бастаған. «Бұдан мен медиа кеңістігінің харассмент және зорлық-зомбылықпен күресу үшін жақсы әлеуетін көремін» дейді Аида.

Оның сөзінше, Исмаиловтар отбасынан ешкім кешірім сұрамаған, ал қоғам тарапынан қысым көп болған. «Біздің патриархалды қоғам құрбандарды кінәлауға бейім болғандықтан, қысым барлық жақтан болды» дейді. Әлеуметтік желіде көптеген адам Аиданы балағаттаған, өзі «азғындырды» деген. «Әсіресе, осындай беделді, тәжірибелі хирург студентті ренжіте алмайды деген риторика көп тарады. Университеттегі мұғалімдер студенттерді маған қарсы қоя бастады» дейді ол.

“Полиция “Ол сені зорлаған жоқ қой, сен өзің ішіп алғансың” – деп өзімді кісендеді”

Екібастұзда 32 жасар Дана (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертілді) 27 қаңтарда қаланың демалыс орындарының біріне құрбыларымен барған. Ол ешкімге тиіспей, жай ғана демалып отырғандарын айтады. Осы кезде жандарына еркек отырған, танысқысы келген. Олар таныспайтындарын айтса да, ер адам арттарынан қалмаған. Кейін Дана құрбыларымен сыртқа шығып, қайтпақшы болғанда, ер адам арттарынан ілесе шыққан. Дана таксиге отыра бергенде танысқысы келген еркек «бас тартқаның үшін сені тауып аламын да, өлтіремін» деп қоқан лоқы көрсеткен. Дана қорқып, полиция шақырған. Келген полиция «ол сені зорлаған жоқ қой, сен өзің ішіп алғансың» деген. Бірақ Дана табандылық танытып, арыз жазатынын айтқан. Полиция пунктіне барғанда Дана адвокатын күтетінін айтқанда, оның қолын бұрап, төсекке кісендеп қойған. Оның қарсыласқанына полицейлер бұдан да күштірек әрекет еткен. Дана цистит болып ауыратынын айтады, бірақ полицейлер бұған қарамастан Дананы сол күйінде достары келгенге дейін ұстаған. Ал «өлтіремін» деп қорқытқан еркекті жібере салған.

Біз Данамен байланысып, қоқан лоқы көрсеткен адам жазасын алды ма деп сұрадық. «Екібастұз кішкентай қала, сондықтан маған қатысты жаңалық бірден тарап кетті» дейді ол. Оның сөзінше, медиа осы жағдай туралы жаза бастаған соң, үйіне полицейлер келген. Өздерімен бірге басшылыққа баруын сұраған. Бірақ Дана бұдан бас тартқанын айтады. «Қайта кісендеп тастайды деп қорықтым» дейді ол. «Мен олардың өзіне де осыны айттым. Мен сендерге көмек сұрап барып едім, маған керісінше, кесірлерің тиді» деген Дана. Ол Factcheck.kz журналисіне терең психологиялық жара алғанын айтты. Ал агрессор «дым болмағандай өмір сүріп жүрген шығар» дейді. Дананың сөзінше, қоғамдық резонанстан көп пайда бар, дей тұрғанымен мұның зияны да тие ме деп сескенеді.

“Харассмент тақырыбын жазу кезінде жәбірленушілерді қолдаудың орнына, сенсация іздейді”

Фариза Оспанның пікірінше, Қазақстанда да, шетелдік БАҚ-та да харассмент тақырыбын жазу кезінде кей жағдайда кәсібилік жетпейді. Мақалалар жәбірленушілерді қолдаудың орнына, сенсация іздейді әрі үстірт болуы мүмкін. Істің детальдап жазу, орынсыз сұрақтар мен жәбірленушінің жеке өмірін көпшілік алдында талқылау жәбірленушіге одан әрі зиян келтіруі мүмкін. Журналистер харассмент құрбандары үшін де, жалпы қоғам үшін де ықтимал зардаптар туралы хабардар болуы маңызды. Бұдан бөлек ол бұл тақырыптарды жазғанда сарапшыларды да абайлап таңдаудың, мақала тонына да көп көңіл бөлу керектігін ескертеді.

Ал Гүлзада Сержан барлығы журналистің кәсібилігіне байланысты екенін айтады. «Журналист біліктігіне қарай ақпаратты жинағанда сапасын өзі де бақылай алады деп ойлаймын. Кәсіби шебер болса, әртүрлі дереккөзге, сарапшы пікіріне жүгініп, мәселені толық ашуына мүмкіндік көп» дейді ол.

Харассментті көбірек жазсақ, қоғам жәбірленушіні емес, агрессорды айыптайды

Жалпы біз сөйлескен кейіпкерлер мен сарапшылар харассмент туралы медиада жиі жазудың, мәселені жан жақты тарқатып айтудың маңызын айтады. Гүлзада Сержанның сөзінше, «мұндай тақырыпты көбірек жазған сайын харассердің тыйылуына да, харрасментке ұшырайтын адам да бұл әрекет қоғам тарапынан бақылауда екенінен хабардар болады» дейді. Ал Фариза Оспанның пікірінше, бұл мәселені жазған сайын қоғам пікірі жәбірленушіні айыптаудан агрессорларды айыптауға ауысады. «Адамдар харассменттің жүйелі мәселе екенін, оны мұқият қарастырып, шара қолдану керек екенін түсіне бастайды. Бұқаралық ақпарат құралдары қалыптастыратын қоғамдық пікірдің қысымымен компаниялар мен мекемелер харассменттің алдын алу және жұмыс жағдайын жақсарту үшін өз саясатын қайта қарауына мұрындық болады» дейді.

Оның үстіне, биыл Қырғызстан аймақта бірінші болып жұмыстағы зорлық-зомбылық пен харассментке қарсы Халықаралық еңбек ұйымынң конвенциясын ратификациялады. Бұл біз үшін де үлгі боларлық қадам еді.

Жұмыста харассментке ұшырасаңыз әзірше не істей аласыз?

  • Харассмент болған уақытты, жерді, адамның аты-жөнін, куәгер болса оны да жазып отырыңыз. Жағдайды барынша нақты суреттеуге тырысыңыз;
  • Харассерден барынша аулақ болыңыз, ұнамаса — төзбеңіз. Агрессорға мұндай қылықтың ұнамайтынын, мұның харассмент екенін бірден айтыңыз. Мұны барынша қарапайым әрі қысқа сөйлеммен жеткізген дұрыс;
  • Егер сіз жыныстық бопсаға ұшырасаңыз басқа адамдар да сол агрессордың қылығынан зардап шеккен болуы әбден мүмкін, олардың басын қосыңыз, біріге дәлел жинаңыздар. Басқалар бұл туралы айтудан қорықса, оны да түртіп алыңыз да жұмыстың HR бөліміне шағым жазыңыз;
  • Дәлел жеткілікті жиналғанда басшылықтың әрбіріне кіріп шығыңыз, дәлелді көрсетіңіз және агрессорға қатысты шара қабылдауды талап етіңіз.

Харассментке ұшырап, оны бөліскіңіз келсе, мына сілтемеге өтіп форманы толтыра аласыз.

Материал Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің қолдауымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы жүзеге асырып жатқан «Қоғамдық көліктегі харассментпен күрес» жобасы аясында дайындалды.

Журналист-фактчекер, Factcheck.kz сайтының авторы әрі шығарушы редакторы. Organised Crime and Corruption Reporting Project ұйымында тағылымдамадан өткен.

Factcheck.kz