#1 эпизод «Жалған ақпарат және ол менің өміріме қалай әсер етеді?»

Құрметті оқырман!
Сіздердің назарларыңызға Factcheсk.kz сайтының подкасын ұсынып отырмыз. Бұл жерден алдын ала жазылған подкастардың аудиосын тыңдап немесе қаз қалпындағы мәтінін оқи аласыздар. Подкаст медиасауат пен фактчекингке және оқырмандардың критикалық ойлауын дамытуға бағытталған. Жоба Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жарық көреді. Ендеше кеттік.


 

Сәлем, достар! Менің есімім – Әсем. Бұл – «Шындық» подкасы. Бұл подкаста жалған ақпарат және оның бізге қалай әсер ететіні, оның пайдасы не зияны туралы және, сонымен қатар, сіздердің көкейлеріңіздегі сұрақтарға жауап береміз. Біздің мақсатымыз – барынша қарапайым түрде түсіндіру. 

Шындыққа әркімнің-ақ бар таласы. 

Қайырлы күн, тыңдармандар! Қазақстандағы алғашқы фактчекинг және медиасауат подкасына қош келдіңіздер! Бүгінгі эпизодымызда Қазақстандағы фактчек.кз ресурсының қазақтілді редакторымен әңгімелесетін боламыз. Сәлем, Думан! Подкасымызға қош келдің! 

Сәлем, Әсем! Қош көрдік! Подкастарыңызға табыс тілеймін! 

Рақмет! Жалпы, сенің ойыңша, жалған ақпарат дегеніміз не және ол біздің өмірімізге қалай әсер етеді? 

Жалған ақпарат, кез келген өтірік секілді, бұның да бізді әкелер салдары бар. Ол біздің қандай да бір өмірімізге, ертеңгі жағдайымызға немесе дәл қазіргі психологиялық, болмаса біздің эмоциялық жағдайымызға әсер ететін ақпараттың түрі. Яғни бұл ақпарат көбінесе шындыққа сәйкес келмейді және жалған болып табылады. Мұндай ақпарат түрін жалған ақпарат дейміз. Бұл видео, фотоға қатысты болса немесе бұрын таралған, қайта келіп жатқан ақпараттарды фейк деп айтамыз.

Адамдардың өміріне жалған ақпарат әртүрлі әсер етеді. Мысалы, белгілі бір сауда компаниясы болса, оның сауда өнімдеріне, брендіне ол кері әсер етуі мүмкін және сол жалған ақпарат арқылы оның нарықтағы құнын, нарықтағы бағасын төмендетіп жіберуі мүмкін. Тіпті жалған ақпарат, сіз бен біз білетіндей, күллі мемлекеттік органның немесе тұтас бір институционалды мекеменің, яғни мемлекеттің  құлдырауына, күйреуіне де әкеп соғуы ықтимал.

Сондықтан жалған ақпарат біздің күнделікті өмірімізде кездеседі және әрқайсымызға, тағы да қайталап айтамын, әрқайсымызға ол өте маңызды және әрқайсымыздың жалған ақпарат таратпауға, жан-жағымызды жалғандықпен уламауға атсалысуымыз керек. Өйткені, бұл бізге, біріншіден, эмоциялық тұрғыдан әсер етеді. Екіншіден, экономикалық тұрғыдан әсер етеді. Үшіншіден, біздің тіпті болашағымызға да  балта шауып кетуі бек мүмкін. 

Түсінікті. Ал осы Қазақстандағы жағдай қалай? Қазақстанда болып жатқан ситуацияны айта аласыз ба?

Өкінішке қарай, COVID-19 вирусының ауқымды таралуына байланысты Қазақстандағы жалған ақпарат күн сайын артып келеді. Мәселен, COVID-19 Қазақстанға келмей тұрған кезде factcheck.kz сайты коронавирусқа қатысты Қазақстанда тараған жалған ақпараттар туралы күніне бір немесе екі ақпараттан жариялап отырса, қазір күніне 5 материалдан 10 материалға дейін жарияланып кететін кездері болып жатыр.

Демек, бұл жалған ақпараттың және ақпараттық ағынның 5-6 есеге дейін ұлғайғандығын көруге болады. Оның басым көпшілігі COVID-19-ға қатысты болғандықтан, оқырмандар, тыңдармандар, көрермендер арасында, жалпы, Қазақстан азаматтары арасында түрлі жағдайда хаос тудыруы мүмкін.

Оларды қандай да бір өнімді жаппай сатып алуға итермелеуі немесе қандай да бір жағдайға байланысты қорқыныш, үрей тудыруы мүмкін. Жалпы, Қазақстандағы дәл қазіргі жалған ақпаратпен қатысты жағдай короновируспен тығыз байланысты және короновирус біткеннен кейін басқа дүниеге ауысуы мүмкін. Бірақ десе де, біраз уақыт бізде, қазақша айтқанда, короновирус әңгір таяғын орнатып тұрары анық. 

Сонда фактчек бұл жалған ақпаратпен күресу ғой. Жалпы, жалған ақпаратты сіздер қалай анықтайсыздар? Мысалы, күнделікті менің уотсабыма вирусқа байланысты  неше түрлі видеолар, хабарламалар келеді. Шыны керек, кейде өзім де ажырата алмай қалатын кездер болады.

Иә, оның кейде кәсіби мамандардың өзіне қиындық тудыратын кездері болады. Мәселен, сіздің уотсабыңызға фото немесе видео, я болмаса аудио, тіпті, мәтін келді делік. Бұндай жағдайда біз қарапайым бірнеше қадам жасауға кеңес береміз. Яғни ғаламтордан дәл сол оқиғаға қатысты ақпаратты іздеп көру. Мәселен, біздің жиі келтіретін мысалымыз- ЖИТС-і (СПИД) бар банан. Өйткені, ЖИТС ешқашан банан арқылы немесе қандай да бір ино-ағза арқылы таралмайды. Себебі, ЖИТС-тің әлсіздігі соншалық, сұйықтығы жоқ және оның органикалық сұйықтығы жоқ ортада өмір сүруі өте қиын. Сол себептен банан немесе басқа да жеміс арқылы таралу деген- мүлдем абсурд дүние. Қазір дәл осындай короновирусқа да қатысты ақпарат, яғни « Банан жемеңіздер, Қытайдан келген бананды сатып алмаңыздар. Олар Уханьда өсірілген және олардың ішінде COVID-19 бар. Жесеңіз тұмауратып ауырып қаласыз, артынан өлесіз»-деген секілді түрлі ақпараттар әлеуметтік желіде тарап жатыр.

Қарапайым ғана бір мысал келтірейін. Адамдарда бұдан қоқыныш туындайды және адамдар көп жағдайда ЖИТС-тің немесе короновирустың қалай жұғатынын түсінбейді. Сол себептен алданып, «Мә, Әсем! Мынан қараңызшы!»-деп мен сізге жіберем, сіз тағы біреуге жібересіз, ол тағы екі адамға жібереді. Жалған ақпарат та вирус сияқты таралады. Яғни біреуіміз жалған ақпаратты таратпай қойсақ, ол, бәлкім, тоқтар еді. Ал егер жалған ақпаратты тарата берсек, ол дәл осы COVID-19 вирусының жағдайы көрсеткендей онан әрі тарала береді, тарала береді. Бұл уатсапқа келген хабарламаға қатысты.

Десе де, бұндай хабарламаларды тарату, тағы да айтам, өз қолымызда. Ең бірінші мына тәсілдерді қарағанымыз жөн.

