Желтоқсанда 50 мыңнан астам сириялық босқын үйіне оралды

БҰҰ-ның босқындар жөніндегі басқармасы желтоқсанда Сирияға ресми шекаралардан 51 мыңға жуық адам өткенін айтты. Босқындардың 25 мыңға жуығы Түркиядан келген. Бұл туралы Vlast.kz БҰҰ жаңалықтар орталығына сілтеме жасап хабарлады.

8 желтоқсаннан бастап Иорданиядан Джабер-Насиб шекара өткелі арқылы 12,8 мың сириялық оралған. Ал Түркияда шекарадан күніне 19 мың адам өте алатындай мүмкіндік жасалды ,еліне оралуды қарастырып жатқан босқындарға танысу сапарлары бағдарламасы іске қосылды. БҰҰ сауалнамалары көрсеткендей, босқындардың көпшілігі саяси жағдайдың тұрақталғанын, қауіпсіздік пен негізгі қызметтерге қол жеткізу жағының нақтыланғанын күтіп отыр.

Босқындар үшін негізгі мәселелердің қатарында қолайлы тұрғын үйдің болмауы, миналар мен жарылмаған оқ-дәрілердің қаупі, құқықтық, психологиялық және медициналық көмектің жоқтығы бар. Мысалы, Идлиб пен Хам провинцияларына 400 мыңнан астам адам көшіп келсе де, қауіпсіздік жағдайы тұрақсыз болып қалады.

БҰҰ босқындар жөніндегі басқармасы Сирияның уақытша билігімен ынтымақтасып, ішкі мигранттар мен оралған азаматтардың қажеттілігін талқылайтынын хабарлады.

Сириядағы 14 жылға жуық қақтығыстың нәтижесінде елден 6 миллионнан астам адам көшіп кеткенін еске салайық. Ал 5,5 миллион адам ел ішінде мәжбүрлі қоныс аударып жүрді. Қазіргі уақытта 17 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж, ал ел халқының 90%-ы кедейлікке душар болды.

Журналист

Factcheck.kz