БҰҰ: Газада қаза тапқанның көбі — әйелдер мен балалар

Газа секторында қаза тапқанның көбі – әйелдер мен балалар. Бұл туралы Save The Children ұйымына сілтеме беріп, БҰҰ-ның палестиналық босқындар ісі бойынша Таяу Шығыс агенттігінің басшысы Филипп Лазарини хабарлады.

Филлип Лазаринидің айтуынша, биыл 7 қазанда басталған Израиль мен ХАМАС қозғалысы арасындағы конфликті салдарынан Газа секторының солтүстігінен оңтүстігіне 1 миллион адам қашуға мәжбүр болған. Алайда ол Газа секторының ешбір жері қауіпсіз емес екенін айтады.

Оған қоса БҰҰ өкілінің сөзінше, кейінгі үш аптада Газа секторында қаза тапқанның 70%-і — әйелдер мен балалар. Соғыс салдарынан онда шамамен 3200 бала қаза болған.

Ал ЮНИСЕФ басшысы Кэтрин Рассел Газада күн сайын 420-дан аса бала қаза табатынын немесе жараланатынын мәлімдеді. Оның дерегінше, Батыс Жағалауда 37 бала, Израильде 30 бала қаза болған. ЮНИСЕФ “ХАМАС кемінде 20 израильдық баланы кепілде ұстап отырғанын” айтады.

Factcheck.kz