Айыппұл он күннен кешігіп келсе төлемеуге бола ма?

Кейінгі бірнеше айда еліміздегі айыппұлға қатысты халық арасында түсініспеушілік туындап жүргені жасырын емес. Оған себеп – Алматы жүргізушілеріне шамамен екі ай бұрынғы айыппұлдары туралы ақпарат келе бастаған. Сондай-ақ желтоқсанда тараған «1 қаңтардан бастап күшіне енетін айыппұлдар» туралы ақпарат та халық наразылығын тудырды. Ал осыған жауап ретінде кейінгі аптада әлеуметтік желіде Әділет есімді заңгердің «Штраф 10 күн кешіксе төлеме» деген видеосы (архив) пайда болды (мында да). Factcheck.kz редакциясы айыппұл 10 күн кешіксе расымен төлемеуге бола ма деген сұрақтың жауабын іздеп көрді.

Айыппұл он күннен кешігіп келсе төлемеуге бола ма?

Мәлімдеме: Айыппұл он күн кешігіп келсе төлемеуге болады.

Үкім: Манипуляция

ҚР ІІМ ақпаратына сай, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 62-бабына сәйкес жауапкершілікке тарту мерзімінің өту уақыты – екі ай. Яғни кез келген азаматқа құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екі айдан кейін айыппұл келсе төлемеуге құқылы. Ал автор видеода келтірген 822-1-бабы тоқтатуға жататын мән-жайлар тізбесіне кірмейді (құқық бұзушылық кодексінің 741-бабы). Осылайша азамат 743-бап тәртібімен хабардар етілсе, айыппұл төлеу міндетті.

Дегенмен егер келіспеген жағдайда кері шағымдануға болатынын жоққа шығармаймыз. Заңгер Марина Абжанованың айтуынша, 822-1-бабына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген күннен бастап он тәулік ішінде көлік құралының меншік иесіне жіберілуі тиіc. Он күннен кешігіп келген айыппұлға шағым жазуға болады, алайда мұны сот шешеді. Алайда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде нұсқама уақытылы жіберілмеген жағдайда айыппұл төлеуден босатуды көздейтін тікелей норма жоқ екенін айтады заңгер. Айыппұлдың кешігіп келуі – шағымдануға және айыппұлдың күшін жоюға негіз бола алатын процессуалды құқық бұзушылық ретінде қарастырылуы мүмкін. Дегенмен атыңызға келген айыппұлды төлемеуге болады деу – жалған түсінік.

Сотта айыппұл сомасына қатысты дауласуға болады. Айталық, желтоқсанның аяғында құқық бұзушылық жасалды, ал қаулы қаңтарда жаңа АЕК мөлшерімен шықты. Осындай жағдайларда ескі жылдың АЕК төлеміне ауыстыруға болады. Сіз – кінәлі емес екеніңізді дәлелдейтін айғақтармен айыппұлға қатысты қаулыға шағымдана аласыз, алайда он күнді сылтауратып айыппұлдан толық құтылу деген пікір – қате.

Сонымен қатар, заңгердің айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 893-бабы бойынша айыппұл төлеу қажеттілігі туралы нұсқама заңды күшіне енген күннен бастап 30 тәуліктен асырмай төлеуі тиіс. Егер айыппұлды белгіленген мерзімде төлеуге мүмкіндігі болмаса, шешім шығарған органга өтініш беру арқылы тағы бір ай созуға немесе 3 айға дейін бөліп төлеуге мүмкіндік қарастырылған.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz