ЖАРТЫЛАЙ ШЫНДЫҚ | Жасөспірімдер арасындағы суицид, яғни өз-өзіне қол жұмсау фактісі артқан

    Фото google.com сайтынан

    Үкім: Жартылай шындық 

    Балалар мен жасөспірімдердің өлімі, соның ішінде өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары көбейгенімен, виртуалды ойынның салдарынан өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы көбейді деу – қисынсыз. Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде «түрлі виртуалдық ойын салдарынан өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары артқан» деген ақпарат көп. Бұл жалған ақпарат.

    Скриншот azattyq.org сайтынан
    Скриншот 365info.kz сайтынан
    Скриншот kaztengrinews.kz сайтынан
    Скриншот azattyq.org сайтынан

    Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының суицид картасы бойынша, Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы бойынша ең қауіпті елдердің қатарында. 1996-98 жылдары елімізде өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары өте жиі тіркелген. Одан кейін көрсеткіш төмен түсе бастаған. Алайда, 2015 жылы қайтадан артқан.

    Статистикалық мәліметтер 2000-2014 жылдары 15 жастан 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында суицид артқанын көрсетеді.

    Жасөспірімдер арасындағы суицид және оған виртуалды ойындардың әсері 2017 жылғы 13 ақпан күнгі Үкімет сағатында сөз болды. Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов 2016 жылы елімізде жасөспірімдер арасында 16 суицид оқиғасы тіркелгенін айта келіп, тексеру нәтижелері бойынша бұл оқиғаларға әлеуметтік желідегі «өлім топтарының» қатысы жоқ екені белгілі болғанын жеткізді.

    Ішкі істер министрлігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылы жасөспірімдерді суицидке алып келетін оқиға бойынша 9 қылмыстық іс қаралған. Олардың да ешбірінің әлеуметтік желідегі ойын топтарына қатысы болмаған. Яғни, елімізде жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының артып отырғаны шындық болғанымен, ол оқиғалардың виртуалды ойындардың әсерінен болып отырғаны – шындыққа жанаспайды.

    Скриншот yk-news.kz сайтынан
    Скриншот nur.kz сайтынан

    ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаевтың бізге берген жауабына сүйенсек, биыл жыл басынан бері виртуалдық ойындардың салдарынан өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері туралы 90-нан астам өтініш пен хабарлама тіркелген.

    Алмас Садубаев, ІІМ өкілі:

    Олар бойынша тексеріс жүріп жатыр. Виртуалдық ойындарға қатысу салдарынан өз-өзін өлтіру фактілері тіркелген жоқ.

    2017 жылғы 28 ақпан күні «Сорос-Қазақстан» қоры «Кипр» аналитикалық тобымен бірлесе отырып, сарапшылардың қатысуымен үлкен талқылау өткізді. «Көк кит» балаларға, желіге және қоғамға қарсы» деген тақырыппен өткен талқылауға барлығы 40-тан астам сарапшы қатысып, өз пікірлерін білдірді. Осы жиында сөз алған медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер, Балалар мен жасөспірімдер психиатриясы бөлімінің балалар психиатры Сергей Скляр суицидтің себептері өте көп екеніне тоқталды.

    Сергей Скляр, жоғары санатты дәрігер:

    Интернет кеңістік те суицидке себеп болып отырған бір фактор болғанымен, ол негізгі фактор емес. Бүгінгі күні жасөспірімдер арасындағы суицид пен «Көк кит» сияқты ойындардың арасында байланыс бар екені дәлелденген жоқ.

    REGNUM ақпарат агенттігі жүргізген зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, соңғы бес жылда елімізде 16 864 өз-өзіне қол жұмсау оқиғасы тіркеліпті.

    REGNUM ақпарат агенттігі мынадай кесте ұсынады:

    Ер адамдар арасындағы суицид көрсеткіші

    Жыл 2012 2013 2014 2015 2016 5 жыл ішінде
    Жасы: 5 жастан 14 жасқа дейін 36 53 45 50 46 230
    15 жастан 17 жасқа дейін 94 105 72 78 69 418
    18 жастан 24 жасқа дейін 351 334 307 309 287 1588
    25 жастан 29 жасқа дейін 345 358 311 381 386 1781
    30 жастан 34 жасқа дейін 305 290 317 389 406 1707
    35 жастан 44 жасқа дейін 563 555 541 652 755 3066
    45 жастан 54 жасқа дейін 368 410 434 556 581 2349
    55 жастан 64 жасқа дейін 248 267 226 334 389 1464
    65 жастан 74 жасқа дейін 90 103 79 122 138 532
    75+ 72 79 70 95 95 411

     

    Әйелдер арасындағы суицид көрсеткіші

    Жыл 2012 2013 2014 2015 2016 5 жыл ішінде
    Жасы: 5 жастан 14 жасқа дейін 19 29 16 16 18 98
    15 жастан 17 жасқа дейін 62 105 59 58 42 326
    18 жастан 24 жасқа дейін 98 117 84 111 116 526
    25 жастан 29 жасқа дейін 64 82 63 82 83 374
    30 жастан 34 жасқа дейін 55 58 55 70 84 322
    35 жастан 44 жасқа дейін 110 111 92 123 144 580
    45 жастан 54 жасқа дейін 75 64 76 86 104 405
    55 жастан 64 жасқа дейін 39 57 45 73 54 268
    65 жастан 74 жасқа дейін 32 27 26 41 36 162
    75+ 29 45 35 59 59 227

     

    Статистикалық деректер елімізде суицид фактілерінің артқанын көрсетіп отыр. Алайда, жасөспірімдер арасындағы суицидтің негізгі себептері виртуалдық ойындар емес, «стресс, депрессия және психоактивті заттарды пайдалану». Мұндай деректі Балалар мен жасөспірімдер психиатриясы бөлімінің балалар психиатры, Республикалық психикалық саулық жөніндегі ғылыми-практикалық орталықтың суицидология бағдарламасының үйлестірушісі Сергей Скляр келтіреді. Жоғарғы санатты дәрігер былай дейді:

    Құрметті ата-аналар, балаларыңызға назар аударып, көңіл бөліңіздер. Егер балаңыздың мінез-құлқынан қандай да бір өзгеріс байқасаңыз, сабақ үлгерімінде өзгеріс болса, мектепке барудан қашқақтаса, бала алкогольге және есірткі өнімдеріне құмартса, темекі шеге бастаса, мұны стрестің және суицид қаупінің алғашқы белгілері деп білген жөн.

    Думан Смақов

     


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.