  • Біріншіден, бұл ақпаратты интернеттен қараймыз.
  • Екіншіден, бұған дейін осындай сарындағы ақпараттың болған-болмағандығын ойланып көреміз. Мәселен, бананға түрлі вирустар тағады.
  • Үшіншіден,  бұндай ақпараттарды ресми органдардан немесе фактчекинг ресурстарынан қарап көреміз. Тіпті, болмай жатқан күннің өзінде таныс журналистен немесе таныс адамдардан сұрап көргеніңіз дұрыс. Өйткені, оның бұл ақпаратқа қатысты дәл қазіргі сәтте имммунитеті болуы ықтимал. Сол себептен осындай қадамдар жасауға кеңес беремін.

Жалпы, ақпаратты тексергенде түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану керек. Оның ішінде ашық деректер бар, қазақстандық және халықаралық ашық деректер қоры бар.  Бұдан бөлек қарапайым ғана әдіс уотсапқа келген фото, видеоны youtube data viewer немесе google image search-тың көмегімен тексеруге болады. Яғни гуглға салып, осындай  фото бар ма, жоқ па, кездесті ме, кездеспеді ме деген секілді сұрақтарды іздеп қараймыз. Бұл көбінесе, мәселен, «Венецияға қолтырауындар келіпті»-дейді. Тіпті мынадай қызық ақпарат тарап жүр.  Весновкаға, яғни Есентай өзеніне дельфиндер қайтып оралды дейді. Елдер: «Ә, Весновкаға дельфиндер қайтып келіпті»,-десе,  «Мына қарашы, Думан, Есентайға дельфин қайтып келіпті»,-деп менің бір өте жақын танысым көрсетті. Сосын мен: «Сен кішкене қуады екенсің ғой. Весновкаға, яғни Есентай өзеніне дельфин сымайды ғой, кішкене ойлансайшы »,-дедім. «Аа, бұл шынымен де фейк екен ғой»,- дейді сосын. Сондай қарапайым ғана приколға алданып қалып жататын жайы бар.

Одан кейін кеше мен өзімнің «Бірге тексерейік» деген каналыма біздегі медиасауаттылық трагедиясы жайлы жаздым. Бұл жерде байқаған шығарсыздар, «Сиди, с*ка, дома» деген дәрі бар деп апа дәріханаға келеді. Сосын дәріханадағы қызметкерге: « Балам, «Сиди, с*ка, дома» деген жапониялық дәрі бар екен және осы дәрі короновирустан құтқарады екен. Осы дәріні маған берші!»-дейді.  Ана қыз не істерін білмей абдырап қалады. « Апа, бұл – боқтық сөз және ондай дәрі жоқ. Біреудің ойлап тапқан приколы ғой, ойдан шығарған дүниесі ғой», – дейді. Сөйтіп, апа аң-таң болып, «Ее, мынау қызық екен, мені алдап жіберіпті ғой, ә!»- деп, былайша айтқанда, с*ка десе, с*ка екен ғой деп кетіп қалады.

Бұл видео әлеуметтік желіге тарады және бұл өкінішке орай,  қазақстандықтардың әлі күнге дейін медиасауат деңгейінің өте төмен екендігін, сонымен қатар біздегі медисауат деңгейінің трагедиялық жағдайда екендігін көрсетті.

Яғни қарапайым ғана приколды адамдар түсінбеді. Ол прикол үйде отыр деген мағынада болған. Бірақ ол шынымен де қандай да бір адамды дәріханаға келіп ақпарат сұрауға, сол дәріні іздеуге, уақытын жоғалтуға итермеледі. Ол апаның жолда COVID-19 жұқтырып алуы әбден мүмкін еді. Дәріханада жұқтырып алуы, автобуста жұқтырып алуы мүмкін, біз білмейміз. Бірақ қандай прикол болса да, ол адамды итермеледі. Демек, ол – жалған ақпарат. Демек, біздің әлі де болса, медиасауаттылық деңгейіміз, тағы да айтамын, төмен. 

Думан, өзіңіз қазір ғана ашық деректер жайлы айтып өттіңіз.  Ол не? Жалпы, оны қайдан көруге болады?

Әсем, ашық деректер деген- бұл өте керемет нәрсе. Бұл- бүкіл деректердің жиналған жері. Бір сөзбен айтқанда, кез-келген  деректерді болмаса да, өте көп ақпаратты, фактіні, даталарды осы жерден табуға болады. Мәселен, Қазақстандағы ең үлкен ашық дерек қорлары – бұл электронды үкімет порталы – egov.kz  және соған тиесілі бірнеше порталдар. Бұл – «ашық үкімет», Қазақстанда «Ашық  дерек порталы, «Ашық бюджет» және бұдан бөлек бірнеше министрліктердің сайттары бар. Мысалы, статистика коммитетінің сайты, qamqor.gov.kz деген сайт бар. Бұлардың барлығы – ашық дерек. Демек, біз бұлардан осы таралып жатқан жалған ақпаратқа, фейктерге қатысты дәлелдерді, ақпараттарды таба аламыз. Сол себептен де біз оларды ашық дерек дейміз.

Жалпы, ашық дерек қорлары қазақстандық және әлемдік немесе жергілікті және әлемдік болып екіге бөлінеді. Жергілікті ашық дерек қорларын айтып кеттім. Ал әлемдік ашық дерек қорларына статистика сайты, БҰҰ-ның, ЮНЕСКО-ның сайты, тағы-тағы сол секілді бірнеше халықаралық ұйымдардың, база жинайтын ұйымдардың, Дүниежүзілік банктің, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдарының сайты жатады. Көп жағдайда осылардан қарағанымыз дұрыс. Бағана жалған ақпарат трагедиясы, медиасауат трагедиясы жайлы айтып кеттім. Бұл жерде медиасауат деңгейінің төмендігі соншалық, тіпті ірі, менмін деген мықты журналистердің өзі «Әй, осы журналист алданбайды-ау! Осы журналист сауатты-ау» деген кезде, олардың өзі алданып жатады. Сондықтан барынша сақ болған дұрыс. Ашық дереккөздерінде жалған ашық дереккөздері деген түсінік бар. Шындыққа жанаспайтын өтірік статистика немесе өтірік ақпарат жинайтын да ашық дереккөздері бар. Сондықтан абай болған жөн. 

Жалпы, сонда бұл ашық дереккөздері деген ақылы сервис емес қой. Яғни сонда олардың ішінен біз барлық деректерді ала береміз, иә? 

Әсем, ол былай. Кейбір ашық дерек қорлары бар. Мәселен, statista сайты- бұл әлемдік ашық дерек қоры. Әлем бойынша статистиканы жинайды . Бұл – ақылы. Бұған ақы төлеу керек, жазылу керек. Ал көбінесе мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың тарапынан болған ашық дерек қорлары тегін.

Түсінікті. Думан, сіз бағана фейк ақпараттар және олардың таралымы  жайында айта өттіңіз. Жалпы, егер де мен маған жіберген видеоны тексермей жіберетін болсам, оның маған қандай зияны тиюі мүмкін? Мен заң алдында жауап беретін боламын ба? 

Иә, заң алдында да, ар алдында да бұның тигізер зияны өте үлкен. Өйткені, біріншіден, заңда мынадай бап бар. «Жалған ақпарат тарату немесе көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату» деген шатаспасам, Қылмыстық кодексте 274-бабы. Осы бойынша адамдарға  үлкен көлемдегі айыппұл салынуы немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрмеге тоғытылуы мүмкін. Сол себептен де, бұл бапты естен шығармау керек және сіздің таратып жатқан видеоңызда немесе аудиоңызда түрлі жағдайлар болуы мүмкін.

Мәселен, ұлтараздық, дінараздық, ділараздық қақтығыстар тудыратын контент болуы мүмкін. Сол себептен де бұл жерде Қылмыстық кодекстің 174-бабы бар екендігін естен шығармау керек. Негізінен осы баптар және  Азаматтық кодекстерде де, Әкімшілік кодекстерде де жалған ақпарат тарату, адамдарды алдау, арбау секілді бірнеше баптар бар. Осы баптарды естен шығармаған дұрыс. Ең ауыр бабы, тағы да айтамын, Қылмыстық кодекстің 274-бабы. Бұл бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қазір көптеген адамдарды COVID-19-ға қатысты осы баппен сотқа тартып жатыр, осы баппен тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.  Сондықтан да абай болғандарыңыз жөн.

