Фактчек | Назарбаев зияткерлік мектептері мен қарапайым мектептер арасындағы алшақтық туралы

2 маусымда өткен Сенат отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектептері (НЗМ) мен қарапайым мектептер арасындағы қаржылық алшақтық туралы сөз қозғады. Factcheck.kz сайты депутат келтірген деректерді тексеріп көрді.

Тайм-код: 49:33

Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектебі мен қарапайым мектеп арасындағы қаржыландыру айырмасы 6 есе …

Мұрат Бақтиярұлы, депутат

Үкім: Үкім жоқ

Депутат НЗМ мен қарапайым мектеп арасындағы қаржы көрсеткішін салыстырғанда нақты нені меңзегені белгісіз (жалпы сомасы ма, әлде бір мектепке бөлінген қаржы ма). Біз екі сұрақтың жауабын да іздестіріп көрдік, бірақ депутаттың мәлімдемесін үкімсіз қалдырдық.

“2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Қазақстан Республикасы Заңының жобасы туралы Қаулыда 2022 жылы НЗМ-ға 19 920 884 млрд теңге бөлінсе, “сапалы мектеп біліміне қолжетімділікті қамтамасыз ету” үшін 294 085 631 млрд теңге бөлінген.

Жалпы қаржы көлемі бойынша әрине, қарапайым мектепке көп бөлінген, алайда мектептер санына келсек нәтиже басқаша. Мысалы Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021-2022 оқу жылында 7550 мектеп бар болса, НЗМ-ның дерегі бойынша, 22 мектеп бар. Егер бөлінген қаржыны мектеп санына бөліп қарасақ, қарапайым мектепке орташа есеппен 38,9 млн бөлінген, НЗМ-ға 905,4 млн бөлінген. Екеуара алшақтық – 23,2 есе.

еліміздегі оқушылардың 44 пайызын құрайтын ауыл мектептерінде оқитын оқушыға Назарбаев зияткерлік мектебі оқушысының білім деңгейіне жетіп алу үшін 6 жыл уақыт керек.

Мұрат Бақтиярұлы, депутат

Үкім: Шындыққа жақын және Дәлелденбеген

Шындыққа жақыны мынада: ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021-2022 оқуы жылында 1 636 790 оқушы ауылда оқиды, бұл жалпы оқушылар санының 42,7%-ін құрайды.

Дәлелденбеген себебі: Депутаттың мәлімдемесін ресми дереккөздерден таппаған соң, осыған қатысты жүргізілген зерттеулерді іздестіріп көрдік. Алайда дәл НЗМ мен ауылда оқитын оқушылар арасында қандай да бір жасалған зерттеуді таппадық. Депутат бұл мәлімдемесін қандай негізге сүйеніп айтқаны белгісіз. Сондықтан да үкімді “дәлелденбеген” деп қалдырдық.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz