Тәуелсіз журналистиканы құрдымнан құтқару

АМСТЕРДАМ – оқиға тексеруге тым жеңіл көрінетін фактілерге негізделсе, қайнаған суға түскен бақа туралы ертегіні еске түсіреді. Бақаны бірден қайнап тұрған суға лақтырып жібермейді; жылы суға толы ыдысқа жайлап сырғытып, кейін біртіндеп температураны көтереді. Су қатты ысып, бақа шыдауға мүмкін емес екенін түсінген кезде кеш болады, ақыры ол қайнаған суда өледі. Қазіргі журналистиканың басынан өтіп жатқан жағдай да дәл осы оқиға желісіне ұқсас болуы әбден мүмкін.

Соңғы 15 жылда журналистика саласында қысым көбейіп келеді. Кейінгі кезде қыспақ тым өршіп кетті. Мысалы, тек 2019 жылдың өзінде журналистерді негізсіз қамауға алу 12%-ға көбейіп , жалпы саны 389-ға жетті. Қамауға алу фактілерінің тең жартысы 3 елге тиесілі, олар: Қытай, Египет және Сауд Арабиясы.

Әсіресе халық көтерілісі журналистер үшін өте қауіпті болып есептеледі. Алжир, Гонконг, Таиланд, Венесуэлада өткен демонстрацияларда журналистерді қорқытып, артынан аңдып, оларға үнемі шабуыл жасалған. Полиция қатыгездігі мен Black Lives Matter қозғалысы сынды расизмге қарсы көтеріліс туралы хабар тарататын АҚШ журналистеріне құқық қорғау органдары тарапынан заңсыз шабуыл жасалған. АҚШ Баспасөз бостандығын қадағалау қызметі осы жылы БАҚ-қа қатысты 900 құқық бұзушылық іс-әрекет, оның ішінде 177 рет күш жұмсалғанын анықтады.

Әйел адамдар психологиялық тұрғыда, сондай-ақ ашық жыныстық зорлық-зомбылықа да жиі ұшырап жатады. Соңғы жүргізілген сауалнама қорытындысына сәйкес, Кениядағы әйел журналистердің 75% осы тектес қауіпке ұшыраған. Әйелдерге қарсы шабуыл жасағандардың қатарында жалпы әйел затын жек көретін жеке адамдар, әйелдердің дауысын басқысы келетін ұйымдық топтар; тіпті БАҚ бостандығын шектеп, әйел журналистердің сыни репортажына цензура жасағысы келген  мемлекеттік агенттікпен байланысы бар арнайы топтар болған.

COVID-19 дағдарысы журналистердің проблемасын одан әрі күрделендіріп, олардың жұмысын орындауға бөгет болды. Бұған ішінара кінәлі ретінде вирусты тоқтатуға бағытталған шектеу шараларын атап өтуге болады: жақында Freedom House тәуелсіз журналистика жұмысына кедергі келтіретін төтенше заңдар мен қаулы шығарған 91 елді анықтады. Олардың арасында баспасөз конференциясында сұрақ қоюды шектеуден бастап, жаңалық шығарылымдарын тоқтату мен веб-сайттарды бұғаттау да кездеседі.

Аталған проблеманың экономикалық тұсы да бар. Ондаған жылдар бойы дәстүрлі БАҚ қатты қысым көрді,  ал цифрлық технология керісінше олардың бизнес моделін түбірімен өзгертті. Қазіргі таңда COVID-19 дағдарысы көптеген елдердің экономикалық белсенділігін бәсеңдетіп, бизнес кірісін азайтты және қызметкерлерді жұмыстан шығаруға мәжбүр етті. Осының барлығы жаңалықтар қызметін де айналып өткен жоқ.

COVID-19 пандемиясының қалай әсер еткендігін анықтау мақсатында 165 тәуелсіз БАҚ өкілінің арасында сауалнама жүргізген Reuters Журналистиканы зерттеу институтының дерегі бойынша, жауап берушілердің тең жартысы 2020 жылдың өзінде кіріс көлемі 20% төмендейді деп күткен. Сауалнамаға жауап берген журналистердің 1/5 осы жылы аудиторияның жалпы саны күрт төмендегенін хабарлады. Бәрінен де бизнес-моделі тікелей жарнамаға негізделген БАҚ өкілдері, сондай-ақ, газеттер мен жергілікті баспасөз қызметінің жағдайы қиындап кеткен. Респонденттердің жауабына сәйкес, оларға ең маңызды дүние – операциялық шығындарды өтеуге қажет қаржыландыруды қамтамасыз ету.  

Ең қатты зардап шеккен жергілікті және аймақтық БАҚ. Әсіресе, дамушы елдердегі баспасөз қызметінің жағдайы өте ауыр. Дегенмен экономикасы дамыған елдерде де өніп кеткен ештеңе жоқ. Мысалы, Нидерландыда пандемияның алғашқы толқыны басталған уақытта барлық медиа ұйымдардың жылдық есептік көрсеткішіндегі жарнамадан түскен жалпы табыс көлемі 22%-ға төмендеген. Жүздеген фриланс журналистер болса ендігі толығымен мемлекеттің қолдауына тәуелді.

Осы тұрғыда COVID-19 пандемиясының тәуелсіз журналистиканы тұтас құртып жіберу қаупі басым. Бірақ бұған әлі жол бермеуге әрекет ететін уақыт бар.

Әуелі сөз бостандығына шабуыл жасайтын, тіпті шабуыл жасауға жағдай жасап беріп отыратын кейбір елдің үкіметтерін жазасыз қалдыруды тоқтату керек. Демократиялық елдер журналистерге жасалған шабуылдарды өздерінің демократиясына жасалған шабуыл ретінде қабылдап бастауы керек; және сәйкесінше қылмыстық жаза қолдануы керек. Барлық үкімет журналистердің аузына қақпақ қою мақсатында қолданылған пандемия кезіндегі шектеулер үшін жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Басқарушы органдар тәуелсіз журналистиканың экономикалық өмір сүруін қамтамасыз ету үшін ұлттық және көпжақты деңгейдегі шаралар жүргізуі керек. Мысалы, олар цифрлық салық есебінен қаржыланатын арнайы қаражат есебінен тәуелсіз БАҚ-ты мемлекеттік қаржыландыруға кепілдік беретін жүйе құра алады. Еуроодақ дәл осындай жалпыеуропалық қор құрып өзге елдерге үлгі бола алар еді. Ал демократиялық ел үкіметтері бүкіләлемдік прогреске түрткі жасау үшін алдағы Дүниежүзілік баспасөз бостандығы конференциясының мүмкіндігін кеңінен пайдалануы тиіс.

Сөзсіз, тәуелсіз журналистика қоғам игілігі саналады. Біздің әлем туралы көзқарасымызды қалыптастыратын оқиғаларды хабарлап, қылмыстық құқық бұзушылық пен этикалық тәртіпсіздіктерді, сондай-ақ билік басындағыларды әшкерелеу арқылы журналистер ақпараттық пікірталастарға жол ашады; есеп беру міндеттілігін күшейтеді, адамдардың құқығы мен мүддесін қорғайды. Сол себепті, кеш болмай тұрғанда журналистиканың маңызын уақытында мойындағанымыз жөн.

Тәуелсіз журналистиканы құрдымнан құтқару

Леон Виллемс

Free Press Unlimited директоры

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz