Қарағанды облысында жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ке төмендеді ме?

10 қаңтарда Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев президенке есеп берді. Ермағанбет Бөлекпаевтың сөзінше, 2023 жылы Қарағанды облысында жеңіл өнеркәсіп 23.9%-ке өсіп, жұмыссыздық деңгейі 4,1%-ке төмендеген. Облыс әкімінің президентке берген есебі қаншалықты рас? Factcheck.kz тексеріп көрді.

Мәлімдеме: Былтыр 11 айдың ішінде өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,1 триллион теңгені құрады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев

Үкім: Шындық

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында (11 ай) Қарағанды облысындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,1 трлн теңге болған. 

Мәлімдеме: Негізгі капиталға салынған инвестиция 16,3 пайызға артып, 727 миллиард теңгеге жеткен.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев

Үкім: Шындық

2022 жылдың қаңтар-қараша айларында Қарағанды облысына 595 174 238 000 теңге инвестиция салынған. 2023 жылдың 11 айлық қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 727 245 508 000 теңгеге жетіп, 16,3%-ке өскен. 

Мәлімдеме: Машина жасау ісінде 45 пайыз, жеңіл өнеркәсіпте 23,9 пайыз, фармацевтикада 20 пайыз өсімге қол жеткізілген. Сонымен қатар қағаз өнеркәсібінде, құрылыс индустриясы мен қара металлургияда өсім байқалады.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев

Үкім: Дәлелденбеген

Мәлімдемеде қай жылмен салыстырғандағы өсім туралы баяндалмады. Біз жылдың басындағы көрсеткіштермен және өткен жылғы статистикамен салыстырып тексеріп көрдік. Екі жағдайда да Ермағанбет Бөлекпаевтың сөзі расталмады.

Машина жасау саласының негізгі өнімі 2022 жылдың 11 айында 163 370 384 000 теңге болған, 2023 жылдың қаңтар-қарашасында бұл көрсеткіш 284 564 855 000 теңгеге жетті, яғни өнім 74,2%-ке өскен. 

Облыстағы жеңіл өнеркәсіп өнімінің мөлшері 2022 жылдың 11 айында 5 892 172 000 теңге болса, 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында 8 561 055 000 теңгеге жеткен. Өсу көрсеткіші 45,29%.

Фармацевтика саласындағы өсу Қарағанды облысы әкімі айтқан шамадан төмен. Дәрі шығару ісінде облыстағы өнім мөлшері 10,8%-ке өскен. 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында 15 746 810 000 теңгеден, 2023 жылдың қаңтар-қарашасына дейін 17 460 886 000 теңгеге жетті. 

Қағаз өнеркәсібінде 7,9%-ке (5 147 596 000 тг – 2022,  5 552 874 000 – 2023), құрылыс индустриясында 9,5%-ке (350 554,907млн тг – 2022, 384 192,16 млн тг –2023) өсім бар.  Алайда, қара металлургия өндіру бойынша 18%-ке төмендеуі байқалды. (1 150 387 100 000 – 2022, 943 168 667 000 – 2023)

Мәлімдеме: Шағын және орта бизнес саласында 100 мыңнан астам компания қызмет етеді және бұл бағытта өңірдегі белсенді халықтың 45 пайызы жұмыс істейді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев

Үкім: Шындық

2023 жылы Қарағанды облысында 112 018 шағын және орта кәсіпкерлер тіркелген, оның 100 354-і жұмыс істеп тұр. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2023 жылы Қарағанды облысында 1 135 523 тұрғын болған. Оның 548 080-і осы салада қызмет етеді (дерек Ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысынан алынды). Бұл Қарағанды облысындағы халқықтың 48,2%-і

Мәлімдеме: Кәсіпкерлер үшін бөлшек салықтың мөлшері 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. 

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев

Үкім: Шындық

Қарағанды қалалық мәслихатының 2023 жылғы 27 маусымдағы № 56 шешімі бойынша бөлшек салықтың мөлшері 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді

Мәлімдеме: Жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайызға, кедейлік деңгейі 2,7 пайызға дейін төмендеген. Ал халықтың нақты табысы 4,7 пайызға көбейген. 

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес Қарағанды облысында 2022 жылдың ІІІ тоқсанында 24,6 мың адам жұмыссыз деп тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылдың III тоқсанында 23,6 мың адамға дейін азайып, жұмыссыздық деңгейі 4,1%-ке төмендеген. 

Облыс бойынша кедейлік деңгейі 2023 жылдың ІІ тоқсанында (соңғы статистика) халықтың 3,1% болса, 2022 жылдың ІІ тоқсанында 3,2% болған, яғни 1 жылда 0,1%-ке төмендеген (дерек Ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысынан алынды).

2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қарағанды облысындағы халықтың нақты ақшалай табыс индексі өткен жылмен салыстырғанда 4,7%-ке өскен.

Factcheck.kz