Жоғарғы сот Қаңтарда оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің өліміне қатысты істі қайта қарайды. Сот актісін қайта қарау туралы өтінішті екі тарап та берген.
Сотталған әскери қызметкер Арман Жұманның заңгері айыптау үкімін алып тастауды, оны ақтауды сұраған. Ал жәбірленген тарап істің «Кісі өлтіру» бабы бойынша қаралуын сұрады.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы Қаңтар қырғыны кезінде 4 жасар Айкөркем Меделханға оқ тиіп, қайтыс болды. Оқиға кезінде ол әкесі және екі бауырымен көлікте болған. Іс бойынша әскери қызметкер Арман Жұман айыпты деп танылып, 7 жылға сотталған еді. Енді айыпталған адам өзінің кінәсіз екенін, көлікке кім оқ атқанын білмейтінін айтты.