Айдос Садықовты еске алу акциясына қатыспақ болған жаңаөзендік белсендіге айыппұл салынды

Жаңаөзенде Айдос Садықовты еске алу акциясына қатыспақ болып, ұсталған белсенді Жадыра Досекееваға айыппұл салынды. Сот белсендіні “бейбіт жиын тәртібін бұзу” бабы бойынша кінәлі деп танып, 180 908 теңге (380 доллар) айыппұл салды. Бұл туралы “Азаттық Радиосы” хабарлады.

Сот шешімі 16 шілдеде шықты. Сот қаулысында белсенді “TikTok-тағы аккаунты арқылы Жаңаөзен тұрғындарын жинамақ болған, осылай заңсыз митиң өткізуге тырысқан” деп жазылған.

Дегенмен жауапкер айыппен келіспейді. Ол өзін “саяси қудалап жатқанын” айтады. Сот кезінде белсендінің адвокаты “Досекеева заң бұзбаған” деді.

Судья Досекееваның кәмелетке толмаған балаларын ескеріп, айыппұл көлемін 30%-ке азайтқан. Осылай, бастапқыда 258 мың теңге болған айыппұл 180 мыңға дейін қысқартылды.

Айта кетері, 6 шілдеде Жаңаөзенде Айдос Садықовты еске алмақ болып, қала орталығына жиналмақ болған он шақты адамды полиция ұстап, бірнеше сағаттан кейін қайта босатқан.

Factcheck.kz