Төтенше жағдайлар министрлігі «Жомарт» кенішіндегі шахтадан жеті жұмысшының денесін алып шыққанын хабарлады.
Кеніштегі апатқа қатысты қылмыстық іс-қозғалып, сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Премьер-министр Олжас Бектенов оқиғаның себептерін анықтау және зардап шеккендерге көмек беру үшін арнайы комиссия құрды. Комиссияны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.
17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі «Жомарт» кенішінде тау жыныстары опырылып, жеті кенші жер астында қалып қойған.
«Власть» басылымына сүйенсек, «Қазақмыс» корпорациясы шахтаның опырылуының алдын ала себебі ретінде табиғи газдың жарылуын айтады, алайда бұл компания кеніштері үшін әдеттен тыс жағдай екенін атап өткен.
Контекст
2023 жылғы 28 қазанда «ArcelorMittal» компаниясына қарасты «Костенко» шахтасында апат болып, 46 кенші қаза тапты. 17 ақпанда бас прокурор Берік Асылов апатқа байланысты 10 адамға айып тағылып, іс сотқа жіберілгенін мәлімдеді.