Баланы кез-келген уақытта алып кетуге мүмкіндік беретін заң жобасы қабылдана ма?

11 сәуірде сенатта әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заң жобасы мақұлданды. Енді оған президент қол қоюы керек.

Жобада әкімшілік және қылмыстық кодекстерге бірнеше өзгерістер енгізу ұсынылды. Соның ішінде тұрмыстағы зорлық-зомбылықты криминализациялау және ұрып-соғу фактілерін қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастыру сынды өзгерістер бар. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында балаларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтарды да қатаңдату қарастырылған.

Алайда бұл заң жобасын қабылдауға қарсы тараптар да бар. Әлеуметтік желіде аталған заң жобасы “ата-анадан кез-келген уақытта балаларын тартып алып, ата-аналық құқықтан айыра алады” деген ақпарат (1, 2, 3, 4) тарады.

Instagram әлеуметтік желісінде 805 мың жазылушысы бар demeu.shynar есімді адам видео жариялап (архив), ол жерде “Балаларды ата-аналарынан алып кетіп жатқаны туралы айта кетейін, ол қазір законопроект болып тұр. То есть демо версия, оны әлі закон қылған жоқ. Қазір оның бәрі еш жақта айтылып жатқан жоқ. Новостной порталдардың бәрі үндемей отыр” дейді де “баламды алып кетті” деген басқа әйелдің видеосын көрсетеді. Автордың бұл посты материал жазылып жатқан тұста 120 мыңнан астап көрілім жинаған.

Автор эмоцияға әсер ететін негізсіз мәлімдеме жасағанынан бөлек (бұл әлбетте — манипуляция), өз сөзіне өзі қарсы шығады. Ол “отбасылардан алып кетіп жатқан” балалар туралы айтады да, артынан мұның әлі қабылданбаған заң жобасы екенін еске салады. Қысқаша айтсақ, заң жобасы әлі күшіне енбесе де автор басқа әйелді көрсету мен заң жобасын еске салу арқылы аудиториясын даурықтыруға тырысады.

Заң жобасында баланы алып кету қарастырылған ба?

Біз бұған дейінгі талдау мақаламызда жазғанымыздай, жоба баланы отбасынан алуға мүлде бағытталмаған.

Ата-ана құқығынан айыру – балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда қолданылатын ақырғы шара. Мұндай жағдайда тартып алу – баланы қауіптен құтқару. Бұл туралы түпкілікті шешімді ұзақ процесстен кейін сот шығарады. Ал мұндай жағдайда да баланы отбасына қайтарудың заң жүзінде бекітілген тетіктері бар. Балалардың құқығы бар және олар бұзылмауы керек. Кез келген зорлық-зомбылықтың түрі адам құқығын, яғни заңды бұзады.

2009 жылғы “Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы” заңның 17-бабына сай, зорлықшы тарапынан жаңа құқық бұзушылықтар жасалуының алдын алу және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ата-ана құқығынан айыру не шектеу қарастырылған.

Сенат қабылданған заң жобасына енгізілген өзгертулерде 17-бапқа тұрмыстағы зорлық-зомбылық қатері немесе фактілері анықталған кезде уәкілетті мемлекеттік органдар мен көмек көрсету жөніндегі ұйымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде құқық бұзушылықтардың жеке профилактикасы шараларын қабылдайды деген бөлім енгізілген. Алайда бұл бөлімде нақты зорлық-зомбылық фактілері тіркелгенде қолданылады.

Бұл прафилкатикалық жұмыстар тұрмыстағы зорлық-зомбылық денсаулыққа қасақана зиян келтіру, адамның психикасына қасақана әсер ету (қорқыту, қорлау), сексуалдық зорлық-зомбылық және адамды үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру фактілері тіркелген жағдай да ғана жүргізіледі. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық профилактикасының 17-бабы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған адамның құқықтық санасына және мінез-құлқын өзгерту және жаңа құқық бұзушылықтар жасалуының алдын алу және жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолданылады.

Сонымен қатар 21 ақпанда өткен мәжіліс отырысында заң жобасының бірінші оқылымы кезінде заң жобасын дайындауға қатысқан депутат Жұлдыз Сүлейменова және оқу-ағарту вице-министрі Еділ Сабырұлы балаларды отбасынан алып кетуге қатысты ешқандай норма қарастырылмағанын және талқыланғанбағанын айтты.

Баланы кез-келген уақытта алып кетуге мүмкіндік беретін заң жобасы қабылдана ма?
Мәжіліс отырысынан

Мәлімдеме: Ата-ана баласын ұрып-ұрмағаны дәлелденбесе де, 700 мың теңге айыппұл салынады және 1,5 ай қамауға алынады.

Әлеуметтіе желіде тараған ақпарат (архив)

Үкім: Манипуляция

Алдымен дәлелсіз “айыппұл салып, қамауға алыну” туралы мәлімдемеге еш негіз жоқ екенін айта кетейік.

Бұл ақпарат денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу баптарын қылмыстық кодекске енгізумен байланысты тараса керек. Ұсынылған заң жобасына сәйкес, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу фактілері қылмыстық кодекске енгізіледі.

Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру камелетке толмағандарға жасалса, 1 000 АЕК (шамамен 3 млн) дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, қоғамдық жұмыстарға тартуға, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не айыруға жазаланады.

Сонымен қатар тән ауруына ұшыратқан ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері кәмелетке толмаған адамға қасақана жасалса, 100-200 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 369 мың – 738 мың теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 30-50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.

Қарсы тараптар ата-анаға бұл жаза түрлері артық шығын әкеледі, отбасын бұзады деген сынды пікірде. Алайда балаға қарсы жасалатын кез-келген зорлық-зомбылық баланың физикалық-психологиялық жағдайына кері әсер етеді және бұл халықаралық бала құқықтары туралы Конвенцияның нормаларына сәйкес келмейді. Әрі Біріккен Ұлттар Ұйымының ұсынысына сәйкес балаларға қарсы жасалатын барлық зорлық-зомбылық түріне заңды түрде тыйым салынуы керек.

Factcheck.kz