Британдық Virgin Media O2 компаниясы алаяқтардың уақытын зая кетіретін ИИ-бот жасап шығарды. Жасанды интеллектке негізделген 78 жастағы Дейзи «әже» аспаздық рецептер, тоқыма үлгілері мен түнгі аспан туралы шексіз әңгіме айта алады. Бірақ бұл телефон арқылы алдайтын алаяқтарға ұнамайды. Бұл туралы The Guardian хабарлады.
Боттың басты міндеті – егде адамдарды алдайтын алаяқтардың уақытын алу.
Мысалы бір қоңырау кезінде алаяқ «әженің» компьютеріне қол жеткізгісі келіп, оның вирусқа толы екенін айтады. Алайда телефонның ар жағындағы кейіпкер «көзілдірігін іздеп», «компьютерді қоспақ болып», «Internet Explorer белгішесін табуға» тырысып, уақыт созады.
Virgin Media O2 компаниясының маркетинг директоры Саймон Валькарсельдің айтуынша, жасанды интеллект жүйесі нақты алаяқтық қоңыраулардың негізінде дайындалған.
«Бұл чат-бот алаяқтар қолданатын тәсілдерді жақсы біледі және оларды ұзақ сөйлесуге мәжбүрлейтін ақпаратты бере алады», – дейді ол.
Бірнеше апта бойы Дейзи алаяқтардың ондаған минут уақытын ұрлаған. Бұл уақытты олар шын мәнінде сенгіш адамдарды алдауға жұмсар еді.
Валькарсельдің айтуынша, бұл жоба негізінен зерттеу және тәжірибе жинақтау үшін жасалған. Кейбір алаяқтар біраз уақыттан кейін әңгімелесіп отырған адамның ИИ-бот екенін түсінген. Дегенмен болашақта Дейзи әртүрлі екпіндер мен сөйлеу мәнерін қолданады.
Контекст
Жақында Малайзия басылымдарының бірі ел астанасы Куала-Лумпурда трансұлттық алаяқтық ұйыммен байланысы болуы мүмкін 16 адамның ұсталғанын хабарлады. Бір қызығы – алаяқтар сингапурлық азаматтарды алдау үшін Қазақстандағы алаяқтық схеманы қолданған. Олар банктен хабарласып тұрғандай кейіп танытып, клиент шотында күмәнді аударымдар жасалғанын айтқан.