Думан, айтылған ақпараттар пайдалы болды деп үміттенеміз. Жалпы, өзіме өте қызықты болды. Думан, елімізде төтенше жағдайға байланысты үйде отырған адамдарға және әлеуметтік желіде ақпарат таратып жатқандарға, жалпы, барша қазақстандықтарға фактчеккер ретінде қандай кеңес берер едіңіз?Біріншіден, қазір- қазақша айтқанда, еріккендер көбейетін кез. Өйткені көпшілігіміз үйде отырып не істерімізді білмей кетеміз, видео қараймыз, теледидар қараймыз, одан соң ұйықтаймыз, кітап оқимыз, тағы да ұйықтаймыз. Кеше өте танымал азаматтардың бірі «Facebook» желісіне: «Ертерек ұйықтайық. Таңертең тұрып, шай ішіп, қайта ұйықтау керек», – деп жазып қойыпты. Сондай да жағдайлар болып жатыр. Яғни адамдар көбінесе тамағын ішіп, қайтадан ұйықтап, тамағын ішіп, қайтадан ұйықтап жатқан да жайттар бар.  Бұл азаматтардың барлығына, яғни төтенше жағдайға қатысты үйінде отырған адамдардың барлығына келесідей кеңес берер едім.

Бірінші,  уатсапқа немесе басқа да мессенджерлерге келген хабарламалардың рас-өтірігіне қарамастан, «Уау, мынадай екен, мынадай болып жатыр екен. Масқара, мынадай көбейіп кетіпті! Ойбай, мынадай болып кетіпті!»- деместен таратпаңыздар.

  • Бірінші қараңыздар. «Бұл, шынымен де, сіздің эмоцияңызға әсер ете ме, бұл шынымен де осындай болуы мүмкін бе?» деген сұрақтарға жауап іздеуге тырысыңыздар.
  • Одан кейін тағы да бір айта кететін мәселе, осы ақпаратты таратпастан бұрын сіз « осы ақпаратты тарату арқылы өзіңіздің досыңызға, жақыныңызға, өзіңіз араласатын әріптестеріңізге, тіпті басқаша айтқанда айналаңызға, қоршаған ортаға қандай да бір зиян келтірмеймін бе?» деген сұраққа жауап беріп көріңіз.
  • Егер ешкім ешқандай зиян шекпейтін болса, онда, иә, мархабат, жіберіңіз.
  • Одан кейін өзіңізді дамытыңыз, тіл үйреніңіз,  кітап оқыңыз, түрлі курстарға қатысыңыз. Мәселен, біздің әріптестеріміз адам құқықтары бойынша курстарға қатысып жатыр, ағылшын тілін дамытып жатыр, біреуі неміс тілін үйреніп жатыр деген секілді. Бізге бұл карантин уақыты үйде жатып демалу үшін немесе үйде жатып ерігу үшін берілген жоқ Бізге жұмыс жасап, даму үшін берілді. Сондықтан барынша дамығанымыз, өзімізді дамытқанымыз жөн.

Карантин ертең бітеді де кетеді. Бұл әрі кетсе, бір айдың ар жақ-бер жағында болатын дүние. Одан кейінгі күніміздің қалай боларын ойлауымыз керек. Сол себептен де барынша өз-өзімізді дамытып, барынша жалған ақпараттан, фейктерден денемізді, ойымызды, пернетақтаны теретін саусақтарымызды алыс ұстағанымыз жөн.

Сұхбатыңызға рақмет, Думан! Құрметті тыңдармандар, бізді тыңдағандарыңыз үшін рақмет! Қолдарыңызды жууды ұмытпай, үйде отыруға тырысыңыздар! Келесі эпизодта кездескенше!

Factcheck.kz