Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) жүргізген жаңа зерттеу нәтижесінде, автоматтандырылатын мамандықтар тізімі бұрынғыдан да көбейе түскені анықталды. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллект (ЖИ) адам атқаратын көптеген қызметті өз мойнына ала алады. Бұл туралы SecurityLab басылымы хабарлады.
Зерттеуге сәйкес, белгілі бір мамандық иелері 50-100% деңгейінде жұмысынан айырылуы мүмкін. Бұл әсіресе қайталанатын, стандартталған немесе алгоритмдер арқылы оңай орындалатын жұмыстарға қатысты. Жаңа технологиялармен алмастырылуы мүмкін мамандықтар:
- Телемаркетологтар (90–100%).Чат-боттар суық қоңыраулар шалып, тұтынушының дауыс реакциясын талдап, әңгіме жүргізу әдісін өзгерте алады. Олар шаршамайды, демалыс қажет етпейді және тәулік бойы жұмыс істей алады. Сондықтан телемаркетологтардың орнын толықтай ЖИ басуы мүмкін.
- Кеңсе қызметкерлері, бухгалтер көмекшілері (50–80%). Құжаттармен жұмыс істеу, мәліметтер базасын өңдеу және қаржылық есеп беру – бұлардың барлығын қазірдің өзінде арнайы бағдарламалар автоматтандырып жатыр.
- Колл-орталық операторлары (80–100%). Жасанды интеллектің дамуының арқасында дауыстық боттар клиенттермен сөйлесіп, эмоцияларды тануға және диалогты тиімді жүргізуге қабілетті. Сондықтан көптеген компания колл-орталықтарын толықтай автоматтандырылған жүйеге көшіріп жатыр.
- Копирайтерлер мен техникалық жазушылар (50–75%). Қазірдің өзінде ЖИ тауар сипаттамаларын, жаңалықтарды және ғылыми мақалаларды жаза алады. Әсіресе, стандарт контентті (мысалы, интернет-дүкендерге арналған сипаттамалар) тез әрі арзан дайындайды. Копирайтерлер үшін креатив бағыттарға ауысу қажеттілігі артып келеді.
- Бухгалтерлер мен аудиторлар (50–70%). ЖИ қаржылық есептерді жасақтап, қателерді тауып, балансты жүргізе алады. Дегенмен маңызды шешімдер қабылдау және күрделі қаржылық талдаулар жасау үшін адам еңбегі қажет.
- Банк қызметкерлері мен кассирлер (60–80%).Онлайн-банкинг, мобильді қосымшалар және финтех-сервистердің дамуы классикалық банк бөлімшелеріне деген сұранысты азайтты. Көптеген қаржылық операцияларды енді смартфон арқылы немесе көпфункционал банкоматтарда жасауға болады.
- Пошта қызметкерлері (60–90%). Электрондық хаттар мен мессенджерлердің кеңінен таралуы қағаз хаттар мен дәстүрлі пошта қызметіне сұранысты төмендетті. Оның орнына дрондар мен логистикалық роботтар қолданыла бастады.
- Фармацевтер (50–70%) Жасанды интеллект науқастың медициналық мәліметтерін талдап, дұрыс дәрі-дәрмекті ұсыну мүмкіндігіне ие. Дәріхана бизнесінде де қойма есебін жүргізу, тауар сату және клиенттерге кеңес беру сияқты процестер автоматтандырылып жатыр.
Контекст
OpenAI компаниясының бұрынғы бас техникалық директоры Мира Мурати 2024 жылдың ортасында жасанды интеллект адамның шығармашылық қабілетін кеңейтуге көмектесетінін, бірақ кейбір жұмыс орындары мүлдем жойылып кетуі мүмкін екенін айтқан.