Мұнай бағасын болжаудағы қиындықтар

    ЛОНДОН – Мұнай бағасы туралы жазу әрдайым қиын. 2015 жылдың қаңтарында  «мұнай бағасы бұдан әрі арзандамайды, жыл соңында мұнайдың құны жылдың басындағыға қарағанда қымбат болады» деп болжаған едім. Қателесіппін, бірақ соншалық көп жаңсақ кетпеппін.

    Жақында мұнай нарығы қатысушыларының Давосы саналатын Әбу-Даби Мұнай көрмесі және конференциясы (ADIPEC) деп аталатын үлкен жиында сөз сөйледім. Сол басқосуда мұнай саласы басшыларының келер жылдың осы кезеңінде шикі мұнайдың құны қазіргідей барреліне 60 доллар қалпында қала береді деген бірауыздан жасаған болжамын естідім.

    CNBC тілшісі Стив Седжуикпен сұхбатымды бастағалы жатыр едім. «Бұл бірінші мәселе болады. Бір жылда мұнай бағасы өзгермейді дей ме?» – деп сөз бастадым. Седжуик эфирдегі әңгімесін менің пікірімнен бастады, сосын көпшіліктің пікірімен неліктен келіспейтінімді сұрады.

    Ойымды түсіндірмес бұрын әдеттегі ескертуді айтып алайын. Мұнай бағасын болжау – тәуекелді жұмыс, іс жүзінде болжам жасау арқылы біз валюта нарығын тым оңайлатып жібереміз. 1970-жылдардың соңы мен 1980-жылдардың басында мұнай нарығы турасындағы докторлық диссертациямды бітіргенде мұнай бағасын болжаудың өзі уақыт пен энергияңды босқа шығындау екенін түсінгенмін. Кейіннен Goldman Sachs-та жұмыс істеп жүргенімде зерттеу тобымдағы тауар сарапшыларының мұнай бағасы төңірегіндегі хаосты зерттеуге тырысып жүргендеріне қарап күліп отыратын болдым.

    Менімен сұхбаттасып тұрып Седжуик бір қызық жайтты айтып қалды. Басқа активтердің бағасы соңғы жылдары күрт құлдырағанын ескерер болсақ, мұнай мен басқа да тауарлардың бағасы да солай төмендеуі мүмкін екенін айтты ол. Әрине, бұлай болуы мүмкін. Оның сөзінің жаны бар.

    Бірақ, менің ойымша, валюта, облигация және қор нарығындағы волатильділіктің төмендеуі әлемнің көп бөлігінде инфляцияның төмендеуінен және соңғы жылдары орталық банктердің ақша-несие саясатына көп өзгеріс енгізбеуінен болып отыр. Әсіресе, энергетика нарығы сұраныс пен ұсыныс өзгерісінің қарсаңында тұрған қазіргі кезеңде бұл факторлар мұнайға да дәл осы жолмен әсер ететініне онша сенбеймін.

    Сұраныс жағын айтар болсақ, нарық сарапшылары 2017 жылдың өн бойында анықталған жайтты енді назарға алып жатыр. Әлем экономикасы күш алды, қазір ол шамамен 4 пайыз не одан жоғары деңгейде өсіп келеді. Үндістан мен Ұлыбританияны қоспағанда әлемдегі ең ірі он экономиканың сегізі қанатын кең жайып келеді. Тіпті көп ел мұнайдан бас тартуға әрекеттеніп жатқанымен, бұл өзгеріс жылдам бола қоймайды. Яғни, мұнай нарығы сұраныстың артуына дайындалып жатыр.

    Ал ұсыныс жағына келсек, әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші ел – Сауд Арабиясы аяқ астынан біраз жұртты қобалжытып тастады. Сауд үкіметі ел ішінде де, сыртқы саясатта да радикалды өзгерістерді қолға алды, олардың мұны неге істеп жатқаны әлі де толық түсінікті емес. Нарықтың қатысушылары мұнай бағасына кенеттен үстеме қосып жіберсе, бұған таңқалудың қажеті жоқ.

    ADIPEC-те екі рет сөйлегенімде Brent маркалы мұнай бағасының өзгеру қарқыны мен оның алдағы бес жылдағы бағасы туралы слайдты көрсеттім. Мұнайдың теңгерме бағасын анықтауға байланысты фундаменталды көрсеткіштерге негізделген әдістің болмауынан көптен бері алдағы бес жылдың бағасына болжам жасай алмай келгенмін. 2015 жылғы қаңтарда түсіндіргенімдей, Brent маркалы мұнай бағасы спекулятивтік тербелістерге онша бағына бермейді, сондықтан сұраныс пен ұсыныс факторларына сүйене отырып шамамен болжам жасауға болады.

    Қарашаның басындағы мұнай бағасының күрт өсуінен бұрын әзірленген диаграммада біраз тұрақтағаннан кейін алдағы бес жылда мұнай бағасының өсетінін көрсеттім. Қазіргі баға бес жылдан кейін болады деген бағадан асып кеткендіктен, бұл тренд өзгереді деп ойлайтындар болуы мүмкін. Өз басым бұған онша сенімді емеспін, бірақ егер бұлай болса, бұған онша таңқалмас едім.

    Седжуиктің сауалына қайта оралайық. 2018 жылғы қарашада мұнай бағасы барреліне 60 доллар болады десек, мен алдағы уақытта баға 80 долларға дейін өседі деп болжаймын.

    Бұған қоса Седжуик менен «Мұнай компаниялары инвестициялық және операциялық шешім қабылдау процесін циклдік факторлардан қалай тәуелсіз етсе болады?» деп сұрады. Мұнай компаниялары қара алтын қымбаттап жатқан кезде сабыр танытып, баға арзандап жатқанда құлазымауы мүмкін бе?

    Бұл – қиын сұрақ. Бұл үшін мұнай компаниялары тауар нарығын саралау жолындағы ізденісін аяқтауы керек. Өз басым бұл істі бастап, әлі тәмамдаған жоқпын. Олар мұнайдың негізгі теңгерме бағасын болжаудың сенімді әдісін ойлап табуы қажет. Кейін мұнай бағасы сол теңгермедегі стандартты өлшемнен екі есе асып кеткен жағдайда әріптестерінің, сарапшылардың және сала өкілдерінің еліктірер ақыл-кеңестеріне көңіл аударуды доғару керек.

    Джим О’Нейл – Goldman Sachs Asset Management-тің бұрынғы төрағасы, Ұлыбритания Қаржы министрлігінің коммерция жөніндегі бұрынғы хатшысы, Манчестер университетінің құрметті профессоры, Британия үкіметінің «Микробка қарсы тұрушылық» жобасының төрағасы.

     Copyright: Project Syndicate, 2017.
    www.project-syndicate.org


    factcheck.kz мақалаларында аты-жөні аталған тұлғалар немесе оқырман біздің үкіммен немесе дәлелдемелерімізбен келіспейтін болса, тиісті материалдарды ұсынған жағдайда редакция үкімді қайта қарастырып, құжаттарды жариялауы мүмкін.

    Бұл басылым Сорос-Қазақстан Қорының қаржылай қолдауымен дайындалды (жарияланды, жарық көрді). Бұл жарияланымның мазмұны автор(лар)дың пікірі мен көзқарасын білдіреді, оның Сорос-Қазақстан Қорының көзқарасымен сай келуі міндетті емес.