Сәуірдің 3-де өткен мәжіліс отырысында депутат Сұңқар Ислам Қазақстандағы такси бағаларына шүйлігіп, біраз мәселенің басын шалды. Депутаттың айтуынша, Қазақстан такси қызметінің құны бойынша әлемде 73-орында, ал ТМД елдері бойынша ең жоғарғы көрсеткішке ие. Сондай-ақ, қазіргі таңда “яндекс такси” қызметінде 200 мыңнан астам адам қызмет етіп келетінін жеткізді. Осы және өзге де депутат мәлімдемесін Factcheck.kz тексеріп көрді.
Мәлімдеме: Такси қызметтерінің құны бойынша әлемдік рейтиңде Қазақстан 73-ші орында. Елімізде такси қызметтерінің құны бір километрге 0,67 долларды құрады – бұл ТМД мемлекеттері арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Сұңқар Ислам, мәжіліс депутаты
Үкім: Манипуляция
Депутат Сұңқар Ислам ақпаратты Numbeo-ның деректеріне сүйене отырып жасаған. Бұған дейін бірнеше рет Numbeo деректерінің әрі методологиясының күмәнді екенін жаздық. Олар ақпаратты қарапайым тіркелушіден сауалнама жүргізу арқылы жинайды және рейтиңде тек 96 мемлекет бар.
Statista 2023 жылы ақпанда әлемдегі ең арзан такси бойынша инфографика жасаған. Алғашқы 10 мемлекетте ТМД құрамына енетін 4 ел бар: Ресей, Армения, Беларусь және Өзбекстан. Такси құны уақыт өте келе өзгеріп отыратындықтан және барлық елді қамтитын рейтиңнің жоқтығынан нақты дәлелдеме келтіру қиын.

USA Today такси құны бойынша әлемлегі ең арзан 10 ел туралы жазды. Олардың арасында ТМД елдерінен бірде бір ел жоқ.
Біз бұған дейін Numbeo, Studee.com, ТурСтат аналитикалық агенттігі, Best countries және тағы басқа методологиясы күмәнді, статистикалық сенімділігі сын көтермейтін әрі барлық елді қамтымайтын “халықаралық” деректер туралы жаздық. Алдағы уақытта егер де жоғарыдағы аталған дереккөздерге сілтеген қандай да бір материал байқасаңыздар ары қарай таратпауларыңызды сұраймыз. Осы “рейтиңдер” туралы жазған материалымызды төменнен оқи аласыздар.
Мәлімдеме: “Яндекс таксиде” 200 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Оның 50 мыңы – негізгі табыс, қалған 150 мың адам үшін бұл қосымша табыс.
Сұңқар Ислам, мәжіліс депутаты
Үкім: Шындыққа жақын
Urban forum Kazakhstan зерттеуіне сай, 2023 жылы Қазақстанда 213 мыңнан астам такси жүргізушісі тіркелген. Оның 13%-і негізгі табыс болса, 83%-і қосымша табыс. Такси жүргізушілердің 10%-і көлікті жалға алса, қалғаны өздерінің көлігімен тіркелген.
Қазақстанда жалпы таксидің орташа бағасы – 970 теңге болды. Ал мегаполистерде такси құны орташа есеппен 1000 мен 3000 теңгенің арасында.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.